» » ЕҢБЕКПЕН ЕРГЕН БЕРЕКЕ

ЕҢБЕКПЕН ЕРГЕН БЕРЕКЕ

Жаңажол ауылындағы бақша – елдің тұрмыс-тіршілігіне өзіндік үлесін қосып отырған еңбек орындарының бірі. Көктем шыға жерге дән себіліп, жаз бойы бапталып, күзге қарай мол өнім жиналады. Бұл жұмыстың әр кезеңінде маңдай терін төгіп жүрген еңбек адамдарының қатарында Ауған соғысының ардагері Әділ Алтынбаев та бар.
1965 жылы Жаңажол ауылында дүниеге келген Әділ Арыстанбекұлы бала кезінен ауыл шаруашылығының қыр-сырын көріп өсті. Әкесі бақша егіп, жердің өнімін алып отырған. Әкесінің еңбегіне қарап, жермен жұмыс істеудің оңай еместігін ерте түсінді. Кейін бұл көргені оның өмір жолымен сабақтасты. 1983 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанды. Ауған жеріндегі әскери қызметін аяқтап, 1986 жылы елге оралды. Содан бері туған ауылынан алыстамай, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келеді.
Бүгінде ол ауылдың бақша жұмысына белсене араласып, жердің бабын тауып, өнім өсіру ісінің жауапкершілігін жақсы біледі. 2020 жылдан бастап бақша жұмысына тұрақты түрде қатысып келе жатқан ардагер үшін бұл кәсіп – бұрыннан таныс еңбек. Бақша аумағында 4 гектар алма бағы бар. Сонымен қатар 2 гектар жерге көкөніс, 5 гектарға картоп егіледі. Қауын-қарбыз да өсіріледі. Қияр, қызанақ, асқабақ, қырыққабат, қызылша сияқты көкөністердің бірнеше түрі бапталады. Өнімнің негізгі тұтынушысы – ауыл тұрғындары. Жиналған көкөніс пен жеміс-жидек халыққа ұсынылып, дүкендерге жеткізіледі. Арнайы қоймаға жиналған өнім қажеттілігіне қарай сатылымға шығарылады. Осы арқылы ауыл тұрғындарының жергілікті өнімге деген сұранысы өтелуде. Бақшада өндірілген өнімді сақтауға мүмкіндік беретін 1000 тонналық қойма бар. Бұл – маусым кезінде жиналған өнімді бірден өткізіп жібермей, белгілі бір уақытқа дейін сақтауға мүмкіндік беретін маңызды нысан. Сонымен қатар ауылда жылыжай да жұмыс істейді. Жылыжай көкөніс өсірудің мүмкіндігін кеңейтіп, шаруашылық жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды. Қазір бақшада 12 адам еңбек етеді. Олардың арасында төрт әйел, алты ер адам және техниканы жүргізетін тракторист, механизатор, көліктерге күтім жасайтын мамандар бар. Әр жұмысшының өз міндеті белгіленген. Бірі егістіктің күтіміне жауап берсе, енді бірі суару жұмысына, техникаға немесе өнімді жинауға қатысады.
Бақшадағы еңбек сырт көзге ғана жеңіл көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, мұнда жылдың әр мезгілі өзіндік жұмысты талап етеді. Көктемде жер дайындау мен егіс науқаны басталса, жазда суару, арамшөптен тазарту, өсімдікті күтіп-баптау жұмыстары күшейсе, күзде піскен өнімді жинау, сұрыптау және сақтау жұмыстары жүргізіледі.
– Бақшада иығыңнан кетпен түспейді. Әр көкөніс пен дақылдың өз уақыты, өз күтімі бар. Суару керек, қарау керек. Зиянкестер де болады. Одан қалса, өнімді жинап, сақтап, халыққа жеткізу керек. Сөздің шыны керек, бақша жұмысы оңай емес, – дейді Әділ аға.
Өсімдіктерді зиянкестерден қорғау да ерекше күтімді қажет етеді. Ол үшін бақша дақылдарына арналған арнайы дәрумен пайдаланылып, егістіктің жағдайы үнемі бақылауда ұсталады. Өйткені мол өнім алу үшін тек тұқым сеуіп қою жеткіліксіз. Жерге уақытында су беріп, өсімдікті күтіп, әр дақылдың ерекшелігіне қарай жұмыс жүргізу қажет. Таңнан кешке дейінгі тынымсыз еңбекке қарамастан, бақшадағы жұмыс оның жанына жақын. Өйткені жерден шыққан өнімнің халық игілігіне жарағанын көрудің өзі үлкен қуаныш. Әсіресе ауыл балалары үшін бақшадан жиналған қауын-қарбыздың орны бөлек. Өз қолдарымен өсірілген өнімді балаларға апарып бергенде, олардың қуанышын көру еңбек адамдарына ерекше көңіл күй сыйлайды. Бұл – жерден алынған өнімнің ең үлкен сыйы.
Әділ Алтынбаев қазіргі жастардың ауыл шаруашылығына қызығушылығы төмендеп бара жатқанын айтып, бұл жағдайға түсіністікпен қарайды. Оның сөзінше, бүгінгі жастардың таза жерде, қолайлы жағдайда жұмыс істеп, қалада тұрақтағысы келетінін айтты. Сондықтан олардың ауылдан қалаға ұмтылуын да біржақты кінәлауға болмайды. Дегенмен, ауыл шаруашылығының өзіне қажетті мамандар мен еңбек адамдарының тапшылығы сезіліп отырғанын да жасырмайды.
– Жастарды түсінуге болады. Бақша жұмысы оңай емес. Ыстықта, шаңда таңнан кешке дейін жүру керек. Ал қалада таза жерде, басқа жұмыспен айналысқысы келеді, қалаға кетуге асығады. Оны да түсінуге болар. Әр жұмыстың өзіндік қиындығы бар ғой. Бақшаға келіп, осы жұмыстың қыр-сырын үйренсе, кейін өзіне де пайдасы тиеді. Еңбекке үйрену керек. Ерінбей еңбек етсең ғана нанның қадірін түсінесің. Еңбек етпесең, нан қайдан келеді? – дейді еңбек ардагері.
Бұл сөзі – өмірден түйген тәжірибенің көрінісі. Әскерден елге оралғаннан кейін туған жерінде еңбек етіп, шаруашылықтан қол үзбей келе жатқан азамат үшін еңбек – күнделікті тіршіліктің ғана емес, өмірдің мәні.
Оның айтуынша, жастардың ауылда қалмауының бір себебі – бақша еңбегінің ауырлығы болса, енді бір жағынан ауыл шаруашылығын кәсіби түрде жалғастыратын мамандардың аздығы. Сондықтан кейінгі буынға бұл саланың қыр-сырын үйретіп, ауылдағы еңбекке деген қызығушылығын арттыру маңызды.
Жаңажолдағы бақша бүгінде ауылдың азық-түлік қорын толықтыруға өзіндік үлесін қосатын тірлік. Алма бағы, көкөніс алқабы, картоп егістігі, қауын-қарбыз, жылыжай мен 1000 тонналық қойма – мұның барлығы Орынбасар Төлепов ағамыз басқаратын шаруашылықтағы еңбектің жүйелі түрде жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Бұл жерде әрбір өнімнің артында адам еңбегі бар. Таң атпай жұмысқа келіп, кешке дейін егістікті бақылап, суарып, күтіп-баптап жүрген еңбек адамдарының арқасында жердің берекесі елге жетеді.
Әділ ағамыз үшін туған жердің тыныштығында еңбек ету – үлкен бақыт. Кезінде Отан алдындағы борышын өтеген азамат бүгінде ауылдың берекесін арттыруға еңбегімен үлес қосқан ел ағасы. Жерге дән сеуіп, одан өнім алу – табиғатпен тілдескен еңбек. Ал сол еңбектің жемісін ауыл жұртының дастарқанынан көру – еңбектің шынайы бағасы. Жаңажол серіктесігіндегі жайқалған бақша да осы қарапайым ақиқатты көрсетіп тұр, еңбек еткен адамның жұмысы берекеге айналады.
Бауыржан ЖҮНІС
24 тамыз 2026 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№63 (10531)

22 тамыз 2026 ж.

№62 (10530)

17 тамыз 2026 ж.

№61 (10529)

15 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 718
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 165

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31