ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНДАРЫНА ҚҰРМЕТ ПЕН АЛҒЫС
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан басшысы Жандос Еркінбектің төрағалығымен Құрылысшылар күніне орай салтанатты қабылдау өтіп, құрылыс саласының ардагерлері мен осы салада жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетілді.
Жауапты қызметтің жүгін арқалаған сала иелерінің еңбегін ұлықтау мақсатында өткізілген кездесуде аудан басшысы:
- Сіздердің ел игілігі жолындағы адал еңбектеріңіз – кейінгі ұрпаққа өнеге. Күннің ыстығы мен суығына қарамай, талмай атқарған қажырлы қызметтеріңіздің арқасында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қостыңыздар. Елдің дамуына сіңірген еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін,- деді Жандос Еркінбек.
Жалпы соңғы үш жылда аудан бойынша жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 49,3 млрд теңгені құрап отыр. Дүр Оңғар, Ақжар және Тұрмағамбет ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Қармақшы және Қуандария ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттер пайдалануға берілсе, аудан тұрғындарының рухани өміріне серпін берген «Руханият» орталығы ел игілігіне қызмет етуде.
Сонымен қатар Жосалы кенті мен Ақай, ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында жаңа спорт кешендері салынды. Байқоңыр қаласында бой көтеріп жатқан заманауи спорт кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын. Қазір Жосалы және Төретам теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу, Байқоңыр қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту, тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді электр және газ желілерімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Қабылдау барысында құрылыс саласының өркендеуі мен көпжылдық адал еңбегі үшін бірқатар сала ардагерлеріне аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Мерекелік жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов және сала ардагері Ақкүліш Алтаева сөз сөйлеп, құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Қандай нысан салынса да, оның сапасы мен халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуі – басты талап. Сондықтан құрылысшылардың жауапкершілігі де ерекше. Алдағы уақытта да ауданымыздың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар жүйелі түрде жалғасатынына сенемін, – деп аудан басшысы жиынды қорытындылады.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

















