Құрылтай
» » САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ДАМУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ДАМУДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Жосалы кентіндегі «Руханият орталығында» аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен кезекті баспасөз брифингі өтті. Ашық форматта өткен кездесуде Қармақшы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы мен аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің 2026 жылдың алғашқы алты айында атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері туралы кеңінен айтылды.
Брифингке Қармақшы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергенов пен аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаров қатысып, өз салалары бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндады. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, қоғамды толғандырған бірқатар мәселеге қатысты түсіндірме жасады.
Жиын барысында Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік кірістер органдарының басты міндеттерінің бірі – бюджет кірістерін тұрақты қамтамасыз етумен қатар, салық төлеушілерге қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру. Осы мақсатта бүгінде көптеген қызмет электронды форматқа көшіріліп, азаматтардың уақытын үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға басымдық беріліп келеді.
Алты айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы түсіп, жергілікті бюджет жоспары 108,3 пайызға орындалған. Бұл аудан экономикасының тұрақты дамып, бюджет кірістерін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар салықтық берешекті азайту, қосымша резервтерді анықтау, бақылау-касса машиналарын тиімді пайдалану және көлік салығын өндіру бойынша атқарылған жұмыстар да оң нәтиже бергені айтылды.
Брифинг барысында жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге де ерекше назар аударылды. Заңнамадағы жаңашылдықтардың мақсаты – салық жүйесін жетілдіру, кәсіпкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыру және салықтық әкімшілендіруді барынша жеңілдету. Осыған байланысты аудан көлемінде кәсіпкерлер мен тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жиында сөз алған аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаров агроөнеркәсіптік кешеннің алғашқы жартыжылдықтағы көрсеткіштерін таныстырды. Оның айтуынша, биыл аудан бойынша 25 мың гектардан астам егіс алқабына ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылған. Күрішпен қатар дәндік жүгері, бидай, мақсары, мал азықтық және көкөніс-бақша дақылдары егілген. Бұл жұмыстар ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылшаруашылығы өндірісінің көлемін арттыруға бағытталған. Қармақшы ауданы – Сыр өңіріндегі ауылшаруашылығы басым дамыған аудандардың бірі. Сондықтан су ресурстарын тиімді пайдалану бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің қатарында. Осыған байланысты су үнемдеу технологияларын енгізу, лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу, егістікті сапалы сумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Сонымен бірге минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету, арзандатылған дизель отынын бөлу және ауылшаруашылығы техникаларының тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселелері де тұрақты бақылауда екені айтылды.
Баяндама барысында ауылшаруашылығына инвестиция тарту мәселесіне де ерекше тоқталды. Соңғы жылдары салаға жаңа жобалар тартылып, заманауи технологияларды енгізуге басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс көлемінің ұлғаюына оң ықпал етуде.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдау бағдарламаларының орындалу барысы таныстырылды. «Кең дала-2», «Ауыл аманаты», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындарын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және жас мамандарды ауылдық жерлерге тарту бағытында нақты нәтижелер бар екені жеткізілді.
Жер қатынастары саласында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылуда. Пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстар заң талаптарына сәйкес жалғасуда. Мұндай шаралар жер ресурстарын тиімді пайдаланып, нақты жұмыс істейтін шаруашылықтардың игілігіне беруге мүмкіндік береді.
Брифингте мал шаруашылығының даму көрсеткіштері, ауылшаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі, шегірткеге қарсы жүргізілген қорғаныс шаралары, мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасы және аудан экономикасына тартылған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде де кеңінен мәлімет берілді. Сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Жиын соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, спикерлер тарапынан толыққанды жауаптар мен жан-жақты түсіндірмелер алды. Салық заңнамасындағы өзгерістер, су мәселесі, ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдау, инвестициялық жобалар және жер қатынастарына қатысты көтерілген сұрақтар бойынша да талдау жасалды.
Мұндай баспасөз брифингтері мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық байланысты нығайтып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тұрғындарды дер кезінде хабардар етуге мүмкіндік береді. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы көрсеткендей, ауданның әлеуметтікэкономикалық даму бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, мемлекеттік бюджет кірістерінің артуы, ауылшаруашылығы саласындағы тұрақты көрсеткіштер, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асырылуы және инвестициялық жобалардың жүзеге асуы алдағы уақытта да ауданның тұрақты дамуына негіз болмақ.
«ҚТ» ақпарат
26 шілде 2026 ж. 38 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№55 (10523)

25 шілде 2026 ж.

№54 (10522)

21 шілде 2026 ж.

№53 (10521)

18 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 548
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 1 021

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031