АУДАН ӘКІМІ ҚЫЗЫЛТАМ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Кеше аудан әкімі Қармақшы ауылдық округіне қарасты Қызылтам елді мекеніне жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті және ауылдағы бірқатар нысандарды аралады.
Алдымен аудан басшысы Жалағаш–Жосалы автожолы бойындағы теміржол арқылы өтетін көпірге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты Қызылтам елді мекені мен көпір аралығындағы уақытша айналма жолды қарап, оның жай-күйімен танысты. Жолдың қауіпсіздігі мен тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Одан кейін аудан әкімі №79 орта мектепке барып, білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын аралап көрді. Мектептің жаңа оқу жылына дайындығы, оқу кабинеттерінің жабдықталуы және білім беру үдерісіне жасалған жағдайлармен танысып, жауапты тұлғалармен пікір алмасты.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Қызылтам елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуде тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар мен түсіндірмелер алды. Сонымен қатар, айтылған ұсыныстардың әрқайсысы назарға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Сапар соңында аудан әкімі Марал ишан кесенесіне электр желісін тарту жұмыстарының барысымен танысты. Нысандағы жұмыстардың сапасы мен орындалу қарқынын бақылап, жауапты сала мамандарына құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

















