ӘР КІРПІШТЕ АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ ІЗІ
Қоғамның өркендеуі ең алдымен оны тұрғызған еңбек адамдарының маңдай терімен өлшенеді. Бүгінде ел игілігіне қызмет етіп тұрған мектеп, балабақша, тұрғын үй, мәдениет және өндіріс нысандары өздігінен бой көтерген жоқ. Олардың әрқайсысының артында өз ісіне адал, кәсібіне берілген құрылысшылардың табанды еңбегі жатыр. Осындай азаматтардың бірі – өңіріміздің құрылыс саласында жарты ғасырға жуық еңбек етіп, туған жердің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагер құрылысшы Сламхан Дөсекбаев ағамыз.
Сламхан Дөсекбаев 1952 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Балалық шағы мен жастық кезеңі туған өлкеде өтті. 1960-1970 жылдары Жосалы кентіндегі №26 орта мектепте білім алып, мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ техникалық мамандықтарға қызығушылық танытты. Қол еңбегіне бейімділігі мен құрылыс саласына деген ынтасы оның болашақ мамандығын таңдауға ықпал етті.
1970 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, инженер-құрылысшы мамандығын меңгерді. Ол кезде бұл оқу орны еліміздегі инженер мамандарды даярлайтын ең беделді жоғары оқу орындарының бірі болатын. Теориялық біліммен қатар тәжірибелік машықтарды меңгерген жас маман оқуын аяқтаған соң туған жеріне оралып, ел игілігі үшін еңбек етуді жөн көреді.
Еңбек жолын 1974 жылы Жосалыдағы «ПМК-1602» құрылыс мекемесінде бастады. Алғашқы күннен-ақ қарапайым жұмысшы ретінде еңбек етіп, тәжірибе жинақтады. Іске деген жауапкершілігі, еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында көп ұзамай тас қалаушылар бригадасының бригадирі болып тағайындалды. Бұл қызметте ол ондаған құрылысшыға жетекшілік етіп, көптеген маңызды нысанның сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуына үлес қосты.
Құрылыс саласы – төзімділік пен табандылықты талап ететін ауыр кәсіп. Жаңбырлы күн де, аптап ыстық та, қақаған аяз да құрылысшының жұмысын тоқтатпайды. Осындай қиындықтарға қарамастан Сламхан Дөсекбаев әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындап, сапаны бәрінен жоғары қойды. Оның басты қағидасы – «салынған ғимарат ондаған жыл емес, ғасырларға қызмет етуі тиіс» деген ұстаным болды.
Ұзақ жылдар бойы ауданның құрылыс саласында еңбек еткен ол көптеген әлеуметтік маңызы бар нысанның бой көтеруіне тікелей атсалысты. Оның қолтаңбасы қалған құрылыстардың қатарында аудандағы мектептердің басым бөлігі, Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі, Ақжар, Қармақшы ауылына қарасты мектептер, Қорқыт ата кесенесі, тұрғын үйлер, дүкендер және кәсіпкерлік нысандары бар. Сонымен қатар мал бордақылау алаңы мен басқа да өндірістік ғимараттардың құрылысына қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысты.
Ол еңбек еткен жылдары құрылыс тек ғимарат тұрғызумен шектелген жоқ. Әрбір нысан елдің болашағына салынған инвестиция болатын. Жаңа мектеп – жүздеген баланың білім алуына мүмкіндік берсе, мәдениет немесе әлеуметтік нысан тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға қызмет етті. Сондықтан құрылысшылар әр кірпішті жауапкершілікпен қалап, өз еңбегінің нәтижесін ел игілігімен байланыстырды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің құрылыс саласы да күрделі кезеңді бастан өткерді. Құрылыс мекемелері жабылып, тәжірибелі мамандар жұмыссыз қалды. Алайда Сламхан Дөсекбаев бұл қиындықтарға мойыған жоқ. Ол шағын құрылыс бригадасын ұйымдастырып, аудан орталығында, Қызылорда және Байқоңыр қалаларында түрлі құрылыс жұмыстарын жалғастырды. Жеке тұрғын үй, дүкен және кәсіпкерлік нысандарының құрылысын жүргізіп, қай кезеңде де сападан айнымаған шебер ретінде танылды. Оның айтуынша, құрылысшының беделі салған ғимаратының көптігімен емес, жұмысының сапасымен өлшенеді. Сондықтан ол қандай нысанға жауапты болса да, әр бөлшегіне мұқият қарап, кейінгі ұрпаққа ұялмайтын еңбек қалдыруды мақсат етті.
Ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кеңес Одағы кезеңінде министрліктердің құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Алайда Сламхан аға үшін ең үлкен марапат – өзі салуға қатысқан ғимараттардың әлі күнге дейін халық игілігіне қызмет етіп тұрғанын көру. «Ғимараттың беріктігі – құрылысшының абыройы» деген сөзді ол өмірлік ұстанымына айналдырған. Бүгінде зейнеткерлік демалыста болса да, құрылыс саласынан қол үзген емес. Қазіргі таңда салынып жатқан жаңа нысандарды қызығушылықпен бақылап, саладағы өзгерістерге бейжай қарамайды. Өйткені саналы ғұмырын осы мамандыққа арнаған адам үшін құрылыс – жай ғана кәсіп емес, өмірінің ажырамас бөлігі.
Уақыт бір орында тұрмайды. Жылдар өткен сайын құрылыс саласы да жаңа технологиялармен толығып, қарқынды дамып келеді. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған азамат бүгінгі құрылыс пен өзі еңбек еткен кезеңді салыстырғанда, ең алдымен материалдардың сапасы мен құрылыс технологияларының едәуір жетілгенін ерекше атап өтеді.
Ардагер құрылысшының айтуынша, қазіргі уақытта құрылысқа қажетті материалдардың түрі де, сапасы да әлдеқайда жоғары. Бұрын қолданыста болмаған көптеген заманауи технологиялар бүгінде құрылысшылардың жұмысын жеңілдетіп, ғимараттардың сапасы мен беріктігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен өткен кезеңнің өзіндік қиындығы да аз болмаған.
Кеңес дәуірінде құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, техниканың жетіспеуі мен құрылыс материалының уақытылы жеткізілмеуі жиі кездесетін жағдай еді. Кейде жоспарланған жұмыс қажетті материалдың кешігуіне байланысты тоқтап қалатын. Алайда мұндай кезде құрылысшылар уақыт жоғалтпай, басқа нысанға ауысып жұмыс істейтін. Осылайша, әр күнді тиімді пайдаланып, құрылыс жұмыстарының тоқтап қалмауына күш салатын. Қандай жағдай болмасын, жұмыстың сапасына ешқашан жеңіл қарамаған.
Біздің міндетіміз – жоспарды орындау ғана емес, халыққа ұзақ жыл қызмет ететін ғимарат тұрғызу болды. Сондықтан әр кірпіштің дұрыс қалануына, әр жұмыстың сапасына ерекше мән бердік. Себебі құрылысшының еңбегі жылдар бойы бағаланады, – дейді ол.
Көп жылдық тәжірибесі Сламхан ағаны бір ақиқатқа жеткізген. Оның пікірінше, құрылысшы мамандығы ең алдымен жауапкершілікті талап етеді. Бұл салада салғырттыққа немесе асығыстыққа жол жоқ. Бір ғана қателік кейін үлкен мәселе туындатуы мүмкін. Сондықтан құрылысшы әр істі ойланып, ұқыптылықпен атқаруы тиіс.
Ол бұл мамандықты таңдаған адамның бойында еңбекқорлық, тәртіп, шыдамдылық және өз ісіне деген сүйіспеншілік болуы керек екенін айтады. Ешкім кәсіби құрылысшы болып дүниеге келмейді. Нағыз маман уақыт өте келе тәжірибе арқылы қалыптасады. Күн сайын үйреніп, ізденіп, еңбек еткен адам ғана өз ісінің шеберіне айналады. Өзі де еңбек жолының алғашқы жылдарында аға буыннан көп тәлім алғанын, сол тәжірибе оның өмірлік мектебіне айналғанын мақтанышпен еске алады.
Ардагер құрылысшының кейінгі буынға айтар аманаты да қарапайым әрі өміршең. Ол жастардың ең алдымен жұмыстың көлеміне емес, сапасына көңіл бөлгенін қалайды. Өйткені құрылысшының қолынан шыққан әрбір нысан ондаған, тіпті жүздеген жыл бойы халыққа қызмет етеді.
Жарты ғасырға жуық уақыт бойы бір салада табанды еңбек ету оңай емес. Сламхан Дөсекбаев мұның сыры денсаулық пен еңбекке деген ынтада деп біледі. Өз ісін сүйген адам ғана қиындыққа мойымайтынын айтады. Құрылыстың ауыр жұмысына қарамастан, әр аяқталған нысан оған ерекше қуаныш сыйлаған. Сол қуаныш жаңа іске жігер беріп, жылдар бойы талмай еңбек етуіне себеп болған.
— Адам өз кәсібін жақсы көрсе, еңбектен ешқашан қашпайды. Әр аяқталған ғимаратты көрген сайын барлық қиындық ұмытылады. Сол сезім мені үнемі алға жетелеп отырды, адам өмір сүретін ортаның бәрі құрылысшының қолымен жасалады. Біз салған мектепте балалар білім алады, ауруханада адамдар емделеді, мемлекеттік мекемелер халыққа қызмет көрсетеді. Сондықтан құрылысшының еңбегі – елдің ертеңіне қосылған үлес. Сапалы салынған ғимарат – құрылысшының халыққа қалдырған аманаты. Қазір жастарға барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Заманауи техника да бар, сапалы материал да жеткілікті. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланып, әрбір жұмысты адал атқарса екен деймін. Құрылыс – жай ғана кәсіп емес. Бұл – елге қызмет ету. Сондықтан халықтың игілігі үшін салынатын әрбір нысанға үлкен жауапкершілікпен қарау қажет, – дейді еңбек ардагері.
Бүгінде Сламхан Дөсекбаевтың қолтаңбасы қалған ондаған нысан ел игілігіне қызмет етуде. Сол ғимараттардың қабырғасында мыңдаған бала білім алды, талай отбасы жаңа шаңырақ көтерді, қаншама азамат еңбек етті. Бұл – бір адамның өмір бойғы адал еңбегінің жемісі.
Қарапайым еңбек адамдарының тағдыры – ел тарихының ажырамас бөлігі. Сламхан ағамыздың өмір жолы да соның айқын дәлелі. Ол үшін құрылыс – тек мамандық емес, туған жерге қызмет етудің, адал еңбек етудің және артында өшпес із қалдырудың жолы болды. Ал өзі тұрғызуға атсалысқан ғимараттар мен тәрбиелік мәні зор өмірлік ұстанымы кейінгі буынға үлгі болып қала беретіні сөзсіз.
Бауыржан ЖҮНІС

















