» » Атамның жеңіске қосқан үлесі

Атамның жеңіске қосқан үлесі

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 79 жыл толады. Осы бір даңқты Жеңіс күні – 9 мамыр тарихымызға неғұрлым тереңдей еніп, алыстаған сайын ұлылығы мен мәнмағынасы дараланып, маңызы арта береді. Қан майданда ажалмен арпалысып жүріп ғажайып ерлік жасаған аға ұрпаққа деген құрмет сезіміміз еселене түседі.
Бүгінде біздер ержүрек майдангерлерімізді, тылдың ерлерін мақтан етеміз. Ұлы Отан соғысы кезінде «Бәрі де майдан үшін» деген ұранмен өлім мен өмірдің ортасында алысып жүрген жауынгерлерге көмектесіп, оларға әртүрлі заттар жөнелтті. Осындай көмек жасаған менің атам – Сқақ Дәлібеков туралы айтқым келеді. Атам 1898 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Балалық шағы қиын-қыстау заманда өтіп, байларға жалшы бола жүріп арабша сауат ашқан. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін білім жетілдіру курсында оқып, елге оралып жаңадан құрылған ұжымшарда әуелі есепші, кейін бригадир, ферма меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1937-1949 жылдары Бидайкөл ұжшарының басқарма төрағасы болған.
«1938 жылы Қиыр Шығыстан корей ұлтының өкілдері Сталиндік репрессияға ұшырап, тағдыр тауқыметін, жол азабын тартып «Бидайкөл» ұжшарына 12 отбасы жас балаларымен жер ауып келді. Сол кездегі ұжшар басқармасының төрағасы Сқақ Дәлібеков оларды қарсы алып, қазаққа тән бауырмалдық аясына бөлеп, азық-түлік бөліп қамқорлық жасады. Алғашқыда жертөледе, қамыс қақыра үйлерге орналастырып, келер жылы екі пәтерлік үйлер салынып қоныстандырды» деп естелік жазады Әбілда Сәрсенұлы «Жаңарған Жаңажол» атты кітабында.
Ұлы Отан соғысы жылдарында жеңісті жақындатуға атам Дәлібеков және Бексебаев, Беков үшеуі 830 пұт астық берген. Сөзім дәлелді болу үшін ақын Әлімбай Әлиасқаровтың 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қанатты қыз» атты өлеңдер мен аңыздар кітабынан үзінді келтірейін.
«Майданнан хаттар» деген өлеңінің «Үшінші хат» бөлімі осы үш кісіге арналған.
Жеңіс деп жалғыз арманым,
Жалықпас бауырың айтудан.
Бұл хатты сізге арнадым.
Қалеке, Сқақ, Байтұрған.
Өздерің үшін құрметтім,
Сәлемім де ерекше,
Қатар түскен суретің,
Көңілге тиді бөлекше.
Қызыл әскер қорына,
Беріпсіңдер мол астық,
Ұлы жеңіс жолында,
Ерлерге осы жарастық.
Майданда қайсар ұлдарың,
Қаһарланды, ерледі.
Жауға төнген көк дауыл,
Күні-түні тыным бермеді.
Қалеке, Сқақ, Байтұрған,
Бұдан да былай өрге тарт.
Құриды дозақ жау құрған,
Майданда міндет бізге арт!
Атам 1950-1954 жылдары Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. 1958 жылы зейнет демалысына шығып, 1972 жылы өмірден озды. Қазіргі кезде ұрпақтары Қызылорда қаласы мен Жосалы кентінде тұрады. Біздер атамыздың тылдағы ерлігін әрқашан мақтан тұтамыз.
Әскербек МЫРЗАБЕКҰЛЫ,
немересі
26 сәуір 2024 ж. 386 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 277

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 373

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930