» » БАҚША БАПТАП, БЕРЕКЕ ТАПҚАН

БАҚША БАПТАП, БЕРЕКЕ ТАПҚАН

Халқымыз қашаннан жерді асыраушысы санап, қастер тұтатыны белгілі. «Баптай білсең, жер жомарт» дейді. Істің көзін тауып, жерге иек артып еңбек еткен жанға үкіметке алақан жаймай-ақ бақуатты өмір сүруге болады екен. Жалпы, бізде мал өсіріп, егін егумен қатар, бау-бақша өсірудің де мүмкіндігі мол. Біреулер бұл кәсіпті ұсақ-түйек санауы мүмкін. Алайда, іс барысына бойласаңыз мүлдем олай емес екенін көресіз. Осы орайда, кентімізде бақша өсіру кәсібін дөңгелентіп, өзін-өзі қамтамасыз етумен қатар нарыққа шығарып сатуды да жолға қойған жергілікті өнім өндірушілердің іс-әрекетін көпшілікке үлгі ретінде ұсынуды жөн көрдік.
Оның бірі – кентіміздің тумасы Нұрлан Ибрагимов. Ата-анасының ізін жалғап, 2008 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысып келеді.
– Бала кезімізден еңбекпен есейдік. Ата-анам осы салада жүрген соң, біз қолымыздан келгенше жәрдем беретінбіз. Қазір де ата-анам, бауырларым, жанұяммен бірге егін егеміз. Отбасылық кәсіп десем де болады. Ерте көктемнен жерді дайындап, жыл сайын картоп, қауын, қарбыз, асқабақ егеміз. Өнімді жинағанда ең бірінші жерлестерімізге қолжетімді бағада ұсынамыз. Өнім мол болған жылдары солтүстік облыстарға тасымалдаймыз, – дейді Нұрлан Кеңесұлы.
Алғашында аз көлемде егіп бастаған кәсіпкер қазір егін көлемін 4-5 гектарға көбейткенін айтады. Қара қауыннан бөлек, «әміре», «сары ала», «жұлдыз», «торпеда» атты түрлері де егін басынан табылады. Жемістің барлығы жегенге жақсы ғой. Алайда тәтті өнім алу үшін маңдай тер де төгілуі шарт. Бақша егіп, оны баптау екінің бірінің қолынан келетін іс емес екені белгілі. Осы ретте бір мақсатқа біріккен отбасы бұл істің үдесінен шығып келеді.
– Кәсіпкер болудың артықшылығы ешкімге тәуелді болмауда. Басты мақсатым – адал еңбекпен бұйырған несібемді табу. Өнімдерді егу, арам шөбін жұлу, уақытылы суару жауапкершілігі мол жұмыс. Бұл істе жалқаулық танытуға болмайды. Табанды еңбекпен ғана тамаша нәтиже, мол өнімге қол жеткізуге болады. Еңбекпен өсіп-өнген жанұям да қолдау білдіруге әрқашан дайын. Алдағы уақытта да халыққа таза өнім ұсынуды мақсат етіп отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Кәсібін нәсібіне айналдыра білген Нұрлан бақша егіп, байып кетпесе де қазіргі бақуатты тұрмысына шүкіршілік етеді. Мұның бәрі ерінбей еңбек ете білудің арқасы екенін ол жақсы біледі.
Баптап бақша егіп, одан мол өнім алу қандай ғанибет?! Оның үстіне биыл бақшадағы дәнді дақылдар да бітік шыққан екен. Күздің сәні – қауын-қарбыз бен көкөніс қой.
Табиғи өнімге жететін не бар дейсіз?! Өз өмірін адал еңбекпен өрнектеген ата-анадан тәлім алған кәсіпкердің тірлігі көпке үлгі боларлық. Әр мекенде осындай еңбек адамдарының қатары арта берсін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
29 қыркүйек 2024 ж. 194 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930