МАҢЫЗДЫ САЛА МАЙТАЛМАНЫ
Жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісі елімізде құрылысшылар күні мерекесі аталып өтіп, сала қызметкерлері мен ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Қала мен далаға көрік беріп, заманауи ғимарат пен құрылыс нысанын салуға атсалысып жүрген осынау еңбек адамдарының орны бөлек-ақ. Заманында қаншама ғимаратқа қолтаңбасы қалған ардагерлеріміздің еңбектерін атамай кету де әбестік болар.
Көптеген қыз-келіншек, аналарымыз ерлермен қатар жүріп құрылыстың қыр-сырын меңгерді. Олардың қатарында өз жерлестеріміз де бар. Ұзақ жылдық бейнетінің зейнетін көріп отырған «Алтын алқа» иегері, «Еңбек ардагері» медалінің иесі, белгілі құрылысшы Ақкүліш Алтаева анамыз бүгінде 80 жасқа толып отыр.
Ақкүліш апамыз жүз жырауын жүзіктеген, өнермен өсіп-өнген киелі мекен Тұрмағамбет ауылының тумасы. Орта білімді №105 мектепте алған анамыздың болашақ құрылысшы мамандығына келгені өзінше бір қызық дүние. Кеңес кезеңінде қыздардың техника тізгіндеп, ел экономикасына үлес қосқанын үлкендер жақсы біледі. Апамыз да 1960-1963 жылдар аралығында бір топ құрбысымен бірге аудан орталығындағы №149 кәсіптік-техникалық училищесінен «Тракторшы-машинист» мамандығын алып шығады. 1963 жылы «ПМК-2» мекемесіне моторист болып жұмысқа орналасқан ол 1967 жылға дейін трактор майлау, майын ауыстыру, техниканы жұмысқа дайындаумен айналысады. Сол жылы оның таңдауы құрылысқа ауып, әрі қарай еңбек жолы осы саламен жалғасады. Анамыз жай құрылысшы болып емес, ерінбей еткен еңбегінің, жауапкершілігі мен адалдығының арқасында бригада биргадирі болып қарамағындағы 30-ға жуық қыз-жігітке басшылық етеді.
Ақкүліш Нұрлыбекқызы апамыздың ауданда қолтаңбасы қалмаған құрылыс орны кемде-кем. Атап айтқанда, №30, №121, №26, №107, №108 орта мектептер мен аудандық емхана, балабақша, екі қабатты үйлер, тағы басқа да мекемелер салуда құрышқолды құрылысшының маңдай-тер еңбегі сайрап жатыр. Ол тек құрылыс жұмысында емес, сонымен қатар ауданның қоғамдық жұмысын да атқара білген белсенді. Еңбегі ескеріліп, түрлі конференцияға делегат болып қатысса, жергілікті жердің түйіткілді мәселесін шешуде де өзіндік үлесін қосқан.
А.Алтаева қай жұмысты атқарса да тиянақты, жүрген, қызмет еткен ортасына сыйлы болуымен ерекшеленеді. Үлкенге құрметін, кішіге ізетін білдіре білген жан.
– «ПМК-2» мекемесіне 1963 жылы жұмысқа келіп, содан зейнет демалысына шыққанға дейін бір жерде қызмет жасадым. Әдепкіде техникамен жұмыс істедім, кейін келе құрылыс саласына бет бұрдым. Басшылық бір күнде барасың деп, құрылысқа бригадир етіп жіберді. Затымыз әйел болса да жауапкершілік артқан соң сенімнен шығуға тырыстым. Қызмет еткен жылдары балаларым бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. Бір айға толмастан жұмысқа шығып кететінмін. Еңбек демалысы дегенді де ескере бермеппіз. Солай бар ынтамызбен жұмыс істеп, құрылыс нысандарын салуға еңбек еттік. Жора Смайлов, Әлімжан Кенжебаев, Қаршыға Есдәулетов сынды азаматтар басшылық жасады. Бірге еңбек еткен әріптестерімнің біразы қазірде өмірден өткен. Үргеніш Шотаев, Қараман Алдажаров, Қаншайым Жүнісова, Фатима Рзалиева, Әлима Нұржанова, Рауа Шілдебаева, тағы басқасымен жұмыла жұмыс істеп, ауызбірлігімізді танытқан күндер жаныма ең ыстығы.
Ол уақытта бәрі қолмен атқарылады. Қазіргідей технология жоқ кез. Лай илейміз. Оны шелекпен жоғары қабатқа тас қалаушыларға тасимыз. Кейде топырақ болмай қалғанда, қолмен тиеп әкелеміз. Елді мекендегі құрылыстарға да қатыстық. Ақтөбе, Дүр Оңғар ауылындағы тұрғын үйлер мен мектеп құрылысы біздің қолымыздан өтті, – дейді сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер ана.
Ақкүліш апа 1964 жылы өмірлік жары Тұрсынбек Ерсейітұлымен шаңырақ көтеріп, отбасында 4 қыз, 3 ұлды тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда ардақты ана, асыл әже ұлқыздарынан тараған 19 немере мен 27 шөберенің қызыққуанышына бөленіп отыр.
Құрылыс саласының майталманы бірқатар марапатқа ие болған. 1981, 1986 жылдары аудандық кәсіподақ қызметкерлері комитеті төрағасының құрмет грамотасымен марапатталса, 1991 жылы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалі табыс етілген.
– Жұмыс істей жүріп балаларды өмірге әкеліп, асырап бақтық. Ересектерін қасыма алып, еңбекке араластырдым. Ұлдарым Руслан, Бауыржан, Яхия мен қыздарым Мария мен Гүлжанатты құрылыс жұмысына баулыдым. Уақыт өте қыздарым жоғары білім алып, ұстаздық жолды таңдады. Руслан әлі күнге дейін осы салада келеді.
Менің өзі жылда асыға күтетін екі мейрамым бар – бірі – Қарттар күні, бірі – құрылысшылардың төл мерекесі. Барша құрылыс саласындағы балаларым мен ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Баршасына бақ-береке, ұзақ ғұмыр, абырой биігін тілеймін, – дейді кейуана.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















