» » Білікті басшы болатын

Білікті басшы болатын

«Ең дәмді деп татқаның – өз еңбегіңмен тапқаның. Сонда ғана еңбегің – дәулетің, беделің – сәулетің бола алады. Сонда ғана шыраққа айнала аласың. Жанған шырақ жарық берер, жарық берген шырағың халық көрер» деп Әйтеке бидің ел басқарған азаматтарға айтқан даналық сөзі бар. Саналы ғұмырын осы сөзді санасына құйып өткізген ағамыз Жұмағали Маханұлы жайында толғансам деп едім.
Ол әкесі Махан 1944 жылы қайтыс болғанда анасы Ақболтайдың құрсағында қалған екен. Әке мейірімін көре алмай анасының, ағаларының қамқорлығымен ер жетеді. Әкелеріміз Махан, Байнияз, Жанияз ауызбіршілігі мол жандар еді. Махан әкеміз қайтыс болған соң бір-екі жылдан кейін Ақболтай шешеміз көрші Молытов ұжшарына төрт баласымен көшіп барады. Сол кезде үлкені Зәмзеш апамыз 14-15 шамасында болса, кенжесі Жұмағали 1 жастан асқан. Ол ауылда шешеміздің нағашылары және біздің ағайындарымыз тұратын. Буыны қатпай жатып, апалары тұрмыс құрып кеткеннен кейін үйдегі тіршіліктің барлығы Жұмағали ағамыздың мойнына ілінді. Осындай үй тірлігіне ерте араласуы қатарластарымен мектепке баруына кедергісін тигізбей қоймайды. Мектепті өзінен екі жас кішілермен бітіріунің себебі де осы болатын. Оның үстіне мектептің екінші сыныбында оқып жүргенде анасының денсаулығы сыр беріп, оның шыңдала түсуіне әсер еткен-ді. Алайда, мектепте зерек, қабілеті жоғары оқушылардың қатарында болды. Бұл уақытта біз Энгельс ұжшарында ағайынды үш шал қайтыс болғаннан кейін Аманбай ағамыздың қамқорлығында болдық. 1954 жылы Ақболтай анамыздың денсаулығы нашарлап, Аманбай ағамыз қолына көшіріп алды. Үш шалдың балалары бір үйде өсіп, Ақболтай, Сәбира, Балыш шешелеріміздің ыстық алақанында, жылы құшағында өстік. Тағдырдың солай жазуы шығар, бәлки?! Ақболтай шешеміз көшіп келгеніне бір жыл асқанда қапыда дерттен көз жұмды. Бұдан кейінгі Жұмағалидің тәрбиесі Аманбай ағамыз бен Кәмила жеңгеміздің, Сәбира мен Балыш шешелеріміздің еншісінде болды.
Қармақшыдағы №26 мектептің оныншы сыныбын бітірді. Солай 1963 жылы Жұмағали ағамыз Қармақшы қой кеңшарына мал шаруашылығын дамытуға комсомолдық жолдамамен барды. Бірақ бұл белсенділігі ұзаққа бармады. Себебі жасы әскер қатарына алынуға келіп, сол жылы күзде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ол 1966 жылдың күзінде азаматтық борышын өтеп, елге коммунистік партияның мүшесі болып оралды. Бұл да оның Отанға деген борышын абыроймен атқарғанының бір дәлелі. Өйткені кез келген адамды коммунистік партия қатарына қабылдамайтын. Солай әскерден оралған жас жігіт Қармақшыдағы ПМК-30 мекемесіне қызметке орналасады. Мекеме басшылары оның қабілетінің жоғары екенін байқап, 1967 жылы Жамбыл қаласына жоғары оқу орнына жіберді. Қай жерде жүрсе де, қандай іс атқарса да өз ісіне жауаппен қарайтын Жұмағали ағамыз оқуымен қатар, институттың қоғамдық жұмысына етене араласты. Бірге оқыған курстас жолдастары өзі бұл фәниде болмаса да әлі күнге дейін оның отбасымен тығыз араласып тұрады. Бұл оның достарына деген адалдылығы мен шынайылығын көрсетеді емес пе?! Оқуды бітірген соң жолдама берген мекемесіне, яки ПМК-30-ға инженер болып жұмысқа тұрады. Білім ала жүріп, өзінің курстасы Бақыт жеңгемізбен отау құрып, елге оралғаннан кейін бір мекемеде қызмет атқарады. Уақыт көшімен ілесіп, аянбай еңбек еткен ағамыз қатардағы инженерден мекеме басшысына дейін көтерілді. Жастайынан әділдікті, шыншылдықты, тазалықты жанына серік етіп өскен жан бұдан кейін аудандық су шаруашылығы басқармасының басшысы болады. Сол кездегі басқарма басшысы Ідіріс ағамыз зейнеткерлікке кетер алдында аудан басшыларына өзінің орнына Жұмағалидің лайықты, оның аудан шаруашылықтарын суландыру жұмысына қабілеті мол екенін айтып, ұсыныс білдіреді. Оны сол уақыттағы ауданның бірінші хатшысы Елеу Көшербаев қабыл алып, мекемеге басшы етіп тағайындайды. Бұл қызметте Жұмағали зейнетке шыққанша отыз жылдай тынымсыз еңбек етті.
Саналы ғұмырын Қармақшы ауданының ауыл шаруашылығына арнап, оның өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың бірі осы – Жұмағали Маханұлы. Ол арамызда болмаса да аудан жұрты оның әділ шешімі мен сауатты істерін айтса, қатарлас буыны, кейінгі ізінен ерген інілері оның әзіл-қалжыңды әңгімелері мен салиқалы болмысын әрдайым еске алып отырады.
Жастайынан тағдырдың тауқыметін көрсе де мойымай, қанат жая өсуі аналарының, ағаларының бойына сіңірген тәрбиесінің нәтижесі. Білімге құштар өскен бозбала қызмет еткен шағында да оқи беруден жалықпаған еді. Үнемі ізденіс үстінде жүретін. Өз саласында тоқтап қалмай, қазақ әдебиетіне ден беріп, ақын-жазушылардың шығармаларын үзбей оқитын. Есте сақтау қабілеті жақсы болатын. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен өнегелі өсиетжырларын жатқа айтатын. Жүрген ортасында ұлттық тәрбиені кеңінен насихаттап, оның құндылығын байыппен айтушы еді. Көзден кетсе де жүректен кетпейтін ағамыз ұрпағымен мың жасай бермек. Бақыт жеңгеміз екеуі үш қыз, екі ұл тәрбиелеп, бүгінде оның барлығы жоғары білімді мамандар. Үлкені Эльмира – кәсіпкерлік саласында. Эльвирасы – ұлағатты ұстаз, Эленора – білім саласында қызмет етуде. Ал, ұлдары Ерлан – Жамбыл облыстық әскери департаменті басшысының орынбасары, подполковник болса, Нұрқан – кеден саласында бөлім басшысы қызметінде. Бүгінде ағамыздың зайыбы балаларының, немерелерінің ортасында Тараз қаласында тұрып жатыр.
«Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Жұмекеңнің адал еңбегі мен тәлімді тәрбиесінен өніп шыққан ұл-қыздары әке есімін биік ұстауда. Өмірден өз орындарын тапты. Осындай абзал азаматтың жолын жалғаған ұрпақтары көзге қуаныш, көңілге жұбаныш!
Жәми ЖАНИЯЗҰЛЫ
22 қыркүйек 2020 ж. 866 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031