Құрылтай
» » ТӘРБИЕ ЖҮРЕКТЕН БАСТАЛАДЫ

ТӘРБИЕ ЖҮРЕКТЕН БАСТАЛАДЫ

Бала тәрбиесі – қоғамның болашағын қалыптастыратын ең жауапты міндеттің бірі. Ұлттың ертеңі қандай болатыны бүгінгі бүлдіршіндердің қандай тәрбие алып, қандай ортада өсіп жатқанымен байланысты. Сондықтан баланың алғашқы қадамынан бастап оның бойына білім мен ізгіліктің дәнін себетін тәрбиешінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Осындай жауапты мамандықты өмірлік жолына айналдырып, саналы ғұмырының үш онжылдығын бүлдіршіндерді тәрбиелеуге арнаған жанның бірі, «Шуақ» әжелер ансамблінің мүшесі – Ақалтын Қарашаева.
Ақалтын Ерәліқызы 1970 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1977 жылы №105 мектептің табалдырығын аттап, 1987 жылы мектепті тәмамдайды. Балаларды тәрбиелеуге деген қызығушылығы оны 1988 жылы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге жетелейді. Оқу орнын 1991 жылы аяқтаған жас маман еңбек жолын бастауға дайын болады.
1992 жылы Төребай би ауылына тұрмысқа шығып, жолдасы Бақытбек Сисеновпен бірге шаңырақ көтереді. Бүгінде олар төрт бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Қыздары Гүлжайна мен Жаннұр тұрмыста, ұлы Ринат еңбек етеді, ал кенже қызы Раяна мектепте білім алып жүр.
Еңбек жолын 1992 жылы «Айгөлек» балабақшасында бастаған тәрбиеші сол жылы-ақ «Ақкөгершін» балабақшасына ауысып, содан бері осы ұжымда табан аудармай қызмет атқаруда.
– Балабақшада жұмыс істегенді жақсы көремін. Балалармен жұмыс жасау – мен үшін үлкен бақыт. Әр бүлдіршіннің қуанышы мен жетістігі өз балаңның жетістігіндей әсер етеді, – дейді тәжірибелі тәрбиеші.
Дегенмен, бүгінгі тәрбиешінің жұмысы бұрынғыдан күрделене түскенін де жасырмайды. Қазіргі таңда балабақшаға екі жастан бастап қабылданатын балалардың есі толық қалыптаса қоймайды. Сондықтан олардың тілін табу, жаңа ортаға бейімдеу, алғашқы тәртіп пен қарымқатынас дағдыларын қалыптастыру тәрбиешіден үлкен төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап етеді.
Бүгінде «Ақкөгершін» балабақшасында 37 бүлдіршін тәрбиеленуде. Олардың әрқайсысының мінезі, қызығушылығы мен қабылдау қабілеті әртүрлі болғандықтан, сабақ барысында ойын технологиясына ерекше мән беріледі.
Сонымен қатар бос уақыттарында балаларға қазақ тіліндегі мультфильмдер көрсетіледі. Бұл олардың сөздік қорын байытып қана қоймай, мемлекеттік тілде еркін сөйлеуіне, ұлттық құндылықтарды тануына ықпал етеді. Ән айту, тақпақ жаттау, ертегі тыңдау және рөлдік ойындар арқылы бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеті де шыңдалады.
Тәрбиеші мамандығы тек оқу бағдарламасын орындаумен шектелмейді. Ол – баланың бойындағы алғашқы адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын, өзіне деген сенімділікті оятатын мамандық. Балабақшадағы әрбір күн – бүлдіршіннің тұлға болып қалыптасуына әсер ететін маңызды кезең.
Ақалтын Ерәліқызының айтуынша, тәрбиеші болу үшін дипломның болуы жеткіліксіз.
— Баланың тілі шығып үлгермеген, ойын толық жеткізе алмайтын кезімен жұмыс жасау оңай емес. Бірақ тәрбиеші үшін ең бастысы – әр баланы түсіну және оған мейіріммен қарау.
Баланы ойын арқылы тәрбиелеу әлдеқайда тиімді. Біз түстерді ажыратуға арналған ойындар, сандарды үйрететін тапсырмалар, геометриялық пішіндерді сәйкестендіру, құрастыру ойындары, саусақ жаттығулары, қимыл-қозғалыс ойындары және логикалық тапсырмалар ұйымдастырамыз. Осындай жұмыстар арқылы балалардың ойлау қабілеті, есте сақтау қабілеті, тіл байлығы мен ұсақ моторикасы дамиды.
Ең алдымен балажанды болу керек. Баланы шын көңілмен жақсы көріп, оны түсіне білу қажет. Сонда ғана бұл мамандықтың жауапкершілігін көтере аласың, – дейді ол.
Тәжірибелі маманның айтуынша, қазіргі таңда тәрбиеші немесе бастауыш сынып мұғалімі мамандығын шын жүрек қалауымен таңдайтын жастармен қатар, бұл салаға түрлі себеппен келгендер де кездеседі. Кейбірі мамандықтың қыр-сырын уақыт өте келе меңгерсе, енді бірі балалармен жұмыс істеудің үлкен жауапкершілігін толық сезіне бермейді. Ал тәрбиеші үшін кәсіби біліммен қатар, балаға деген сүйіспеншілік пен мейірім аса маңызды. Өйткені бүлдіршіннің алғашқы мінез-құлқы, дүниетанымы мен адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына тәрбиешінің ықпалы зор. Сондықтан бұл мамандыққа жүрек қалауымен келген жан ғана өз ісін шынайы сүйіп, әр балаға жанашырлықпен қарай алады.
Отыз жылдан астам еңбек тәжірибесінде ол балалардың да заманмен бірге өзгергенін анық байқаған.
– Бала бәрін сезеді. Егер тәрбиеші өз мамандығын сүйіп істесе, оны балаларға деген қарым-қатынасынан бірден байқауға болады. Сондықтан бұл салаға ең алдымен балаларды жақсы көретін, өз ісіне адал жандар келуі керек. Сонда ғана тәрбие де, білім де нәтижелі болады. Қазіргі балалар өте зерек. Интернеттің дамуы олардың дүниетанымын кеңейтті. Олар қазақ тілінен бөлек, басқа тілдердегі контентті де көріп, жаңа ақпаратты тез қабылдайды. Кейбір балалардың есте сақтау қабілеті мен ойлау жүйесі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары. Балаға кішкентай деп бейжай қарауға болмайды. Ол – өз ойы, сезімі, арманы бар жеке тұлға. Баланы тыңдау, түсіну, қолдау және оның пікірін құрметтеу – дұрыс тәрбиенің негізі. Баланы өзгемен салыстырмай, оның қабілетін дамытуға жағдай жасау керек. Сонда ғана ол өзіне сенімді, білімді әрі тәрбиелі азамат болып өседі, – дейді бала бағбаны.
Дегенмен, ақпараттық технологияның қарқынды дамуы бала тәрбиесіне жаңа талаптар қойып отыр. Мамандардың пікірінше, телефон мен планшеттің алдында ұзақ отыру баланың сөйлеу мәдениетіне, зейініне және адамдармен тікелей қарым-қатынас жасау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан баланың цифрлық әлем мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау – ата-ана мен тәрбиешінің ортақ міндеті.
Тәрбиешінің айтуынша, бала тәрбиесі тек балабақшаның ғана емес, ең алдымен отбасының жауапкершілігі. Егер үйдегі тәрбие мен балабақшадағы талап бір-бірімен үйлессе, баланың дамуы әлдеқайда нәтижелі болады. Сондықтан ата-ана мен тәрбиеші үнемі байланыста болып, бір бағытта жұмыс істеуі қажет.
Балабақша – баланың алғашқы білім ордасы болса, тәрбиеші – оның өміріндегі алғашқы ұстаздардың бірі. Сондықтан бұл мамандық тек білімді ғана емес, үлкен жүректі, мейірімділік пен сабырды талап етеді. Ақалтын Ерәліқызы сияқты өз ісіне адал тәрбиешілердің еңбегі арқылы талай бүлдіршіннің бойына адамгершілік, ізгілік пен білімге құштарлықтың алғашқы дәні себіліп келеді. Өйткені ұлттың ертеңі – бүгінгі баланың тәрбиесінен басталады.
Бауыржан ЖҮНІС

12 тамыз 2026 ж. 102 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (10528)

11 тамыз 2026 ж.

№59 (10527)

08 тамыз 2026 ж.

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 636
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 093

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31