ҚАРАПАЙЫМ ҚЫЗМЕТ, ҚАДІРЛІ ЕҢБЕК
Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл – қоғамда қарапайым еңбек иелеріне деген құрметті арттырып, олардың еңбегін бағалау, жас ұрпақты адал еңбекке баулу мақсатында қолға алынған аса маңызды қадам. Себебі ел экономикасының дамуына, халықтың күнделікті тыныстіршілігінің бір қалыпты жүруіне зор үлес қосатын осы қарапайым еңбек адамдары.
Осындай еңбегі қарапайым көрінгенімен шын мәнінде құрметке лайық жандардың бірі – Рахима Кенжалиева.
Ол 1962 жылы Сыр өңірінің Жалағаш ауданында дүниеге келген. Еңбекқорлықты жастайынан серік еткен ол 1980 жылы мектепті аяқтап, Қызылордадағы кәсіптік оқу орнында аспаз мамандығын игереді. Білімін тәмамдағаннан кейін алғашқы еңбек жолын теміржол мейрамханасында аспазшы болып бастайды. Бұл салада қызмет көрсету жауапты әрі тынымсыз жұмысы еді. Тазалық, дәм, уақытылы қызмет барлығы да тиянақтылық пен жауапкершілікті талап етеді. Рахима Тәңірбергенқызы бұл қызметті де адал атқарып, көпшіліктің алғысына бөленеді.
1984 жылы қармақшылық азаматқа тұрмысқа шығып, жаңа әулеттің берекесін келтіріп, аяулы жар рөлін арқалайды. Бүгінде жолдасы зейнетте. Екеуі бірге үш бала тәрбиелеп өсірді. Қазір сол балалары өз алдына отау құрып, немере қызығын көрсетіп отыр.
1987 жыл кейіпкеріміздің өміріндегі үлкен бетбұрыс кезеңдерінің бірі болды. Осы жылы аудандық аурухана жаңадан ашылып, гинекология әйелдерді емдеу бөлімінде кіші аяжан ретінде жұмысқа қабылданады. Міне, содан бері 40 жылға жуық уақыт бойы бір ғана орында табан аудармай қызмет етіп келеді.
Әйел денсаулығына қатысты аса жауапты ортада тазалықты сақтау жұмысы оңай емес, әрине. Бұл жұмыс тек кәсіби шеберлікті емес, үлкен жүректі де талап етеді. Рахима апай жылдар бойы осы салада абыройлы еңбек етіп, ұжымының сеніміне ие болған жан. Әріптестері оны кішіпейіл мінезі, еңбекқорлығы мен жауапкершілігі үшін ерекше құрметтейді. Жас мамандарға әрдайым ақыл-кеңесін айтып, өз ісінің қыр-сырын үйретіп отырады. Оның өмір жолы – нағыз еңбек адамының шынайы бейнесі.
Рахима Тәңірбергенқызы – көптің бірі емес, көпке үлгі болар жан. Еңбектің нағыз бағасын біліп, өмір бойы бір салада табандылықпен қызмет ету – екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ. Ол өзінің қарапайым да қажырлы еңбегімен адам жанына шипа беретін ақ халатты абзал жандардың сенімді серігіне айналды.
Қоғамда құрметті болу үшін биік лауазым мен атақ емес, адал еңбек пен адамгершілік қажет. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болған жанның өмір жолы осының айқын дәлелі. Оның ұзақ жыл бойғы адалдығы мен тынымсыз еңбегі нағыз еңбек адамына тән төзімділік пен табандылықтың үлгісі дер едік.
Ақнұр САҒЫНТАЙ