Абзал азамат
qarmaqshy-tany.kz Аудан экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып, елдің әл-ауқатын көтеруге, мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсартуға саналы ғұмырын арнап, елдің құрметіне бөленген аға ұрпақ өкілдерінің ісі бұл күндері кейінгіге өнеге, тарихқа тағылым. Қиын кезеңде ел тізгінін қолына алып, жұртты ұйымшылдыққа, ағайынды ауызбірлікке, дос-жаранды татулыққа тәрбиелеу арқылы ел басқару ісінің жаңа үлгісін көрсеткен азаматтың біреуі, біреуі ғана емес бірегейі бүгінгі кезде сексен бестің биігіне шығып отырған Исағали аға десем, оған ешкім күмән келтірмес.
1975 жылдың мамырында аудандық комсомол комитетінен Қармақшы кеңшары жұмысшылар комитетінің төрағасы қызметіне келдім. Осы көктемде Исекең кеңшар директоры қызметіне бекітілсе, байсалды да парасатты, өте қарапайым Жәлел Опаш ағамыз партком хатшысы болып сайланған екен. Бұл кеңшарда комсомол жұмысына байланысты екі рет іссапарда болғаным болмаса ешкімді білмейтінмін, басшыларымен де жете таныс емес едім. Кеңшар ауданда экономикалық жағынан төмен, мәдени-тұрмыстық жағдайы нашар, сан-салалы жұмыстарға жұмысшылар бара бермейтін, еңбек тәртібі осалдаған, адамдардың еңбекке деген қызығушылығы, ынтасы жоқ шаруашылық қатарында екен. Кеңшардың негізі қой шаруашылығы болғанымен, өнімділігі төмен, мал өлімі көп, мал басы жеткілікті өспеген. Әлеуметтік нысандар ескі, жауыншашында, көктем мен күзде көшемен жүру мүмкін емес, «бауырмал» батпағы аяқ киіміңді алып қалуға тырысады. Көшеге төсеген қиыршақ тастар жаз шыға жоқ болып, ойлы-қырлы колея болған жол қалады. Қарсы кездескен автокөліктер мен тракторлар қайсымыз қай жаққа шығып жол береміз деп әлек болып жатады.
Міне, осы жағдайда Исекең өзін де, өзгені де аямай, демалыссыз күні-түні жұмыс жасап, кадрларға тиісті талап қоя білу нәтижесінде алға қойған міндеттерді тұтастай іске асыра бастады. Сан-салалы жұмыстардың әрбір процесін жете зерделеп, тиімділігін нақтылап барып қолға алып, экономикалық күрделі мәселелерді шешуде тапқырлық пен көргенділік көрсете білді. Ол кісінің мұғалім, яғни ұстаз болуы, кейін кеңшардың партком хатшысы болып сайлануы көптеген нәрселерді игеруге, әсіресе адам психологиясын жете зерделеуге үйретті. Соның нәтижесінде кіммен қалай қарым-қатынас жасауда, сөйлесе білуде, тілін табуда тапқырлық көрсетті. Әрбір адамның психологиялық ерекшеліктеріне, сол кезеңдегі ситуациялық жағдайға байланысты біреулермен биік өктем үнмен сөйлесе, біреулерінің ар-ұятын оята, патриоттық сезімін көтере істің шешілу жағын қарастырып отырды. Басшылық қызметке келгеннен бастап көппен араласқаны, көргенін көңілге түйе білгені, жақсы істерді үйреніп меңгеруі өз нәтижесін бере бастады.
Ел басқарудың ауыртпалығын, оның жауапкершілік жүгін абзал азамат, іскер, ізгілікті, елдің келешегін алыстан ойлайтын көреген басшы ғана арқалайтыны белгілі. Қайда болмасын басшының бүкіл іс-әрекеті, шуағы мен көлеңкелі тұстары, оңы мен солы қашанда халықтың көз алдында. Басшының жақсы істеріне сүйсініп, сәл ағат кете қойса ол тұстарды дөп басатын сол қарапайым халық. Исекең өзінің адами ақыл-парасаты, білімділігі мен біліктілігі, бай өмір тәжірибесі арқылы ұжымдастары алға қойған биік талап деңгейінен шыға білді. Өндірісте шешуші тұлға мамандар, бәрін кадр шешеді, әсіресе шопандар мен механизатор кадрлары деген принциппен жұмыс жасады. Қолынан іс келеді, келешегінен үміт жоғары деген кадрларды, жастығына, өмір тәжірибесінің жеткіліксіздігіне қарамастан шешуші учаскелердегі қызметтерге тағайындады. Оларға сенім жүгін арта отырып, алға қойған жоғары міндеттерді шешуде тиісті талаптарды қоя білді. Мамандық пен өмір тәжірибесіне үйретті, тәрбиеледі, олардың ісіне тұрақты бақылау орнатып ширата түсті. Соның нәтижесінде елге қызмет жасауды, экономикалық жағынан өсу жолдарын, парасаттылық пен мәдениетті жан-жақты игерген жас кадрлар корпусы жасақталды. Міне осындай тәрбиеленген жас кадрлар аудан бойынша жоғары қызметтерге өсті.
Исекең басшылыққа келген алғашқы жыл жан-жақты сынақ мерзіміндей болды. Біріншіден, қуаңшылық болып, жайылым нашар, шөп дайындау мүмкіндігі шектеулі болса, ауа райы қолайсыз болып қыс қатты желді, аязды, әрі ұзақ болды. Әрине, бұрыннан немқұрайлылық, босбелбеулік, жауапкершілікті жете сезінбейтін мамандар мен шопандарды күнделікті бақылау оңай тиген жоқ.
Барлық жұмыс процестеріне жіті бақылау орнатуы, кемшіліктерді өз көзімен көруі, ондағы проблемаларды жедел шешуге, түрлі әдістер мен ой-тұжырымдар жасауға, өмір тәжірибесін жинақтап, алға биік міндеттер қоюға мүмкіндік ашты. Кеңшарды экономикалық жағынан жан-жақты дамыған, тиімді жұмыс тәсілдерін қолданатын, әр бас малдан жоғары өнім алатын, мал басын өз төлі есебінен көбейтетін іргелі шаруашылыққа айналдырудың тетігін іздеп табуға және алға қойған міндеттерді іске асыруға батыл кірісті. Экономикалық проблемаларды жан-жақты ашып, оны шешуде батыл ұсыныстар жасады.
Исекең нағыз «Рухани жаңғырудың» үлгісін көрсетті. «Туған жерге туыңды тік» дегендей, барлық саналы ғұмырын туған жерге, туған елге қызмет жасауға арнады. Ол биік беделімен, атақ-абыройымен бүкіл елге танылғанмен, мансап қуып, жайлы орын іздеп ұмтылған емес. Принципшіл, ел тағдырына, еңбек адамына қатысты ешнәрсеге немқұрайлы қарамайтын, өз ойының, мақсатының, бағытының, түрлі жобаларының нақты екенін көре білетін және оны іске асыруда қандай бір кедергі, тосқауылдарды жеңе білді. Олардың ешқайсысын елемей, айтысқанмен айтысып, сыйласқанмен сыйласып, өзінің кісілігін сақтап, арының, істеп отырған ісінің таза, нақты екенін дәлелдеп шығатын.
Исағали Жұмағұлов туралы атқарған істері, еткен еңбектері мен жеткен жетістіктері жайлы жазатын болсақ, бірнеше кітапқа арқау болатындай. Жинақтап айтар болсақ, шаруашылық 1978-1980 жылдары облыстың озат шаруашылығы атанып, «Құрмет тақтасына» жазылды. Бірнеше рет Бүкілодақтық, республикалық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ауыспалы Қызыл тулар, Құрмет грамоталары мен дипломдарына ие болды. Мәскеуде Бүкілодақтық халықтар жетістігі көрмесіндегі құрмет тақтасына жазылып, Алтын кітабына енгізілді. Шаруашылықтың жеткен жетістіктері биіктей түсуімен қатар, ауыл ажары ашылып, сәулеттене-көркейе түсті. Көшелер асфальттанып, бірнеше көрікті бақ жасалды. Жасанды көлде катамаран, қайықтармен қызмет көрсетілді. Орталық бақта субұрқақ, бассейн жасалып, тротуарлар салынып, халықтың нағыз демалыс аймағына айналды. Ауылдағы өндіріс пен тұрғындардың игілігі үшін жасалған істері де ауыз толтырып айтарлықтай болды. Жалпы қазіргі кездің тілімен айтар болсақ, Исекең инвестиция тартудың нағыз шебері болды десек қателеспейміз деп санаймыз. Ағамыз қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Әлі де сол биіктен түскен жоқ. Еңбегі ерекше ескеріліп, «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медаль, Грамоталармен марапатталды. Аудан халқы құрмет тұтып «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағын берді.
Исағали ағаға алдағы уақытта да берекелі де бақытты өмір тілей отырып, елдің абыз ақсақалдарының қатарына қосылуына, өзінен тараған ұрпақтарының өсіп-өркендей беруіне, айнала төңірегіндегі ағайынтуыстары мен өзім деген азаматтары аман болып, ел құрметіне бөлене берсін демекпін.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы