» » ҚҰРЫЛЫС, ДАЛА, СУ, ЖЕР-АНАНЫҢ ИНЖЕНЕРІ

ҚҰРЫЛЫС, ДАЛА, СУ, ЖЕР-АНАНЫҢ ИНЖЕНЕРІ

Бүгінгі менің жазғалы отырғаным халқы қалаған, билігі жүрген, елдің, халықтың алдында абыройға бөленген, сыйлы да құрметті азамат атанған Жұмағали Маханов жайлы болмақ. Қай ғасыр, қай заманда да әрбір елдің, ауылдың, аймақтың ел тыңдатар, сөз тоқтатар, билік жүргізер басшысы, ақылшысы болады. Атқарылатын іске ақыл айтып, жолын сілтеп, бағыт-бағдар бере алатын адам мыңның бірі ғана бола алады. Ол – Жұмағали еді.
Жұмағалимен 1969 жылы Қармақшы ауданының №1602 құрылыс мекемесіне шебер болып келген жылдары танысып, дос болып кеттік. Алғашқы сәттенақ Жұмекеңнің адамгершілігі мол, адалдығы, адамға деген шынайы пейілі бөлек азамат екенін түсіндім. Айтатын болсақ, қазақта «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақал бар. Осы айтқан кішіпейілділік осы Жұмекеңнің бойынан табылатын.
Оның турашылдығы, әділдігі, айтатын сөзін қаймықпай, сескенбей тура айтатындығын достары, жолдастары, тіпті ағайын-туыстары да жақсы білетін және түсінетін. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген рас әңгіме, соны Жұмекең көрсете, дәлелдей білді. Үлкенді «аға» тұта білген, кішіні «іні» тұта білген азамат. Қармақшыда ПМК-30 мекемесінде басшылық қызметте жүрген уақыттарда, ауылшаруашылық егіндік жерлерді тегістеу, шлюздер салғызу, каналдар қаздыру жұмыстарын қолға алып, оны пайдалануға беруде, барлық кеңшар, ұжшар халқының, басшыларының рақметі мен алғысына бөленгенін өз көзіммен көріп, есіттім.
Аудан басшылары кейін су жетіспеуіне байланысты, су шаруашылық (водхоз) мекемесіне іскер, білімді басшы азамат қажет болып, оған басшылыққа Жұмекеңді ауыстырды. Жұмекең барған бойдан барлық каналдарға, су жолдарына геодезиялық өлшеу жасатып, қай жерлерге қанша тоспалар қажет екендігін картаға түсіріп, жоба, смета жасатып, даярлап қойды. Сөйтіп, білікті маман екендігін көрсете білді. Айтқандарын облыс, аудан басшыларына дәлелдеп, өткізе білген Жұмекең жоба, қаржы мәселелерін шешуде облыста алға шықты. Осының дәлелі шаруашылықтарға су жетіспеуіне байланысты, Жосалы кеңшарына «Чехнасос» алдырып орналастырып, бір шаруашылықтың күрішін, егісін сумен қамтамасыз етсе, кейіннен III Интернационал ұжшарына да «Чехнасос» алдырып, су айдатты. Бұл деген іскерліктің, білімділіктің, көрегенділіктің және тазалықтың белгісі.
Қуаңдария, Жаңақала ауылдарының жайсын жерлерін тегістетіп, каналдар қаздырып, насос арқылы су айдатып, жоңышқа, бақша егуге қол жеткізіп, қанша халықтың батасына, алғысына бөленді. Экологиялық жағдайға байланысты жасыл өлке бағдарламасы бойынша Майлыөзек ауылында 20 гектар жерге бау отырғызылды. Тұрмағамбет, Ақжар, Ақтөбе, III Интернационал, Жаңажол ауылдарында баулар ашылып, ауыл орталықтарынан шығар ауыздары өңделіп, қоршалып, су жолдары тартылып, ағаштар егілді. Қазіргі уақытта сол ағаштар жайқалып тұр. Қазақтың «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиеті міне, осы.
Жалпы, Жұмағали – мақсаткер. Ол бір биікті межелеп, соған жету үшін бар күшін салатын, барынша ыждағатшылдықпен күресетін, сол жолда қандай бір қиыншылықтар болмасын, соны жеңуге, бойындағы барлық күш-жігерін салатын.
Осының дәлелі, Қармақшы кеңшарының директоры Исағали Жұмағұлов ағамызға Жұмағали да, мен де іні бола білдік. Демалу қажет болған кездерде, Исекеңе баратынбыз. Себебі Жұмекең Қараөзекті бөгетіп, тоспа қоятын жерлерге тоспа қойғызып, айналасындағы көлдерді, шабындықтарды суландыру мәселелерін шешуге жол ашты және оны орындады. Халыққа қажетті Жұмағұл каналын қаздырып, оны әрі қарай Жосалы кентіне дейін создырып, Қармақшы ауылына су жеткізді. Бұл халыққа, шабындыққа, мал жайылымына судың баруына көп септігін тигізді.
Жұмекең Жосалы кентінде аяқсу мәселесі шешілмеген кезде, мамандарын жіберіп өлшетіп, канал арықтарды жүргізуге көп көмек көрсетті. Қай жерлерге қандай насос қою керегін оның көлеміне сәйкестендіріп, кентті 90 пайыз аяқсумен қамтамасыз етуге қол жеткізді. Міне, «Жақсының жақсылығын айт, көңілі тасысын» деген осы.
Жұмекең Қазақстанның, аймақтың, ауданның марапаттарына, төсбелгілеріне ие болып, бірнеше рет облыс, аудандық кеңестердің депутаттығына сайланып, халыққа адал қызмет атқарды. Халық арасында көп жағдайда «Екі жақсы қосыла бермейді» деген бір сөз бар. Алайда, Жұмағали мен Бақыт замандасымыз екеуінің отбасылық одағы екі жақсы қосылып, өнегелі ұрпақ өсірудің өзгелерге ұсынар үлгісі болғанын айтуға тиіспіз.
Құдайға шүкір, Жұмекеңнің асыл жары Бақыттың инабаттылығы, адамгершілігі, адами ар-ұждан қасиеті, тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлылығы, балаларына көздің қағысымен түсіндіретіндігі, сыйластыққа өте мықтылығы айрықша болатын. Бақыт отбасының иесі, киесі, бақыттың діңгегі, ағайын-туысқа жайлы, сыйлы, құрметті бола білді.
Жұмағали Маханов Қармақшы ауданының барлық шаруашылығында қолтаңбасы қалған азамат. Әсіресе, күріш егетін шаруашылықтарда каналдар қазу, су жүйелерін тарту, жер тегістеу жұмыстары Жұмағалидың басшылығымен атқарылды. Облыс, аудан басшылары қиынқыстау мәселелердің барлығын Жұмекеңмен ақылдасатын. Мұның бәрін мен аудандық Кеңестің, аудан әкімінің орынбасары, кент әкімі болған уақыттан білемін. Осы жұмыстардың біразын Жұмекеңмен бірге қойын-қолтық жұмыс атқарған едік.
Маған келген кездері: «Ал, әулие, не дейсің, не атқару керек, қайда барамыз, қай шаруашылықты аралаймыз?» дейтін. Жұмағали Махановтың ауданның өркендеуіне, туған топырағының көктеп-көгеруіне зор үлес қосқанын, аты елдің жадында сақталған арда азамат екенін ескере отырып, кент орталығынан көше атын беруді ұсынамын.
Жұмағали мен Бақыт 2 ұлды ұяға, 3 қызды қияға қондырған, 21 немере сүйген бақытты ата-аналар. Жұмекеңді халық құрмет тұтады. Ел алдындағы еңбегін лайықты бағалайды. Ол туралы өзімен, Бақытпен бірге қызмет жасаған қармақшылық ақын Нұрлыбай Таубаев өз ойын былай тұжырымдаған екен.
«Құдайдың бір аты – халық деген,
Халық алғысын айтады.
Халыққа жасаған бар жақсылығың,
Бір Алладан қайтады» деген.
Біз де осы сөзге кәміл сенеміз.
Жақсыбай ЖӘКЕЕВ,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы,
Қазақстанның Құрметті құрылысшысы
18 желтоқсан 2025 ж. 133 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10464)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (10463)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (10462)

09 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 097
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 751

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031