» » Еліне еңбегі сіңген азамат

Еліне еңбегі сіңген азамат

АҒЫНДЫ СУДЫҢ АРЫНЫНДАЙ ТОЛҚЫНДЫ СЕРПІП, СЫНАПТАЙ СЫРҒЫП ӨТІП БАРА ЖАТҚАН ӨТКІНШІ ӨМІРДІҢ ІЗІНЕ БІР МЕЗЕТ ҚАЙЫРЫЛЫП ҚАРАЙ ҚАЛСАҢ, ТАЛАЙ ЖАҚСЫ ЖАСАМПАЗ ЗАМАНДАСТАРЫҢНЫҢ БЕЙНЕСІ МЕН ОЛАРДЫҢ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ӨЛШЕУСІЗ ЕҢБЕКТЕРІН ЕСІҢЕ АЛЫП, БІР СӘТ ЖАСАРЫП ҚАЛАДЫ ЕКЕНСІҢ. СОЛ ЗАМАНДАСТАРДЫҢ ІШІНДЕ ӨЗІМЕ ІШ ТАРТЫП ЖҮРЕТІН, ХАЛЫҚТЫҢ ҚАМЫ, ЕЛДІҢ БІРЛІГІ ДЕГЕНДЕ ТҮН ҰЙҚЫСЫН ТӨРТ БӨЛІП, ҚАЛЫПТЫ МІНЕЗІНЕН, АДАМИЛЫҒЫНАН АУЫТҚЫМАҒАН АҒА, ЖАНЫ ТАЗА, АДАМГЕРШІЛІГІ МОЛ ЗАМАНДАСЫМ ЖАЙЫНДА ҚОЛЫМА ҚАЛАМ АЛЫП, ОЙЫМДЫ ЖЕТКІЗУДІ ЖӨН КӨРДІМ.
Адам өзі қызық қой. Жаныңда жүрген жақын замандас, қатар қызметтес болған досың есейгенмен, оның жасы саған ешқашан ұлғаймайтындай көрінеді. Бірақ олай емес екенін, күндердің күнінде, сол досың қасыңнан бақилыққа кеткенде бі­рақ білесің.
Комсомол қызметіне жаңадан келген кезім. Қармақшы ауылына алғаш іссапарға баратын болдым. Ол елде ешкімді танымаймын. Сапар 2 күн. Кешкілік жұмыстан үйге келіп, Қармақшы ауылына іссапарда болатынымды, бірақ ол жақта ешкімді танымайтынымды зайыбым Данагүлге айттым. Ол сол әңгімені ести сала ойланбас­тан «осы ауылда мектепте жұмыс істейтін менімен бірге оқыған Кәмпит деген қыз бар. Сол қызды тауып алып үйіне бар» деп жөн айтты.
Сол сапарымда мен Махсұтбек замандасыммен таныстым. Ол кейін комсомол жұмысына ауысып, бірге қызмет етудің сәті түсті. Осы жылдары екеуміз жақсы араластық.
Күнделікті тіршілікте, оның ішінде қырық алты жылдан астам бойы жақынындай болып кеткен адамыңның жақсы қасиеттерін бағалап, ой салып қарай бермейсің. Бәрі де үйреншікті, бұрыннан солай болуға тиіс сияқты. Жақсылықтарды ардақтау, оған қарап бой түзеу қазақ халқында қалыптасқан дәстүр. Олай болса мен сыйлайтын замандасым Махсұтбек қандай жағдайда да адамилық, азаматтық келбетін жоғалтпаған, қандай бір кезеңдерде де табиғат сыйға берген қалпынан бір шегінбеген жолдас, дос ретінде менің болмысымда мәңгіге қалды деп білемін.
Махсұтбек бар саналы ғұмырын қоғамға, халыққа қызмет етуге арнады. С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп келген ол өмір жолын аудан орталығынан шалғай орналасқан «Жаңақала» кеңшарында ұстаз болудан бастаған. Ұстаздық жұмысында өзін-өзі көрсете білген жас жігітті аудандық партия комитеті аудандық комсомол комитетіне мектептер жөніндегі хатшы қызметіне шақырады. Бұл қызметте Махсұтбек білімділігімен, біліктілігімен аудан жастарының жалынды жетекшісі болды. Сол кезеңдерде өңіріміздегі мектеп бітірген жастар арасынан бүкіл аудан жастарына үндеу көтеріп, өндіріске сыныптастарымен бару жөніндегі жаңа бастамалардың жүзеге асырылуына Мәкеңнің де үлесі зор болды. Оған дәлел сол жылдары аудан жастарының мал, егін шаруашылықтары мен құрылыс саласындағы үлес салмағының арта түскені де жасырын емес. Осындай өмір баспалдақтарын баса отырып, Мәкең адал еңбегімен, шынайы еңбекке берілген тазалығымен өз ортасында беделге ие болып еді. Өзінің алғашқы мемлекеттік қызметін аудандық халық депутаттары атқару комитетіндегі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып бастаған ол іскерлік қабілетімен аудан басшыларының назарына ілініп, бірер жылдан кейін аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметіне жо­ғарыл­аған болатын. Білікті маман бұл қызметте ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Мәкең аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет еткен уақытта құқық қорғау органдары, сауда және басқа да аудан экономикасының өсуіне үлес қосқан ірі-ірі партия ұйымдарының жұмыстарын үйлестіріп отырды.
Мәкең аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып жүрген уақыттарын сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, өте ақылды, парасатты ұстаз болған Елеу Көшербаевтың адал қызметімен байланыстыратын. Ол кісі жалғыз маған емес, сол кездегі жастардың барлығына қамқор болған, оның білгір, сауатты, елі қадір тұтатын, өмірлік ұстанымы мен зейін-зердесі, парасат-па­йымы бәрімізге үлгі еді ғой. Иә, Махсұтбек жақсылықтың қадір-қасиетін білетін болғандықтан да тіршілікте тірек болған ағаларын осылайша сағынышпен еске алып отыратын.
Қаншама басшылық қызметте болса да М.Өтегенов қарапайымдылығынан айырылған емес. Оны сенімге селкеу түсірмейтін, жақсы мен жамандықты таразылап, бар мен жоқты түгендеп отыратын азамат ретінде танитынымды айту менің парызым. Мәкең үшін үлкен-кіші дейтін мәселе болмайтын. Азаматқа тән мемлекеттік көзқарас пен адамгершілік қасиеттердің кейбір тылсым сырлары нақты іс арқылы өрбісе, ол өтірік айтуға, жалған сөйлеуге, біреудің алдын кесуге жаны қас екенін мен жақсы білемін.
Адамгершілік құндылықтар кейінге ысырылған бүгінгі заманда Мәкеңнің мәрт мінезі мен болмыс бітімі басқа замандастар мен артымыздан ерген інілердің бойынан көбірек көрінсе екен деп ойланамын. «Жақсы адамға жақын жүрсең, өзің де жақсылыққа жақын жүресің» деген ортақ пікір дұрыс айтылған ақиқат екені даусыз. Ойлап отырсам, өзім білетін, өзім сыйлайтын ағалар мен замандастардың, артымыздан ерген інілердің көпшілігі жақсылардың қатарынан орын алатынына көзің жеткенде кәдімгідей көтеріліп сала бересің. Ойды ой қозғап, осы тіршілікте қатар жүрген замандас­­­тар, құрбы-құрдастар, аға-інілермен бірге өткізген күндер, түрлі оқиғалар көз алдыңнан тізбектеліп жүре беретінін қайтерсің. Сондай өзім сыйлайтын, өзімді сыйлайтын азамат ретінде Мәкең туралы көп айтуға болар еді. Дегенмен, қалғанын оқырманның қалауына қалдырайын. Ал мен шын мәнінде Мәкеңнің бойындағы биязы, адалдыққа бейім тұратын мінезін құрметтеймін. Өз басым осындай қадір-қасиетке ие азаматты ең бақытты адам ретінде өмір сүрді деп санаймын. Сүттей ұйыған, сүйріктей қалыптасқан, елдің сыйына бөленген отбасының асқар тауы болған Мәкеңнің өмірі білген адамға ұлағатқа толы мектеп секілді. Арамызда табандылық пен шыдамдылықтың, еңбекқорлық пен құлшыныстың не екенін ұқтыратын ұлағатты жан еді.
Махсұтбек 1946 жылы Қызылтам елді мекенінде теміржолшы әулетінде дүниеге келген. Ол Абыла стансасындағы №113 мектепті тәмамдап, кешкі мектептен механизатор мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. 3 жыл тракторшы болған. 1964 жылы Алматы қаласындағы С.Киров атындағы Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, тарихшы мамандығы бо­йынша бітіріп шыққан соң, жоғарыда айтқанымдай №185, №113 мектептерде мұғалім, аудандық комсомол комитетінде екінші хатшы, халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, №26 орта мектептің директоры, «Жосалы» кеңшарында партком хатшысы, аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ аудандық киноландыру жүйесінің директоры қызметтерінде жемісті еңбек етті.
Ал 1999-2007 жылдар аралығында екі шақырылым бойы аудандық мәслихат хатшысы қызметін абыроймен атқарды. 2007-2009 жылдары аралығында еңбек демалысына шыққанға дейін аудан әкімі аппаратында кадр және құқықтық жұмыстар бөлімінде бас инспектор болып жастарға ақылшы ұстаз ретінде қызметін жалғастырған болатын.
Махсұтбек бірнеше рет облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың құрмет грамоталарымен және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Ол – «Қармақшы ауданының құрметті азаматы».
Мәкең құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Ол аудан әкімдігі жанынан құрылған ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ауданның экономикалық, әлеуметтік дамуына өз үлесін қосты. Мемлекеттік және азаматтық қызметтерде жұмыс атқарған уақыттағы тәжірибесін жастарға өнеге етіп, қарапайым жұртшылықпен тығыз байланыста болды.
Өмірлік жары Кәмпит Ұзақбаева да ауданымызға белгілі ұлағатты ұстаз. Оқу ісінің үздігі. ҚазКСР Білім министрлігінің мақтау грамотасының иегері. Қазіргі таңда білім саласының ардагері.
Отбасында 3 бала, 4 немере, 5 шөбере тәрбиелеп өсірген бақытты шаңырақ иесі, ауданымыздың белгілі азаматы, ел ағасы Махсұтбек бауырымыздың ортамыздан кеткеніне де жылдың жүзі болыпты. Оның жан жатырқауды білмейтін жарқын бейнесі көз алдымызда, ақеден көңілінен ақтарыла шыққан алғаусыз әңгімелері құлағымызда. Әке аманатына адалдықпен өмір сүріп, ат жалын тартып мінуге жарап қалған ұрпақтары әрқашан жанымызда.

Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
10 наурыз 2022 ж. 507 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031