ТОЙ ЫСЫРАП ПА, ЫРЫС ПА?
Бүгінгі той бұрынғыдан өзгерек. Ашығын айту керек, қазір тойда тағылым жоқ. Бүгінгі тойлардың болмысына үңілсек, оның мазмұны өзгеріп, мәні жұтаңдап бара жатқанын аңғару қиын емес. Рас, қазір көпшілікке ойлы сөзден гөрі арзан күлкі өтімді. Әзілдің астарындағы тәрбиелік мәннен бұрын, елді қалай да күлдіру басты мақсатқа айналғандай. Соның салдарынан күлкі қуамыз деп, қарияның қадірі көмескіленіп, қыздың ибасы мен жігіттің айбынына селкеу түсе бастады. Әдептің орнын даңғаза, парасаттың орнын жасандылық басып барады.
Бұрын той ақсақалдың ақылы айтылып, батасы берілетін, жастар өнеге алатын тағылым ордасы еді. Бүгінде сол дәстүрдің жұрнағы ғана қалғандай әсер қалдырады. Әдетғұрып пен ұлттық салттың тойхананың табалдырығында қалып қойғанын көргенде, еріксіз қынжыласыз.
Думанның да дабырасы бар
Қазіргі тойда астамшылық көп. Мұны аға буын елемесе, жастарға тек дабыра керек. «Кедей – байға, бай – Құдайға жетем деген» өзімшіл пендеге айналдық... «Біздің той» деп аузын толтырып, мақтана айтса болғаны. Барлығы аста-төк жетіп тұрса мейлі. Бәзбіреуі елден қалмай, артында «түгі болмай» тыраштанатынын қайтерсіз. Той өткеннен кейінгі көкала шығын, еңбек есепсіз қала береді. Қол ұстасқан жұптың да ғұмыры ұзақ болса дейсіз осындайда. Жастықтың буымен елпініп жүріп жылға жетпестен, «мінезіміз сай келмеді, көңіліміз жараспады» деген сынды сылтаумен жолы екіге ажырайтыны тағы бар. Үйлену – той жасаумен шектеліп қалмайды. Нағыз отбасылық өмір тойдан кейін басталады емес пе?!
Тойдың тізгіні – асабада. Қуанышты күннің қызықты, көңілді өтуі де осы жанға тікелей байланысты. Бірінші кезекте асаба мен той иелері алдын ала мықтап келісіп алғаны ләзім. Кейде дайындықпен шапқылап жүріп, біреуге «тапсыра салады». Той сіздікі болғандықтан, оған жауапты да өзіңіз. Сондықтан тойдың қалай өтетінін алдын ала жоспарлап, асабаға ескертіп қойған артық болмайды.
Ұят кімде болса – иман сонда болады. Бұл күнде қара сөздің қаймағын сылып, елді аузына қарататын асабалар сиреп, керісінше қыран-топан күлкіге қарық қыламын дейтін шоумендер көп. Ал олардың орынсыз ойыны мен қисынсыз қалжыңы қытығыңа тиеді. Айтпайын-ақ дейсіз.
Елді күлдіремін деп мейманның ар-намысына тиетін асаба көп. Біреудің асқар таудай әкесін басынан сипап, балаша жүгіртіп, отбасының, қонағының алдында әжуа қылатынын қайтерсіз. Сөйтіп, өз тойында өзі күлкі болады. Адамның арықтығын, толықтығын келемеждейді, тағысын тағы жалғаса береді. Тізе берсеңіз – көп. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, тойдағы сұмдықтан жаға ұстайсыз. Таяқтың бір ұшы тойдағы жұртқа да тиеді. Өйткені, «Тұтынушы нені қаласа, өндіруші соны ұсынады» деген сауданың қарапайым заңдылығы бар.
Асаба да той иесі нені талап етсе, соны істейді. Өйткені, халыққа қазір шоу өтіп тұр. Ортада өтімді әзіл айтып, бұралқы сөзді әсірелейтін шоумен іздейді. Салиқалы басқаратын асабаны ұсынса, «іш пысады» деп бетін тыржитады. Асабаның қалтасындағы қалжыңы, қоржындағы ойыны бірсарынды болып, тойға жиналғандарды жалықтырып жібереді. Бүгінде сөзі мәнді, тәжірибелі асабалар жоқ деуден аулақпыз. Дегенмен, қазақтың салтдәстүріне қанық, оны бүгінгі заманның талабымен ұштастыра білетін той жүргізушілер тіптен аз.
Халқымыз тойды асқаннан, тасқаннан жасамайды. Шаңырақ көтеріп жатқан жастарға елдің батасы тисін, көптің тілегін алсын деген ниетте жасайды. «Баталы құл – арымас» деген. Қуанышым көбейсін деп бөліседі. Әуелдегі ниет – осы.
Қанына өлең мен әуез сіңген дана ел түскен келінге айтатын өнегесін қарапайым сөзбен емес, беташармен жеткізетін. Ұзатылған қыз да ішіндегі қимастығын тұла бойыңды елжіретер сыңсумен айтатын. Айтыс та тойларда өтетін. Мыңды айдаған байлар додада өз ауылының даңқын шығару үшін бар жақсысын, палуанын, ақынын, бір өзі бір қойды жейтін мешкейін ертіп барған. Ойлап отырсаңыз, қазақтың тойы жай ғана ішіп, жеп, көңіл көтеру емес. Дала философиясы аңқыған ауыз әдебиеті, жауынгерлікті, рухты шыңдайтын ойыны, тұтас бір ғылымға татитын салт-дәстүрі де осы той арқылы сақталып, жаңғырып отырған. Той мәдениеті мен тәртібі бір күнде түзелмейді. Десек те салтанатты кештерді ұйымдастырып жүрген азаматтар дәстүрден алшақ кетпесе екен дейсіз. Қалай десек те қандай бас қосу болсын көңілің марқайып, рухани азық алып шыққанға не жетсін?!
Береке ме, бәсеке ме?
Жасыратыны жоқ, қазірде қуаныштың сәнінен гөрі салтанатына, мазмұнынан бұрын материалдық көрінісіне басымдық берілетін жағдайлар көбейді. Тойдың табысы қонақ санының көптігімен, мейрамхананың сән-салтанатымен, әншінің танымалдылығымен немесе дастарқанның молдығымен өлшенетіндей. Бірінен бірі асып түсуге ұмтылған жұрт кейде шамадан тыс шығынданып, несие алып, әлеуметтік бәсекенің құрбанына айналып жатады. Қуаныштың орнына уайым, берекенің орнына бәсеке алмасқанда, той өзінің бастапқы мәнінен алыстайды.
Тағы бір ойландыратын мәселе – тойдың тәрбиелік мазмұнының әлсіреуі. Жоғарыда айта кеткеніміздей ертеректе қазақ тойында үлкендер өнегелі сөз айтып, ақ батасын беретін, жастар ұлттық салтдәстүрді көзбен көріп, бойына сіңіретін. Бүгінде кейбір тойларда арзан күлкі мен даңғаза ойын-сауық басым. Жұртты күлдіремін деген желеумен үлкенге құрметке, қызға тән инабатқа, жігітке жарасар сабырға көлеңке түсіретін көріністер жиілеп барады. Әзілдің де шегі, ойынның да орны болуы керек.
Әрине, барлық тойды бірдей сынауға болмайды. Ұлттық дәстүрді жаңғыртып, ысыраптан бойын аулақ ұстап, тәрбиелік мәнге басымдық беріп жүрген үлгілі отбасылар аз емес. Олар тойдың басты сәні қымбат безендіруде емес, шынайы ықыласта, ағайынның ауызбіршілігінде, үлкеннің батасы мен жастардың ізетінде екенін дәлелдеп келеді.
Той – бәсекелесетін алаң емес, берекені арттыратын орта болуы керек. Егер тойда дарақылықтан бұрын қарапайымдылық, ысыраптан бұрын қанағат, даңғазадан бұрын дәстүр дәріптелсе, онда оның тәрбиелік те, рухани да құндылығы арта түсер еді. Өйткені тойдың шынайы сәні – мол дастарқанда емес, пейілдің кеңдігінде. Ал берекелі той – ұлттың да берекесін арттыратын құндылық.
Тойдан бас тартқан жастар
Соңғы жылдары жастардың арасында мүлде басқа көзқарас қалыптасып келеді. Олар салтанатты кеш ұйымдастырудың орнына, жинаған қаржысын баспана алуға, кәсіп бастауға немесе болашаққа қажетті өзге мақсаттарға бағыттауды жөн көреді. Бұл дәстүрден безіну емес, керісінше, өмірдің шынайы қажеттіліктеріне басымдық беру.
Қазір жас отбасының алдында баспана мәселесі, тұрақты табыс, бала тәрбиесі, несие жүктемесі сияқты маңызды міндеттер тұр. Осындай жағдайда бір күндік салтанатқа қомақты қаражат жұмсаудың орнына, сол ақшаны алғашқы жарна ретінде пайдалану әлдеқайда ұтымды деген пікір кеңінен таралып келеді. Әлеуметтік желілерде де «шағын рәсім өткізіп, қалған қаражатты үй алуға жұмсадық» деген жас жұбайлардың тәжірибесі жиі жарияланып жүр.
Мұндай шешімнің астарында қаржылық сауаттылық жатыр. Бұрын «елден қалмау» маңызды болса, бүгінгі буын «ертең қалай өмір сүреміз?» деген сұраққа көбірек мән береді. Әрине, мұндай таңдауды бәрі бірдей құптай бермейді. Кейбір үлкендер «дәстүрдің сәні кетеді», «ел не дейді?» деген уәж айтады. Дегенмен жастар үшін ең бастысы – өзгелердің бағасы емес, өз отбасының берік іргетасын қалау. Егер салтанатты жиын кейінге шегеріліп, оның орнына жеке баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік туса, мұны ақылға қонымды шешім деп қабылдайтындар көбейіп келеді.
Бүгінде көпшілік әлеуметтік желідегі жарқын көріністерге еліктеп, өз мүмкіндігінен асып түсетін шығынға барады. Мұның салдары кейде бірнеше жылға созылатын қарызға ұласады. Ал жас шаңырақтың өмірі несие өтеумен басталса, оның салмағы отбасылық жоспарларға да әсер етпей қоймайды. Сондықтан жастардың бір бөлігі сыртқы сәннен гөрі, нақты қажеттілікке көңіл бөлуге көшті.
Бұл үрдіс тек қаржы үнемдеумен шектелмейді. Ол қоғамдағы жауапкершілік мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын да аңғартады. Өз мүмкіндігін дұрыс бағалау, табысын тиімді жоспарлау, болашақты алдын ала ойлау – қазіргі буынның басты ұстанымдарының біріне айналып келеді.
Әрине, ешкім көпшілікті той өткізуден бас тартуға үндеп отырған жоқ. Қазақ үшін қуанышты ағайынмен бөлісудің орны бөлек. Алайда салтанаттың көлемі емес, оның шынайылығы маңызды екенін ұғынатын уақыт жеткен сияқты. Отбасылық өмірдің алғашқы қадамы сән-салтанатпен емес, сенімді іргетаспен басталса, оның жемісі әлдеқайда ұзаққа созылады.
Бәлкім, бүгінгі жастардың таңдауы ертең қалыпты құбылысқа айналар. Өйткені уақыт өткен сайын қоғам да өзгереді, қажеттілік те өзгереді. Ал өзгермейтін бір нәрсе бар: әр отбасының ең үлкен арманы – өз шаңырағының болуы. Сол себепті бір күндік әсерден гөрі, ұзақ жылдарға жететін игілікке ұмтылу – жаңа буынның ең маңызды ерекшеліктерінің бірі.
Түйін Той – қазақтың рухани болмысының ажырамас бөлігі. Бірақ оның қадірі жұмсалған қаржының көлемімен емес, адамдардың ниетімен, отбасының бақытымен өлшенуі тиіс.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ысырапшылдық пен орынсыз мақтанға жол бермеу – қоғамның мәдениетінің көрсеткіші» деген пікірі де осы мәселеге қатысты айтылған маңызды ойлардың бірі. Бұл сөз әрбір азаматты қаржыны ұқыпты жұмсауға ғана емес, ұлттық салт-дәстүрді оның шынайы болмысымен сақтауға үндейді. Дәстүрдің қадірі дарақылықпен емес, парасатпен артады.
Қазақтың тойы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінің көрінісі. Ендеше, оны даңғаза думанның емес, ұлттық рухтың, әдептің, ізеттің және ізгі тілектің ордасына айналдыру – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Сонда ғана той өз мәнін жоғалтпай, ұлттың ұлағатын ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын рухани құндылық болып қала бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ













