Жеңіс үшін, ел үшін
Тарих – сөздің ұлығы. Тарих – түпсіз терең мұхит. Қарт, кәрі тарих – жер үстіндегі барлық игі істерге, қуаныштарға, қайғыға, қан төгістерге куә.Тарихта жер бетінде әр кезеңде болған, әр қилы себеппен болған түрлі соғыстар туралы деректер бар.
ХХ ғасырдың ортасында 1941 жылы басталған Еуропа елдерінің біразы қатысқан, екінші дүниежүзілік соғыс деп аталған 5 жылға созылған бұл соғыс біраз елдерді кейінге тартып тұралатты.
Бұл біздің осы соғысқа араласқан халықтарымыз үшін бір тұралау, кейінге кету кезеңі болды. Бұл соғыс туралы тарихта, әдебиетте түбіне жеткізе жазылған. Бірақ оның түбіне жету де қиын шығар.
Қазақтар, халқымыз бұл қантөгіс соғысты зұлмат деген. Кеңестік дәуірде туып өскен ұрпақ бұл соғыс туралы әбден қанық, мағлұмат алған.
Соғыс басталысымен елдегі ер азаматтар түгел майданға аттанды. Жасына, денсаулығына қарап ерлерді таңдап алды.
Елде жастары егде тарта бастаған азаматтар, ағалар, әйел, бала-шаға қарап жатпады, үлкен жауапкершілік жүгін арқалап, майдан үшін жан пида болып еңбек етті.
Қармақшы өңірінде тарихы әріден келе жатқан үлкен бір Ақжар деген ауыл бар. Ол 1957 жылы кеңестік шаруашылық болып іріленді. Іріленгенге дейін «Бозарық» ұжшарының басқарма төрағасы болып Байтұрған Беков жұмыс істеген. Кейін Ақжар кеңшары болып үлкен шаруашылыққа айналуына негіз болған құндылықтар – сол жеке шағын ауылдарды кезінде көркейткен көрнекті қайраткерлер ел ағалары, азаматтар.
Бұл кісі – солардың бірі және бірегейі, ел қадірлісі. Байтұрған Беков атамыз 1898 жылы Ақжар ауылында (бұрынғы Қуаңдария болысының 8-ші ауылында) дүниеге келген. Жастайынан жетім өсіп байдың жылқысын бағып, жалшылықта жүрген. 1928-1929 жылдары Ташкент қаласына жіберіліп арнайы үйрену, оқу үшін қыш кірпіш дайындайтын зауытта еңбек етеді, маманданады. 1929 жылы Қармақшыдағы аудандық дүкендер сауда орталығында қызмет етеді. 1931 жылы коммунистік партия мүшелігіне қабылданады.
Кепілдеме бергендердің бірі сол кезде Жосалы кентінде қызмет етіп тұрған Бүкілодақтық әйелдер қоғамының орта Азиядағы көрнекті мүшесі қайраткер Жұмагүл Әділова еді. Бұл кісі де осы Ақжардың азаматы, Мәскеуде Н.Крупскаяның қабылдауында болған. 1937 жылы «Халық жауы» болып ұсталған.
1942 жылы «Бозарық» ұжшарына оралып, сол жылы ұжшардың басқарма төрағасы болып сайланады.
Ұлы Отан соғысы басталып кеткен кез еді. Соғыстың елдің ішінде қалған әйелдер мен бала-шағаға, жасы келген үлкендерге де артқан ауыртпалығы аз емес еді. Халықты ашықтырмау, тарықтырмау, оның үстіне үкіметке жоспар бойынша астық өнімдерін өткізіп отыру міндеттелген еді.
1943 жылы осы «Бозарық» ұжшары Ұлы Отан соғысы жылдары Отан қорғау мақсатында 310 пұт астық, 60 мың сом ақша тапсырған. Осы жылы «Қызыл әскер» ұжшарының төрағасы Қали Бексебаев, «Бидайкөл» ұжшарының төрағасы Ысқақ Дәлібеков, «Бозарық» ұжшарының төрағасы Байтұрған Беков туралы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 19 ақпандағы №41 санында үшеуінің суреті жарияланады.
Еңбектері, ерліктері үшін КСРО Қорғаныс Кеңесінің төрағасы, Бас қолбасшы И.Сталиннің алғыс хатымен марапатталды. Нақ осы кезде майданда жүрген менің атам Әлімбай Әлиасқаров елдегі ағаларына арнап «Майданнан хат» деп өлең жолдаған.
«Жеңіс деп жалғыз арманым,
Жалықпас бауырың айтудан.
Бұл хатты сізге арнадым,
Қалеке, Ысқақ, Байтұрған.
Өздерің үшін құрметтім,
Сәлемім де ерекше
Қатар түскен суретің,
Көңілге тиді бөлекше.
Қызыл әскер қорына,
Беріпсіңдер мол астық.
Ұлы Жеңіс жолында,
Ерлерге осы жарастық.
Майданда қайсар ұлдарың,
Қаһарланды, ерлерім.
Жауға төнген көк дауыл,
Күні-түн тыным бермеді.
Қалеке, Ысқақ, Байтұрған,
Бұдан да шылай өрге тарт.
Құриды дозақ жау құрған,
Майданда міндет бізге арт» делінген өлеңінде.
Байтұрған атамыз соғыстан кейінгі жылдары ауылдың жылқы, қой фермаларын басқарды. Еңбегі үшін үкіметтен әртүрлі марапаттар алған. Ол 1987 жылы «Ақжар» ауылында 89 жасында дүние салды. Артында өсіп-өнген ұлдары мен қыздары қалды. Бұл мағыналы өмірдің мәңгілік екенін айғақтайтын ақиқат.
Бихан ДҮЙСЕНОВА,
ардагер ұстаз