ЖАҚСЫ ЖАР АЗАМАТЫН БИІК ЕТЕР
Бүгінгі менің жазбам халқы қалаған, елінің алдында абыройға бөленген, сыйлы да құрметті азаматы атанған Жұмағұлов Исағали аға мен жан жары Кеніш апамыз жайлы болмақ.
Қай ғасыр, қай заманда да әрбір елдің, аймақтың елді тыңдатар, сөзге тоқтатар, сөзін жүргізер басшысы, ақылшысы болады. Атқарылатын іске ақыл айтып, жолын сілтеп, бағыт-бағдар бере алатын адам мыңның бірі ғана бола біледі, сол Исекең.
Ағамен сонау 1969 жылы ауданға жоғары оқу орнын бітіріп, №1602 жылжымалы механикаландырылған колоннаға құрылыс шебері болып келгеннен таныс болдым. Оның адамгершілігі, адалдығы, пейілі бөлек азамат екенін түсіндім.
Адам жаратылысы тек жақсылықтар жасау үшін бұл дүниеге келген сияқты көрінеді. Әрине, менің түсінігімде, санамда осылай берік орын тепкен байламды сөзім. Дүние есігін ашқан сәби өзінің алғашқы болмысымен ата-анасын қуанышқа бөлеп, туған-туысқандарының өрісі кеңейіп, ұрпақтар сабақтастығының қанат жайып жатқанына бүкіл ауыл-аймақ болып ақ тілеуін айтып, қуанып, ақ батасын беріп, болашағына үмітпен қарап, бір Алладан сұрайтынымыз шындық қой. Жұмағұл атаның отының басына бір азамат 1938 жылы өмірге келіп, Исағали деп есімінің қойылуының өзінде үлкен мән жатыр деп есептелік.
Исекеңнің өткен өмір жолында атқарған қызметтеріне қарасақ, жатқан тарих тек қана адамға, елге адал қызмет жасауға жаратылған жан сияқты. Сонау соғыс жылдары балалық шағынан өтіп, мектеп қабырғасында білім алып, ұстаз болуды армандаған екен. Мектепті, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты жақсы деген бағамен бітіріп, өзінің кіндік қаны тамған Қармақшы ауылына келіп ұстаздыққа орналасады.
«Адамға талай жерді көрген артық,
Танысып әркімдерді білген артық.
Мысырға патша болып отырсам да,
Болмайды туып-өскен жерден артық» дегендей, ауылдағы әкесі мен анасын ойлап елге оралады. Аллаға нар тәуекел деп ұстаздық қызметке кірісіп кетеді.
Әкесі Жұмағұл халық сыйлаған, ел құрметтеген, алғысына бөленген, су жолдарын зерттеп, мұрап қызметін атқара білген ақсақал. Бұл – ақсақалдық жас. Аспай-саспай жеті рет өлшеп, бір рет кеседі.
«Жүгіріп шығар төбе көп,
Асу бермес шың қиын.
Қартайған шал елде көп,
Ақсақал болу тым қиын» деп, ақын тауып айтқан.
Ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып ұрпақ алмасқан 1975 жылы шаруашылық тізгінін мұғалімнен партком хатшысы Исекеңнің болған кез еді.
Ауданда аты шыққан ағалары Ерназар Сексенбаев, Цай Ден Хак, Кәрімберді Жаханов, Қаратай Қуаңбаев, Ильяс Мырзақұлов ағаларынан тәлім-тәрбие ала отырып, қоян-қолтық жұмыс атқарды. Өмір көрген ағалары тәлім-тәжірибелерін Исағалидан аяған жоқ. Ұстаздан шәкірт озған демекші, Исекең ағаларымен қатарласа білді.
Қазақта «Туған жерге туыңды тік!» деген терең мағыналы сөз бар. Әлемнің екінші ұстазы атанған бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Шын беріліп қолға алған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады» десе, қазақта «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақалда айтылған ой-пікірлері де Исекеңнің бойынан табылады. Әділдігін, турашылдығын, сөзін сескенбей тура айтатындығын, басшылар да, достары мен жолдастары, тіпті ағайын-туыстары, қызметкерлері, еңбеккерлері де түсіне білді. Әкесі Жұмағұл «Ешкімнің ала жібін аттама, не тапсаң да адал еңбекпен тап» деп үнемі айтып отыратын. Осындай еңбектің арқасында Қармақшы кеңшары Одақтың, Қазақстанның бірнеше қайтара туларын иеленді, Мәскеуде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің жеңімпазы атақтарын алды, мұның бәрі еңбек пен маңдай тердің арқасы, бұрын Исағали болса, енді Исеке деген атқа ие болды.
Қазақстан, аймақ, ауданға атағы шықты. Осы еңбектің арқасында Қармақшы ауылының шопаны Т.Бөрібаев, сол ауылдың ұстазы Ж.Омарқызы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болса, механизатор С.Құрмантаев пен Ж.Смағұлов, түйекеш Ә.Демеуов, шопандар М.Қашақова, Т.Байқазақов, Б.Малаев омырауларына орден-медальдар тағып, еңбегінің зейнетін көрді.
Исекеңнің жүрегінің түгі бар деп айтар едім. Ат ізін баспаған шаруашылықтарда мал басын көбейтіп, Қарақұмда «Тышқан тамы» деген жерге қой фермасын жайғастыру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін жұмыс. Ол фермаға үй салу, мектеп, медпункт, мал қораларын соғу инемен құдық қазғанмен бірдей. Мал жайылымынан су көздерін (скважина) қаздырып, байланыс, қарым-қатынас жұмыстарын жақсарту үшін пошта, аэропорт ашу сияқты істерді де іске асырды. «Диқан жауында, балықшы дауылда тынады, ал малшы өлгенде тынады» дегенге қарамастан халық аянбай еңбек етті. Қолында қажетті құрылыс материалдары жоқ болса да әр жерден тырнақтап жинап, тіршілікке кірісіп кетті.
Бұл уақытта мен коммуналдық шаруашылық мекемесінде басшылық қызметте едім. Маған аудандағы жабық мекемелерге, аурухана, мектеп, балабақша, коммуналдық мекемелерге жөндеуге қажетті құрылыс материалдары келетін, соған артық көлемде ұсыныс беріп, Исекең ағама көп көмек жасадым, ол да мәрт, уақытылы қаржысын тауып төлеп тұрды. «Тышқан тамының» құрылысының 50 пайызы мен арқылы салынды» десем, артық емес.
Исекең қазақ, орыс, шешен, кәріс, неміс ұлттары болса да тіл табыса білді, соның арқасында дегендеріне жетті. «Жалағаш-Қармақшы» тас жолы, әкімшілік үйі, мектеп, балабақша, ауыл іштерін асфальттау жұмысы тынбай ізденістерінің арқасында бітті. 1987 жылы мен аудандық атқару комитетінің орынбасары кезімде облыстың атқару комитетінің құрылыс жөніндегі орынбасары А.Смирнов ауданға келді. Осындағы кент, шаруашылықтарды аралайтын болып, Қармақшы кеңшарына апаруды межелеп, Исекеңе айтып қойғанмын. Ол бізді Қараөзектің көпірінен күтіп алып, елді мекенді аралатып, көрсетіп, алдағы мақсаттарын айтып жоғарыдағы көрсетілген жұмыстарға көмектесуін өтінді, болған соң демалайық деп, көлдің басына бардық. Ол жаққа катамаран, моторлы қайық, үстелге дастарқан жайып, құстың сүтінен басқаның бәрін дайындаған. Балық қуыртқан, сорпа жасатқан, қоян мен қырғауылдың етінен қуырдақ, жас қозының етін қарынға салып пісіргізіп қойған. Сонымен не керек, үлкен демалыс ұйымдастырды.
Суға түсіп, қайық, катамаранмен демалып, бәрі көңілден шықты. Кешке қайтып оралсақ, Кеніш дастарқан даярлап қойған екен. Кешке Қызылордаға қайтамын деген қонағымыз қонатын болды. Монша керек пе, бар жағдай жасалып, тамақтанып, Ақжар ауылына салынатын әкімшілік кеңсесі, Қармақшы ауылына салынатын болды. «Жалағаш – Қармақшы» жолының бітуіне қаржы бөлінетін болып шешілді. Не керек Исекеңнің өтініштерін қолынан келгенінше орындайтынына уәде берген, ертесіне шығарып салдық.
«Көлдің суын жамандап – Еділ қайдан табарсың, әкіміңді жамандап – әділ қайдан табарсың, өз барыңды жамандап – асылды қайдан табарсың» деген екен заманында Асан Қайғы бабамыз. Исекең де су шаруашылығы мекемесінің басшысы Жұмағали Маханов пен мені іні етіп алған. Демалу қажет болса, сол кісіге баратынбыз. Оның еліне, халқына берілгендігі сонша Жұмекеңмен келісе отырып, Қараөзекті бөгетіп, тоспа қоятын жерлерге тоспа қойғызып, айналасындағы көлдерді, шабындықтарды суландыру мәселелерін шешіп, тіпті малға қажетті пішен-шөпті орып, мал азығын толығымен шешіп алған азамат.
Жұмағұл атамыз уақытында мұрап болып қаздырған каналдарын, Исағали су жүргізіп, суландыру мәселелеріне, оны әрі қарай Жосалы кентіне дейін создырып су жеткізіп, кеңейтті, халқына шабындық, мал жайылымына көп септігін тигізді. Ол Исекеңнің әкесінің аты Жұмағұл каналы болып, картада қалды.
Кеңшар директоры бастаған істі аяқтатпай қоймайтын, барлық істің басында өзі тік тұрып, бітіртпей кетпейтін.
Абзал азаматтың асыл да қымбатты жары Кеніштің инабаттылығы, адамгершілігі, адамдық ар-ұжданы тау қозғалса да қозғалмайтындығы, балаларына ыммен түсіндіретіндігі, сыйластыққа мықтылығы бір бойынан табылатын ана. Дүниеде ана жүрегінен мейірімді, ана жүрегінен пәк, адал жаратылыс бар ма екен?! Кеніш тіршіліктің гүлі, өмірдің нұры, шаңырақтың жарығы, отбасының береке-құты дер едік. Ардақты жан отбасының иесі, киесі, бақыттың діңгегі, ағайын-туысқа жайлы, сыйлы, құрметті болды. Ұстаздық қызметтің биігіне жеткен азаматша. Шәкірттері ұстазы жайлы сөз еткенде оның адамгершілігін, инабаттылығы мен ұлағатын жыр етіп айтады.
Кеніштің тектілігі – қонақты жылы шыраймен күтуі. Исекең болмай қалса да дастарқанын жайып, дәм таттырмай жібермейтіндігінде. Міне, «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы жерде.
Исекеңнің Исеке болуы осы Кеніш десем артық айтпаған шығармын. Қармақшы ауылының жоғарыда айтылған жетістіктерінде кеңпейілді Кеніштің жайған ақ дастарқанының да септігі болғаны анық. Бүгінде өзі ортамызда болмаса да, оның ақ пейілі мен ізгі құрметі жүрегімізде сақталып қалды.
Жақсыбай ЖАКЕЕВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы

















