Құрметті құрылысшы
qarmaqshy-tany.kz Мемлекет басшысының қолдауымен Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Сондай қолдаудың нәтижесімен отандық құрылыс индустриясы қанат жайды.
Оның ішінде, Қармақшы құрылысының тарихы тереңді бойлаған. Бұл салада аудан экономикасын нығайтуда көптеген құрыш қолды мамандар еңбек етіп, құрметке бөленді.
Кеңес үкіметі жылдарында ауданда «Колхозаралыққұрылыс» пен ұзақ жылдар өңірімізде әлеуметтік және азаматтық құрылыс жұмыстарының көшбасшысы атанған «ПМК-2» агроөнеркәсіпқұрылыс мекемесі өңірімізде құрылыс саласы бойынша еселі еңбек етті. Білікті сала маманы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Қаршыға Есдәулетов басқарған құрылыс мекемесінің күшімен сол жылдарғы заман талабына сай аудан орталығынан әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлер бой көтерді. Көптеген білгір құрылысшылар мемлекет тарапынан марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Әбдіраман Тұрғанов, Қаршыға Есдәулетов, Жылқыбай Науанов, Сансызбай Төлебаев, Слам Дөсекбаев, Яхия Омаров сынды атпал азаматтармен бірге омырауларын орден-медальға толтырған құрылысшы Қаншагүл Жүнісова, Ақкүріш Алтаева, аудандық кеңес депутаттары Жаңыл Меңдібаева, Зәкира Төлегенова сынды қызкеліншектеріміздің есімін аудандағы құрылысшы аға және орта буын өкілдері құрметпен атайды.
Міне, осындай құрметті мамандық иесінің бірі – Жосалы кентінің тумасы Наушарбант Баймұратова. Негізінен ол ауданымызда әйелдер арасындағы алғашқы инженер-құрылысшы.
Ал, енді оның өмір жолына тоқталсақ, 1956 жылы Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Нұрхан ақсақалдың отбасында тәрбиеленген ол мектепті тәмамдаған соң Өскемен қаласындағы жол-құрылыс институтының «Құрылыс-өндіріс өнімдері мен конструкциясы» бөліміне оқуға түсіп, онда төрт жыл мамандардан құрылыс саласының қыр-сырын терең меңгеріп шығады.
Жоғары білімді жас маман туған елге оралғаннан кейін сол жылдарда Тұрар Біләлов басқаратын аудандық «Колхозаралыққұрылыс» мекемесіне жұмысқа инженер-реттеуші болып орналасып, алғашқы еңбек жолын бастайды.
Жас маман құрылыс саласында ұзақ жыл еңбек етті. Оның қатысуымен қазіргі Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал және басқа да елді мекендерде заман талабына сай әлеуметтік нысандар, оның ішінде ауылдық клуб, мал шаруашылығын өркендетуге арналған мал фермалары, тұрғындар үшін заманауи үлгідегі үйлер бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бірақ 1988 жылы білікті инженер еңбек ететін құрылыс мекемесі аудандағы сол кездергі Қаршыға Есдәулетов басқаратын «ПМК-2» агроөнеркәсіп құрылыс мекемесімен біріккен соң, мекеме басшысы Қаршыға ағамыз шебер маманның тәжірибесіне қанығып, оны бірнеше қызметке тағайындады.
Ал, ол болса басшылық тапсырған міндеттерді абыроймен атқарып, жауапкершілігімен, еңбеккештігімен, тиянақтылығымен басшылық пен ұжым алдында абыройға бөленеді. Тіпті, бірнеше рет мадақтамалармен марапатталды.
— Мені ауданда құрылыс мамандығы бойынша жоғары білімді тұңғыш инженер деп атайды. Ол дұрыс шығар. Байқап қарасақ расында да қыздар арасында мен ауданда алғашқы болып инженерқұрылысшы мамандығын алған екенмін. Бұл мен үшін мақтаныш. Осы мамандықты өзімнің өміріме серік еткелі бері ауданда құрылыс саласында үзіксіз еңбек еттім. Алдымен Тұрар Біләлов, содан кейін Қаршыға Есдәулетов сынды білімді басшылардың қарамағында ауданда көптеген құрылыс нысандарын, оның ішінде заман талабына сай клуб, мектеп, тұрғын үйлер салуға атсалыстым. Құрылыс саласының майталманы Виктор Мур мен Шәмші Сейтәлиевтер менің осы саладағы алғашқы ұстазым болды. Олардан үйренгенім көп. Содан кейін Әбдіраман, Яхия, Қадір, Шәмші, Сансызбай, Ибрагим, Жылқыбай сынды атпал азаматтардан тәлім алдым. Аудан мақтаныштары, сылақшылар бригадасының бригадирі Ақкүріш Алтаева, тас қалаушылар бригадирі Телеу Ізжанов сынды ардақты жандардың арқасында ел құрметтілерінің қатарына қосылдық. Света Жалмаханова, Жұпар Әбсаттарова, Әбдібек Байбарақов, Әріпхан Досмұратов, Талжан Мазанова, Мая Қатарбаевалармен бірге қиыншылығы мен қызықшылығы қатар жүретін құрылыстың қыр-сырын бірге меңгердік. Бірақ, 1994 жылы еліміздегі тоқырауға байланысты мекемеміз де жабылып, біздер жаппай жұмыстан қысқардық. Десе де, бүгінгі күні сол бір жылдарда ауданның құрылыс саласына үлкен еңбек сіңірген адамдар жүрегінде өзіндік орын толмас мекеме болып қалғанымен, ұжымдастар бір-бірімізбен кездесіп, қуанышымызды бірге тойлап жүрген жайымыз бар. Бұл үрдіске айналған, – дейді құрыш қолды құрылысшы апай.
Осындай өнегемен өмір жолын өрнектеген құрметті құрылысшы жұбайы, ұлағатты ұстаз Есет Олжабекұлымен ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде солардан тараған немерелерінің аяулы әжесі атанып отырған жайы бар. Ұлдарының бірі – Руслан анасының жолын қуып, «Азия-Вент» құрылыс компаниясының директоры. Ол да анасы сияқты елімізде құрылыс саласының өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп отырған құрылысшы.
Құрылысшы – мәртебелі мамандық. Қоғамның айнымас бөлшегі, экономиканың негізгі тірегі де осы мамандық иелері. Бұл кәсіп иелерінің қоғамға қосар үлесі көп. Әрине, солардың қатарында біздің кейіпкеріміз, ауданымыздан шыққан тұңғыш инженер-құрылысшылардың ішінде нәзікжанды Наушарбант Нұрханқызының бар екені біз үшін үлкен мақтаныш.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ