» » Өнеге ізі өшпейді

Өнеге ізі өшпейді

qarmaqshy-tany.kz Адам жас кезінде от көңілді, батыл келеді. Еңбекке араласа бастағанда айналасын танып, нәпақа табудың оңай еместігін түсінеді. Оның ыстық-суығына төзеді. Орта жаста ой тоқтатып, жан-жағына бажайлай қарайды. Өйткені елдің ағалығына жарайтын жаста ағайын-туысқа сүйеу болып, көптің қамқоры атанады. Ал зейнетке шыққанда ауыл-аймағына ақыл айтып, ой-өрісі кемелдене түседі. Бүтін бір адам ғұмырының маңызды тұсы да осы ақсақалдықта жатқандай. Оған әркім әрқалай жетеді. Елдің жанашыры болып, адамгершілік қасиетімен артына жақсы атын қалдыра білген жанның бірі – Смағұл Аралбаев ағамыз.
Ол 1946 жылы Қазалы кентінде дүниеге келген. 1964 жылы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті бітірген соң 1965 жылы әскери борышын өтеп келеді. Туған жерінде автомектепте көлік жүргізушісі мамандығын оқып, білім алып шығады. Атпал азамат осы салада ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, озаттар қатарынан көрінеді.
Смағұл ағамыз 1971 жылы болашақ жары Ғалия апаймен танысып, отбасын құрады. 1988 жылы отбасымен Төретам кентіне қоныс аударып, жұмысын жалғастырады. Жаңа қонысқа келген күннен бастап әскери мекемеде көлік жүргізушісі болып қызмет жасайды. "Ел мақтаған жігітті біз қошталық" дегендей, осы әскери мекемеде зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін абыроймен қызмет етіп, алғысқа бөленеді.
Турашыл, әділ сөзге ғана иланатын азаматты төретамдықтар бірауыздан кенттің ардагерлер кеңесіне төраға болуына ұсыныс жасайды. Осындай халықтың сенімін арқалаған абзал жан 2019 жылы Төретам кенті ардагерлер кеңесінің мүшелерін қайта сайлауға байланысты өткізілген жиналыстың қорытындысымен кент ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланады. Сол уақыттан бері саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, тұрғындар тарапынан көтерілген бірқатар мәселелердің шешімін табуға қолдан келгенше көмегін беріп, қолдауын көрсетеді. Елге ақыл айтатын аузы дуалы ақсақалдардың әрдайым басын біріктіріп, талай істің түйінін тарқатады. Түйіткілді шаруалардың оң шешілуіне атсалысады. Өзінің табиғат берген туа бітті асыл қасиеті: әділдігі, бір сөзділігі, еңбекқорлығымен алғысқа кенеліп, төретамдықтарға өнеге бола білді.
– Ардагер – өмірлік тәжірибесі мол, түйгені көп адам болғандықтан оған жүктелер жауапкершілік те жеңіл емес. Көпшіліктің арасында әртүрлі жағдайлар кездеседі. Түсініспеушілік, араздық секілді мәселелерді шешуде ағамыздың орны бөлек болатын. Іс-шаралар Смағұл ағамызсыз өтпейтін. Жастардың білімі мен тәрбиесіне арналған жиын, мәдени шаралардың бел ортасында жүріп өзінің көшелі пікірін айтып, елді бірлікке, еңбек етуге шақыратын. Осы еңбегінің арқасында аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі болды, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
Туған жерінің қамқоры болған ардагер кенттің газдандыру, көшелерді жарықтандыру мен жол жөндеу жұмыстарында белсенділік танытып, елге болсын дегені тұрғындардың көз алдында. Бастаған ісін орта жолдан тастап кетпей, соңына дейін апаратын тиянақтылығы да кейінгіге үлгі болды. Жүрген жерінде беделді, ортаға сыйлы бола білген азамат зайыбы Ғалия апаймен бірге 6 бала тәрбиелеп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырды. Олардан 25 немере, 5 шөбере сүйіп, ұрпағының қызығын көрді. Осындай ардақты жанның өмірден өткені оның отбасына ғана емес, барша Төретам кенті халқына да ауыр болғаны анық. Саналы ғұмырын елінің өсіп-өркендеуі мен нығаюына ар- нап, адал қызмет еткен Смағұл Аралбаевтың әрбір істеген өнегелі ісі халқының жүрегінде ұзаққа сақталмақ.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
13 ақпан 2023 ж. 492 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 355

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 436

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930