ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ – ЦИФРЛЫ ДӘУІРДІҢ КӨШБАСШЫСЫ
Жуырда №272 орта мектепте бастауыш сынып әдістемелік бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңашыл ұстаз – цифрлы дәуірдің жетекшісі» атты аймақтық семинар өтті. Білім саласындағы заманауи үрдістерді талқылауға арналған бұл іс-шараның басты мақсаты – мұғалімдердің жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын жетілдіру және сабақ барысында цифрлы құралдарды қолдану арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру болды.
Бүгінгі цифрлық қоғамда білім беру жүйесіне қойылатын талап та өзгеріп келеді. Осы тұрғыда педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту – сапалы білім берудің маңызды кепілі. Семинар барысында қатысушылар цифрлы технологияларды сабақ үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Іс-шараның ашылу салтанатында мектеп директоры Гүлзира Жадиева қатысушыларды семинардың басталуымен құттықтап, білім беру саласындағы жаңашылдықтардың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ол шағын тренинг өткізіп, мұғалімдерге шығармашылық серпін берді. Өз сөзінде ол бүгінгі таңда ұстаздардың кәсіби дамуы мен жаңа технологияларды меңгеруі аса маңызды екенін атап өтіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Мазмұнды шараға аймақта жалпы орта білім беретін мектептердің оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі директор орынбасарлары мен бастауыш сынып мұғалімдері қатысты. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, білім беру үдерісіндегі жаңа тәсілдерді талқылауға мүмкіндік алды.
Семинар барысында бірқатар ұстаз ашық сабақ, зияткерлік ойындар мен дебат алаңдарын ұйымдастырып, педагогикалық-әдістемелік шеберліктерін көрсетті. Атап айтқанда, бастауыш сынып мұғалімдері Б.Нұржанова, Ж.Тұрмағамбетқызы, Б.Жакупова, Б.Ертілеуова, Г.Шарипова, А.Жалмаханова, И.Шегебаева және Э.Сағымбаева өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар сабақ барысында заманауи цифрлық платформаларды қолдану әдістерін көрсетіп, жасанды интеллект элементтерін оқу үдерісіне енгізудің тиімді тәсілдерін таныстырды.
Семинар аясында ұстаздарға арналған арттерапиялық тренинг те ұйымдастырылды. Бастауыш сынып мұғалімдері үшін арт-терапия – баланың жан дүниесіне жол табудың нәзік әрі тиімді тәсілдерінің бірі. Тренинг барысында қатысушылар шығармашылық тапсырмалар орындап, сурет салу және түрлі бейнелеу әдістері арқылы өз көңіл-күйін білдірді. Мұндай жұмыс ұстаздардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтауға, кәсіби күйзелістің алдын алуға және ұжымда жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға бағытталды. Шығармашылық үдеріс барысында мұғалімдер бірбіріне қолдау көрсетудің маңыздылығын атап өтті.
Семинарға Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай елді мекеніндегі жалпы білім беретін мектептердің басшылық өкілдері мен бастауыш сынып мұғалімдері қатысып, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастырды. Бұл өз кезегінде аймақтағы білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Жиын соңында «Бастауыш – болашақтың іргетасы» тақырыбында пікір алмасу ұйымдастырылды. Мұғалімдер өз ойларын ортаға салып, семинардың маңыздылығын атады. Қатысушылар мұндай ісшаралар ұстаздардың кәсіби дамуына, білім сапасын арттыруға және тәжірибе бөлісуге зор ықпал ететінін жеткізді.
Сонымен қатар, №273 және №274 орта мектептің ұстаздары К.Жақыпбаева мен Ж.Ойнарова семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, жылы лебіздерін білдірді. Ал №279 мектептің бастауыш сынып мұғалімі А.Қалдыбекова және №277 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, педагогзерттеуші Нұргүл Тажбенова бұл іс-шара аймақ мұғалімдерінің кәсіби ынтымақтастығын нығайтып, білім беру саласындағы жаңашыл бастамаларды дамытуға ықпал ететінін айтты.
Қорытындылай келе, «Жаңашыл ұстаз – цифрлы дәуірдің жетекшісі» атты аймақтық семинар ұстаздардың тәжірибе алмасуына, заманауи технологияларды меңгеруіне және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаң болды. Мұндай мазмұнды кездесулер педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім беру жүйесінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.
А.ЖАКУПОВА,
директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары

















