» » Теміржол тарланы

Теміржол тарланы

Теміржол саласында аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Сондай жанның бірі – еселі еңбегімен ел ықыласына бөленген Төретам кентінің тұрғыны Кеңес Көшкінбаев десек артық айтпаспыз.
Кеңес Бекманбетұлы – көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Ол 1940 жылы Қазалы ауданы, Байқожа стансасында өмірге келген. Мектеп қабырғасын 1956 жылы бітірген ол еңбекке ерте араласады. 16 жасынан теміржолшы қызметін атқарған. Сол кезден бастап оның теміржол саласындағы табысты еңбек жолы жалғасын тапты. Қызмет бабымен жүріп, Төретам кентіне қоныс аударады. Бұл жерде де еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түскен. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді. Уақыт өте келе еселі еңбегінің нәтижесінде «Қазақ теміржолының ардагері» деген атаққа ие болған. Осы салада қырық жыл бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан.
– Біз жұмысты бастағанда талап қатты болатын. Киімге дейін өздері дайындап беріп, тек тәртіпті ғана сұрайтын. 8-10 сағат қызмет жасаймыз. Міндетті түрде жұмысқа жарты сағат ерте барамыз. Денсаулығымызды күн сайын тексеріп, сол күнгі жұмыстың жай-күйін айтып, тапсырма беретін. Ал себепсіз жұмыстан қалып немесе кешігіп келсеңіз онда ортаға салып, қатты сынайтын. Мұндай сынның астында қалуды ұят санайтынбыз. Сондықтан да әрдайым жұмыстан кешікпеуге, қалмауға, кез келген жұмысты жауапкершілікпен атқаруға тырысатынбыз, – дейді ардагер теміржолшы.
Білікті маманның көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Қырық жыл теміржол саласының дамуына қосқан ерен еңбегі үшін «Теміржол саласының үздігі» марапаты табысталған. Сонымен қатар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Елге сыйлы, халқына қадірлі ағамыз әрқашан да құрмет төрінен аласарған емес.
Зейнетке шықса да, құр қарап отыруды құп көрмей Байқоңыр қаласындағы қалалық газ мекемесінде 20 жыл табысты еңбек етеді. Өз ісіне деген жауаптылығының арқасында «Байқоңыр космодромының ардагері» атанып, марапат төрінен көрінген.
Бүгінде береке дарыған әулеттен тараған жеті бала бір-бір үй болып, өз саласында табысты еңбек етуде.
– Расында, түсінген адамға темір жолдың қиындығы көп жұмыс. Пойыздың қозғалысы уақытпен есептеледі. Уақыттан ауытқымай, межелі жерге көрсетілген мерзімде жету үшін теміржолшылардың тынымсыз еңбек етуіне тура келеді. Кейде тынымсыз еңбек те аздық ететін кездер болады. Сондықтан әр іс асқан жауапкершілікпен орындалуы керек. Қызмет бабында жүктелетін міндеттерді ешқашан мынау ауыр немесе жеңіл деп бөлген емеспіз. «Менің қолымнан келмейді» деп те айтып көрмедік. Орындалуы керек іс пе, орындау міндетің. Тіпті жауапкершілік жүгі артқан сайын ерекше жігерленетінбіз, – дейді өткен күнге көз салған сала ардагері.
Қазіргі таңда Кеңес атамыз Төретам кентінде балаларына ақылшы әке, немерелеріне қамқор ата болып мамыражай тұрмыс кешуде. Еселі еңбектің өресіне шыққан ардагер теміржолшы көп жылғы бейнетінің зейнетіне бөленіп отыр.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ,
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
08 тамыз 2022 ж. 1 228 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 261

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 360

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930