Топ-баннер
» » СУДЫҢ МҰРАБЫ, ЖОЛДЫҢ ШЕБЕРІ

СУДЫҢ МҰРАБЫ, ЖОЛДЫҢ ШЕБЕРІ

Менің әңгіме еткелі отырғаным халқы қалаған, еңбектің арқасында елі сүйген, сыйлы да құрметті азамат атанған Әбдікеров Әділбек Шайхыұлы жайлы болмақ.
Қай заманда да елдің, ауылдың, аудан мен аймақтың дамуына маңдай терін төгіп, адал еңбек еткен азаматы болады. Елге еңбегі сіңген, елі үшін аянбай қызмет еткен тұлғаларды ұлықтау – ұрпақ алдындағы қасиетті парыз.
Орындалмайтын жұмыстың жолын тауып, іске ақыл айтып, бағыт-бағдар бере алатын азамат мыңның бірі ғана болса, сол Әділбек. Ә.Шайхыұлы 1951 жылы Жосалы кентінде өмірге келді. Фрунзе атындағы №27 орыс мектебінде оқып, 1968 жылы «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Сол жылы Қызылордадағы политехникалық техникумға түсіп, 1969 жылы Украинадағы Кировоград қаласында әскери борышын 1971 жылы өтеп келіп, оқуын жалғастырып оқиды.
Осы жылы Фарида Абсаттаровамен отбасын құрады.
«Адамға талай жерді көрген артық,
Танысып әркімдерді білген артық.
Мысырға патша болып отырсаңда,
Болмайды туып-өскен жерден артық» деп, атасы мен әкесін, анасын, жан-жарын ойлап елге оралады.
1973 жылы гидротехник деген мамандық алып, елге келеді.
Қармақшы ауданындағы су шаруашылығы мекемесінің басшысы Ыдырыс Тұрмағанбетовке жұмысқа орналасуға барады. Көптен басшылық қызмет атқарып келе жатқан басшы барлық сыннан өткізіп, дипломын көріп, «Бала өте жақсыға бітірген екенсің, бірақ білім мен еңбекті үйлестіру оңай шаруа емес, күрішке суды есептеп жіберіп отыру керек. Күріш суды өте көп қажет ететін дақыл, колхоз, совхоздарға суды реттеп беру өте қиындыққа түседі, тоспаларды реттеу де оңай емес. Егіс мезгілінде күні-түні жұмыс атқаруға тура келеді, жас мамансың, тепсе темір үзетін жігіт екенсің, сынақпен уақытша аламын» деп, арызына қол қойып, ұжымға таныстырады. Құдайға нар тәуекел деп жұмысқа кірісіп кетеді.
Қазақта «Туған жеріңе туыңды тік» деген терең мағыналы сөз бар. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әлФараби «Шын беріле қолға алған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады» деген. Кейіннен Ыдырыс ағасы Әділбектің адамгершілігі, адалдығы, адамға деген жүрегі, пейілі бөлек азамат екенін түсінді.
Чапаев, III Интернационал, Жаңажол ауылдарына суды реттеп жеткізіп отыру Әділбекке тапсырылды. Үш шаруашылықтың басшылары Әділбектің әкесімен жасты азаматтар – Ерназар Сексенбаев, Цай Ден Хак, Кәрімберді Жахановтар еді.
«Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, бұл қасиет Әділбектің бойынан табыла білді. Әділдігі, турашылдығы, айтатынын сескенбей тура жеткізетінін басшылары, достары, жолдастары, тіпті ағайын-туыстары да түсіне білді. Білікті маман екендігін көрсетті. Бөлінген үш шаруашылық басшыларына сөз келтірген жоқ, бұл деген іскерліктің, білімділіктің, көрегендіктің, тазалықтың белгісі.
Оған атасы, әкесі «Ешкімнің ала жібін аттама, не тапсаң да адал еңбекпен тап» деп үнемі айтып отыратын. Ол аудандағы күріш егетін шаруашылықтардың канал қазу, су арналарын тазалау, тоспаларды қажетті жерге орналастыру мәселелеріне өз біліктілігінің арқасында араласатын, дегендері орындалды. Жосалы кентіне де көптеген еңбек жасағаны белгілі. Сырдария бойына насостар орналастыру, одан жүретін канал арықтарды жүргізуге су шаруашылығының басшысы Жұмағали Махановтың қарамағындағы қызметкерлері Шакизада Дәрменов, Әділбек Әбдікеров көп көмек берді. Ол кезде мен коммуналдық шаруашылық мекемесінде басшы, кейін аудандық атқару комитетінің орынбасары болған кезімде аяқ су жолдарының картасын жасатып, 90 пайыз сумен қамтамасыз етуге осы азаматтардың біліктіліктерімен қол жеткіздік.
Атамыз қазақта «қатын алма, қайын ал» дегендей, Әділбектің Рауа атты апасына бас қосып аға болсам, Шакизаданың баласы Ғабитқа Шолпан қызым барып құда болдық. «Үйдің ішінен үй тіксең, одан да жылы болады» дегендей, жұмысым бұрынғыдан да жақсара түсті. Алла осылай реттеп қосады деген рас екен. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, ауданда Дәрменов пен Әбдікеровтер әулетін білмейтіндер жоқ шығар. Себебі халықтың, елдің алғысына, рақметіне, батасына бөленген әулеттер. Тектілік – адамның болмысы, жүріс-тұрысы мен сөзінен, ізеті мен кісілігінен байқалатын қасиет. Оның бастау бұлағы – ана құрсағының тазалығы мен тәрбиесінің тұнықтығында жатса керек. «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиет осы азаматтарға қарата айтылғандай. Қазір ауылдарда Шакизада, Әділбектердің өсіп көктеп тұрған ағаштары соған куә.
Үлкен атам Әбдікер, әкем Шайхы, анам Үміт бір Алланың бере қойған адамдары. Отбасында бір ұл Әділбек, екі қыз Рауа, Райкүл дүниеге келген. Үлкен атамыз иманжүзді, көп сөйлемейтін, домбыра шертетіні бар кісі еді. Қолынан бәрі келетін. Еңбекқорлығын балаларының бойына дарыта білді. Оның алдында өтірік айту мүмкін емес. Көкеміз Шайхы жалғыз ұл болғасын еркін, домбырамен жыр жырлап, ән айтып шалқып өскен. Қобыланды, Алпамыс, Қамбар батыр, Көрғұлыны жырлаған кездерінде үлкендер ұйықтамай бір-екі күн тыңдайтын. Анамыз Үміт отырған отырысы, жүріс-тұрысы салмақты, салауатты кісі болатын. Көкеміз сауатты, атқару комитетінде экономист, шаруашылықтарда агроном, сауда мекемесінде қойма меңгерушісі қызметтерін атқарған.
Әділбек аң аулағанды қатты жақсы көрді. Көздегенін құр жібермейтін. Киік, балық, құстың қай жерде болатынын алдын ала болжай білетін. Ұсталығы да болды. Шеберханасынан көрігі өзінен-өзі түнде соғып тұрады екен. Бұл үлкен атасы Бекменбеттен Әділбек шөбересіне қонған көп қасиеттің бірі.
Қолынан іс келетін, жұмысын адал атқаратын азаматты қызметке шақыратыны белгілі. 1987 жылы «Оңтүстік мұнай газ» мекемесінің жанындағы «Күрделі құрылыс» басқармасына бөлімше бастығы, кейін «УАД басқармасына» шақыртылып, бөлімше бастығы қызметіне ауысады. Басқарма басшысы Мұрат Үдербаевпен бірлесе жұмыс істеп, «Қызылорда», «Жүзінші бекет», «Құмкөл», «Қызылқия», «Арысқұм», «Майбұлақ» жолдарын салғызып, сапасына мән беріп, уақытылы бітуіне ықпал жасады. Әділбек бастаған ісін аяқтамай қоймайтын қайсар мінезімен, адамға пейілі жылы адамгершілігімен ерекшеленетін. Өткенге өкінбеу, барыңды бағалау, болашақты Аллаға тәуекел ету дегенді ұстанған азамат.
Өңірінен тараған ұрпағы да әке жолын қуып, бір-бір мамандықтың иесі атанды. Өмірден өз орындарын тапты. Қызы Ақтолқын аймаққа белгілі балалар дәрігері, елдің алғысына бөленген жан. Бақыты экономист, Сыр елінде кәсіпкерлер мен шаруашылықтарды қаржыландыру мекемесінде тәжірибелі маман. Гүлжаны мен Алмасы бюджет саласында қызметкер. Ұлпаны Астанада ел сыйлайтын акушер-гинеколог дәрігер. Гүлсім Алматыда психолог, Құралайы Алматы қаласында кәсіппен айналысады. Ер баладан Рүстембек, Дастанбек дүниеге келсе, Арыстанбек мұнай саласында еңбек етеді.
Әділбек інім 2003 жылы өмірден өтті. Асыл жары Фарида Әбсаттарқызы бүгінде балаларының барлығын жеткізіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерешөбере сүйіп, шаңырақтың түтінін түзу шығарып отырған бақытты ана.
Жақсыбай ЖӘКЕЕВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
28 ақпан 2026 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (10483)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (10482)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (10481)

21 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 512
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 335

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728