» » ТАЗАЛЫҚ ҮШІН ТЕР ТӨГЕТІН ЖАН

ТАЗАЛЫҚ ҮШІН ТЕР ТӨГЕТІН ЖАН

Адамды адам еткен – еңбек. Иә, еңбек қана адамды алға жетелейді. Өзінің саналы ғұмырын қарапайым еңбекпен көркейткен Жанар Оразбаева – өмірін адал еңбекке арнаған өз ісінің шебері атанып, маңдай терімен мәртебе тапқан жан.
Бүгінгі кейіпкеріміз Дүр Оңғар ауылының тумасы. 1976-1986 жылдары осы ауылдағы мектеп қабырғасында білім алған. Еңбек жолын ерте бастап, 1986-1987 жылдары Ақбұлақ ауылында сауыншы болып тер төкті. Жастайынан ісмерлікке икемді болған Жанар апайымыз 1987-1990 жылдары тігіншілік мамандығын меңгеріп, кейін «Дом быта» мекемесінде тігінші болып еңбек етеді. Ал 1990 жылдан бастап аудандық орталық аурухананың кір жуу бөлімінде кіші қызметкер болып жұмыс істей жүріп, абырой-беделінің, жауапкершілігінің арқасында сол бөлімнің шаруашылық меңгерушісі қызметіне дейін көтеріледі. Бүгінде аталған салада табан ауыстырмай 35 жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп келеді. Қарапайым ғана атауы бар бұл мамандықтың ар жағында үлкен жауапкершілік пен адал еңбек жатыр.
Аурухана – адамның түрлі көңіл күйде келетін жері. Біреу жақынына алаңдап жүгіріп келеді, біреудің қабағынан қайғы байқалады, енді бірі үмітпен кіреді. Сол сәтте олардың таза төсекте жатуы маңызды.
– Тазалық – емнің жартысы. Жарқырап тазаланған бөлмені көрсеңіз, ішіңіз біртүрлі жай тауып, тыныштық орнағандай болады. Таза төсек пен киім де дәл солай. Біздің жұмыста аурухананың әр бөлімінен келген кірлерді санап қол қойып қабылдап аламыз. Тазалап болған соң кері бөлімдерге өткіземіз. Аурухана – тазалық пен тәртіп бірінші орында тұратын мекеме. Ал ондағы кір жуу бөлімі – аурухананың көзге көрінбейтін тірегі. Себебі мұнда дәрігерлердің ақ халаты мен төсек жаймалары мұқият тазаланады.
Иә, адал еңбек әрқашан қадірлі. Тазалық пен медицина – егіз ұғым. Дәрігердің емін толықтырып, аурудың алдын алатын негізгі шарт – санитарлық тәртіп. Таза орта науқасқа жайлылық, дәрігерге сенімділік береді. Ал тазалық сақталған жерде емнің нәтижесі де жоғары болады. Себебі таза орта – науқастың тез сауығып кетуіне әсер ететін маңызды фактор, – дейді ол.
Жанар Серікқызы – бүгінде ұжымда құрметке ие, тәжірибесімен бөлісетін аға буын өкілі. Ол күн сайын үздіксіз еңбек етіп, қоғамға үлгі көрсетіп келеді. Осындай еңбек адамдары – ел тірегі. Аты дардай болмағанымен, атқарған ісі зор.
Кейіпкеріміз қызметіне адал, еңбекқор жан. Ол – өмірдің ыстығы мен суығына шыдап, әр күнін маңдай термен мағыналы еткен ардақты ана, өнегелі әйел, тындырымды маман.
Отбасында жұбайы Жеңісбек Ұзақбаевпен бірге 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Қыздары – мәдениет саласының майталман мамандары. Бірі кітапхана саласында еңбек етсе, екіншісі музей қызметінде елге танылып, абыройлы еңбек етуде. Ұлдары да адал еңбегімен, қарапайым тірлігімен ата-анасының үмітін ақтап, ел игілігіне еңбек етіп жүр.
Адам – өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Ал Жанар Оразбаева – өмірін еңбекпен өрнектеген, қарапайым қызметтің биігінен көрінген тұлға. Оның өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі, адал еңбектің, төзім мен табандылықтың шынайы көрінісі.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
01 шілде 2025 ж. 246 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (10417)

04 шілде 2025 ж.

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 992
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031