ЕҢБЕКТІҢ ОТЫН МАЗДАТҚАН ЖАН
Менің атам – Науанов Барақбай Базарұлы 1937 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Сол заманда ел басына түскен ауыртпалықты иығымен көтеріп, тағдыр сынына мойымай ерте есейген ұрпақтың өкілі болды.
1944 жылы №26 Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттаған атам зеректігімен, ізденімпаздығымен көзге түскен. Озат оқушы ретінде суреті мектептің Құрмет тақтасына ілінген. Бұл – болашақта елге қызмет ететін тұлғаның алғашқы баспалдағы еді.
Мектепті 1954 жылы тәмамдаған соң, арман жетегінде Ақтөбедегі ұшқыштар училищесіне жол тартып, сынақ тапсырады. Алайда денсаулығына байланысты бұл арманы орындалмады. Бірақ бұл сәтсіздік атамның сағын сындырған жоқ. Тағы да бағы мен бабын сынап, Алматыдағы оқу орнына емтихан тапсырып көрді, бұл жолы да тағы сол денсаулығы бөгет келтірді.
Содан кейін ол өмірінің тізгінін еңбекке бұрып, аласапыран кезеңде тың игеруге қатысып, Ақмола облысына аттанды. Сол жақта газоэлектродәнекерлеуші мамандығын меңгеріп, ел экономикасының өркендеуіне он жылдай уақыт тер төкті. Қолына отты қару еткен атамыз темір мен болатты балқытып, бүтіндей бір зауыттың жүрегіне айналды.
Бала күнгі аңсаған арманы заңғар көкке ұшу болса, есейген шағында оның қолы елдің ертеңін қалаған еңбекшіге айналды. Оның ерен еңбегі бағаланып, «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек озаты» секілді медальдармен марапатталды.
1966 жылы өмірлік жары Зинезайп Пірманқызымен шаңырақ көтеріп, үлкен бір әулеттің іргесін қалады. Қос жүректен жаралған бұл отбасы жеті бала сүйіп, оның төртеуін аман-есен өсіріп, ұрпақ тәрбиесіне адал көңілмен ден қойды.
Ата-аналық мейірім мен еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Бүгінгі күні артында қалған перзенттері мен немерелері сол өнегеден нәр алып, атаның ізімен өмір сүруде.
Атам 1982 жылға дейін РТС мекемесінде қызмет етті. Сол ұжымда да ол өз ісінің шебері, елге сыйлы азамат болды. Кейін «Казсельхозэнерго» мекемесіне ауысып, шаруашылықтың шырағын жаққан тұлғалардың бірі болды. Өз ісіне ұқыпты, әріптесіне адал, отбасына қамқор азамат ретінде жүрекке жол тапты.
Атамның өмір жолы – нағыз еңбек адамының жолы. Ол ешқашан атақ үшін емес, адалдық, парыз үшін еңбек етті. Оның жаны – таза, жүрегі – кең, қолы – шебер еді.
Өкінішке қарай, өмірдің жарығы оған ұзақ жанбады. 1985 жылы небәрі 49 жасқа қараған шағында мезгілсіз өмірден өтті. Артында адал жары, ұрпағы, ол жайында ұлағатты естелік қалды. Ерді ер ететін ерлігі мен еңбегі болса, атамыз да елеулі еңбегімен, адамгершілік өнегесімен ұрпақ жүрегінде сақтала бермек.
Әскербек ҚАРАБАРАҚОВ,
немересі