ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛҒАН
Теміржол – ел экономикасында аса маңызды саналатын саланың бірі. Ол жолаушы тасымалымен айналысып, ондаған мың қашықтыққа жүк жеткізеді. Бұл – халыққа қауіпсіз әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Болат жолдың бойында жол жөндеуші, машинист, диспетчер, байланыс операторы, тағы басқа да жауапты мамандар уақытпен санаспай мемлекеттің экономикалық қуатын арттыруға үлестерін қосады.
Жосалы кентінің тұрғыны Бердібек Кенжеев те теміржол саласына саналы өмірін арнап, 42 жыл бел жазбай еңбек етті. Өмірінің мәнін еңбек деп ұққан азамат күннің ыстық-суығына қарамастан, өзіне жүктелген міндетке үлкен жауапкершілікпен қарады. Қарапайым отбасында дүние есігін ашқан ол жастайынан еңбектің дәмін татып, адалдықты жанына серік етіп өсті.
Бердібек Нағашыбайұлының өмір жолына тоқталар болсақ, 1954 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Кент орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебін 1972 жылы бітіріп, келер жылы әскер қатарына алынады. Украйнаның Житомир облысына қарасты Коростень қаласында 2 жыл азаматтық борышын өтеп, 1975 жылы туған ауылына оралды. Әскери қызметін абыроймен атқарған жас жігіт елге келісімен Жосалы стансасындағы Қызылорда вагон депосына қарасты Жосалы вагон қарау бекетіне вагон жөндеуші болып жұмысқа орналасты.
Білім алу – қашан да артықтық етпеген. Өзіңді жетілдіріп, білмегеніңді үйренесің. Саланың қыр-сырын тереңірек меңгеруде арнайы мамандық алуды көздеген теміржолшы 1977 жылы Алматы теміржол көлігі техникумының «Вагон және вагон шаруашылығы» факультетіне оқуға түсіп, оны «Техникмеханик» мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтап шығады. Оқи жүріп, еңбектен қол үзбеген азамат 1980-1984 жылдар аралығында Жосалы вагон қарау бекетінде аға вагон қараушы болып еңбек етсе, әрі қарай да оған жауапкершілік жүктеледі. Қызметкердің жұмысына көңілі толған сала басшылығы Бердібек Нағашыбайұлын бекеттің басшылық қызметіне тағайындап, сенім білдіреді. 1984 жылдан 2003 жылға дейін осы басшылық қызметті абыроймен атқарып, әріптестеріне өнеге болады. Мұнан соң Қармақшы мұнай стансасында аға вагон қараушы, Қызылорда қаласының «Қазтеміржолтранс» мекемесінде инспектор болып еңбек жолын жалғастырған.
Иә, ағамыз теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өз ісінің шебері екенін дәлелдей білген жан. Қазақстан теміржолының әлеуметтік-экономикалық, техникалық және қауіпсіздік саласына ерекше еңбегін сіңірді. Халыққа қызмет жолында көптеген марапатқа ие болып, елдің ықыласына кенелді.
Ол бір сөзінде «Әкем Нағашыбай Кенжеұлы соғыс жылдарында Свердловск облысы, Ревда қаласында зауытта еңбек етті. Ауылға оралған соң Жосалы стансасындағы локомотив жөндеу депосына жұмысқа орналасып, 1960 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін теміржол бөлімшесіне қарасты ОРСНОД мекемесінде жұмысшы болды. Анам Майса Оспанқызы ер азаматтар майдан даласында өлім мен өмірдің ортасында жан беріп, жан алысып, елін қорғап жатқанда, ол өзі қатарлы қызкеліншектер мен елде қалған қарттармен бірге тылда күндіз-түні тынбай еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жылдарында құрылыс, теміржол, мәдениет салаларында қажырлы еңбек етті. Ардақты әкеміз бен аяулы анамыздан 7 бала тарадық. Барлығына да жақсы тәрбие берді. Бауырларым да теміржол саласының мамандары, – деп айтқаны бар еді.
Бірнеше буын өкілінен жалғасқан еңбек әулетінде бүгінгі күні де шойын жолдан нәпақасын тауып жүргендері бар.
– Марқұм Бекең, өмірін теміржолға арнаған азамат болатын. Сабырлы, салмақты еді. Жұмысын адал атқарды. Менің әкем Торыбай Аманжолов Жосалы стансасының техникалық қауіпсіздік бекетінің аға шебері болған. Қарауында 40 адам, 4 ауысыммен жұмыс істеді. Бердібек әкемнің шәкірті. Қарамағына келгеннен тәжірибесімен бөлісіп, ізінен тәрбиелеген маманы. Әкеміз ол туралы үнемі жақсы пікірде болған. Риза болып отыратын, – дейді теміржол саласының ардагері Жаяхмет Аманжолов әріптесі жайында.
Атпал азамат ебекпен қатар, отбасында қамқор әке, аяулы жар атанып, шаңырақ шаттығын тең ұстады. Адал жары, өмірлік серігі Дәмелі Тілеубаевамен бірге 4 бала тәрбиелеп өсірді. Әке жолын жалғаған үлкен ұлы Ерлан да 2002 жылдан бері теміржолда еңбек етіп келеді. Ол теміржол академиясының түлегі. Ағайдың жары Дәмелі апай да жол бойында қызмет етіп, 2013 жылы зейнет демалысына шыққан.
Теміржол саласының шебері Бердібек Кенжеев 2017 жылы зейнеткерлікке шықты. «Бір кем дүние» демекші, өкінішке қарай араға 3 жыл салып өмірден өтіп кете барды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

















