Құрылтай
» » ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Құрылысшылар күніне орай әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен салтанатты қабылдау өтті. Мерекелік жиында құрылыс саласының ардагерлері мен осы салада ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетіліп, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі ерекше атап айтылды. Жауапкершілігі жоғары, тынымсыз еңбекті талап ететін құрылыс саласы – елдің өркендеуінің, тұрғындардың жайлы өмір сүруінің және өңірдің келешек келбетінің негізі. Осы орайда аудан басшысы сала өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың адал еңбегі мен кәсібилігіне ризашылығын білдірді.
Бүгінде аудан көлемінде құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Соңғы үш жылда аудан бойынша атқарылған құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 49,3 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде Дүр Оңғар, Ақжар және Тұрмағамбет ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Қармақшы және Қуаңдария ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттер пайдалануға берілді. Сондай-ақ аудан тұрғындарының рухани өміріне серпін берген «Руханият орталығы» ел игілігіне қызмет етуде.
Сонымен бірге Жосалы кенті мен Ақай, ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында жаңа спорт кешендері бой көтеріп, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Байқоңыр қаласында салынып жатқан заманауи спорт кешенінің құрылысы да аяқталу кезеңіне жетті.
Ауданда инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда Жосалы және Төретам теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу, Байқоңыр қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңарту, тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді электр және газ желілерімен қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Салтанатты қабылдауда құрылыс саласының дамуына сүбелі үлес қосып, адал еңбегімен ерекшеленген бірқатар сала ардагері аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Бұл – олардың еселі еңбегіне көрсетілген құрмет пен кейінгі буынға үлгі болатын еңбектің лайықты бағасы. Мерекелік жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және сала ардагері Ақкүліш Алтаева сөз сөйлеп, құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жандос Еркінбек:
– Қандай нысан салынса да, оның сапасы мен халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуі – басты талап. Сондықтан құрылысшылардың жауапкершілігі әрдайым жоғары. Алдағы уақытта да ауданымыздың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүйелі түрде жалғасын тауып, ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін, – деді.
Құрылысшы – тек ғимарат тұрғызушы ғана емес, елдің ертеңіне берік іргетас қалайтын маман. Сондықтан олардың ерен еңбегі әрдайым құрметке лайық. Кәсіби мереке қарсаңындағы бұл тағылымды кездесу сала ардагерлері мен бүгінгі құрылысшыларға көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болды.
«ҚТ» ақпарат
08 тамыз 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (10527)

08 тамыз 2026 ж.

№58 (10526)

04 тамыз 2026 ж.

№57 (10525)

01 тамыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 609
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 073

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31