Облыс әкімі егін алқабына барды
Өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға іссапармен келген болатын. Тұрғындармен кездесіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарынан хабардар еткен ол іссапарында егіс алқабына барып, диқандармен кездесті.
Егін егу маусымы басталар алдында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындауды, бақша дақылдарын егуді тапсырған еді. Нәтижесінде, аймақта 1454 гектар жер көлемі дайындалыпты.
Аймақ басшысы іссапар барысында Жаңажол ауылдық округіндегі егістік алқабына барып, күріш және бау-бақша дақылдарын баптау жұмыстарымен танысты. Жалпы ауданда 13 мыңға жуық гектарға негізгі дақыл егілсе, аудандағы ірі шаруа қожалықтарының бірі – «Жаңажол» ЖШС биыл 3 мың гектар жерге күріш еккен.
Аймақ басшысы іссапар барысында бақша дақылдарын егумен айналысатын шаруалармен кездесіп, егін мәселесі жайында пікірлесті. Ауылда 123 отбасы бақшалық егу жұмыстарымен айналысады. Егіс көлемі – 25 гектар. Оның ішінде картоп – 7 гектар, көкөніс – 3 гектар болса, 15 гектар жерге бақша орналастырылған.
Облыс әкімі қазіргі кезде егісті әртараптандырудың маңызды екенін және әр ауылдың өзіндік ерекшелігін ескере келе, өнімділікті көбейту қажетін баса айтты. Сонымен қатар арналарға су жеткізу, насос қондырғыларын уақытылы алу мәселесін жеделдетуді тапсырды.
Айта кеткен жөн, ауданда егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында 316 гектар жер бөлініп, 837 отбасыға үлестірілген.
Айнұр ӘЛИ