ХАЛҚЫНА ҚАЛАУЛЫ, ЕЛІНЕ ЕЛЕУЛІ
Айналасына жақсылық жасауға, қолынан келгенше дос-жаран, туған-туысқа көмектесуге тырысып жүретін інілерің жайлы сөз қозғау оңайға түспейтіні анық. Асекеңді алғаш көрген сәтім «Сельхозэнергияда» жүрген кезі. Сол кездің өзінде оның жұмысқа берілгендігі, егде кісілермен қарым-қатынасы маған ұнайтын. Жүзі қандай жылы болса, сөзі де жылы, адамның іші-бауырына кіріп кететін. Ұшқан құстай уақыт екенін енді сезгендейміз. Тұғыры биік, турашыл, ақ пейілді, адамгершілігі мол іні.
Әрбір ата-ана, ағайын-туыс бала атын қоярда үлкен үмітпен Құран ашып, азан шақырады. Асқар деген есімнің де мағынасы терең, астары кең.
Коммуналдық шаруашылық мекемесінде жүрген уақытында танысқан, осы қызметтен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына ауысқан кезімнен бастап Асекеңмен коян-қолтық араласып бастадым. Берген тапсырманы тиянақты орындайтынын, жауапкершілігі мол екенін сездім.
1989 жылы аудандық атқару комитетінің орынбасары болып сайланғаннан кейін тіпті жақын кездесіп, жауапкершілік сұрайтын болдым. «Ар-ожданың алмастырмас алтынға, қазағымда жігіттер бар нар тұлға» деп жырлағандай, бойында іскерлік пен кішіпейілдігі қатар жүретін азамат екені ісінен көрініп тұрды.
Ол кезде туыс, жақын деген болмайтын. Сол кездің өзінде мекемеге байланысты болмаса да, тапсырма берсең орындап, халықтың алғысы мен батасын алатын. Сол уақыттарда жолды қар басып, кенет ауылдарда жарық болмай қалу жиі кездесетін. Осы уақыттарда түн ұйқысын төрт бөліп араласып кететін. Қайырымдылығы мол азамат. Ең қиын мезгіл егемендік алып, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп жатқан мезгіл. Ауданда зейнеткерлерге зейнетақы жоқ, көліктерге бензин, дизель отыны жоқ, халыққа жылу жүйелеріне көмір жоқ ең қиын мезгіл еді.
Жоғары жаққа шыққанмен берері жоқ, өз күніңді өзің көр заман тұрды. Осы мезгілде ағайын-туыс, жора-жолдас қуалау заманы болды. Кейбір азаматтың Алла берген несібесі болады, сол Жақай аға деп айтар едім. Ағамыз жоқшылықты көп көріп өскендігі, шаруашылықты жақсы, адаммен сөйлесуде үлкен мән бар екенін білетіні, ешкімнің арына тиіп сөз айтпайтыны халықтың ойынан шыға білді. Осындай қиындықта Жақай ағаймен ақылдаса отырып, Қарағандыға көмірге білім бөлімінің басшысы Мұсахан Басшыбаев, «Сельхозэнергия» басшысы Асқар Мереков екеуі ыңғайлы, адамгершілігі, адамдық қасиеттері мол жігіттер және менің жақындығым бар Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Жаңатай деген туыс азамат бар деп, іссапарға жібердік. Екі азаматтың орындап келетініне кәміл сенімдіміз.
Енді жанар-жағар май, дизель отынына қасыма мұнай базасының басшысы Өмірзақ Мұханбедиевті алып өзім барайын, сол Шымкентте оқыған азаматпын ғой, жора-жолдас табылар деп мойныма алдым.
Жақаңа ауылдағы зейнеткерлердің қаржысы, қалған мәселені өзіңіз шеше берерсіз деп кеттік. Қарағандымен сөйлессек, 10 вагон көмір шешілді, енді вагон күтіп жатырмыз деді. Шымкенттен 2 вагон бензин, 2 вагон дизель майы мәселесін шешіп алып келдік. Барлық май, көмірді талонмен жіберіп отырдық.
Халқын жұтатпаған әкім бақытты деп Жақайды айтар едім. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген рас екен. Міне, Асқар мен Мұсаханның адамгершілігі, адами қасиеттері осында, ешқандай міндетшілік көрсетпегендігінде. Қай жерде қандай қиын-қыстау жер болса, Асекеңді жұмсаймыз, жібереміз. Атқарылған іске ақыл айтып, жолын сілтеп, бағыт-бағдар бере алатын адам мыңның бірі ғана болса, сол – Асекең.
Ауданда ауыз, аяқсу мәселесі өте күрделенген уақыттар болды. Сол қиындықтың ортасында Асекең жүрді, бәрін жеңіп шыға білді. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, соны Асекең көрсете білді.
Кент әкімі болған уақытта аяқсу мәселесінде насостарды электр қуатына ауыстырып, кентті 70-80 пайыз аяқсумен қамтамасыз етті. Ауызсуды тәртіптей білді, барлық суды өлшегіш арқылы беруге қол жеткізді. Кент көшелерін көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жолға қоя білді. Қазақта «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген дәрежеге жеткізді.
Асекеңнің адалдығы, адамгершілігі, адамға деген пейілі ағайын-туыс арасын жалғап отыратын, қиюластырып жіберетін. Қай ғасыр, қай заман болсын әрбір елдің, ауылдың, аймақтың елді тыңдатар, сөз тоқтатар, билік жүргізер басшысы, ақылшысы болады. Асқар інімнің жұмысына ризашылығыммен баға беремін.
Жанқұтты бидің өсиет сөзінде:
«Адал болсаң судай бол,
Су арамды кетіреді.
Мықты болсаң жердей бол,
Жер жаһанды көтереді» деп, бидің батасын алған Асекең.
Асыл жары Күлпаризаның инабаттылығы бөлек. Дүниеде ана жүрегінен пәк, адал жаратылыс бар ма екен?! Ана өмірдің нұры, шаңырақтың жарығы, отбасының береке құты. Асқар інім дастарқаны жиналмаған, қазаны оттан түспеген жан жарымен 3 ұл, 7 немере, 1 шөбере өсіріп отырған ұялы отбасы.
Жақсыбай ЖӘКЕЕВ,
Қызылорда облысының құрметті ардагері,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы

















