АУДАН ӘКІМІ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ
Аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентінде орналасқан бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты.
Аудан басшысы алдымен теміржол вокзалы ғимаратында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қарап, құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына назар аударды.
Одан кейін, «Ботагөз» сауда үйіне барып, азық-түлік өнімдерінің бағасына мониторинг жүргізді. Жауапты сала басшыларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, сондай-ақ халық тұтынатын бірінші қажеттіліктегі өнімдердің бағасы мен сапасына тұрақты бақылау орнату тапсырылды.
Сонымен қатар, аудан әкімі «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландырылған «Фариза» кондитерлік шағын цехының жұмысымен танысты. Кәсіпкер шығарылатын өнім түрлері және алдағы жоспарлар жөнінде мәлімдеді.
Сапар соңында, Жосалы кентіндегі №183 орта мектепке барып, білім беру ұйымындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аудан басшысы оқу ғимаратының жай-күйін, материалдық-техникалық базасын, оқу кабинеттерінің жабдықталуын және білім алушыларға жасалып отырған жағдайды қарап шықты.
Айта кетейік, Ү.К.Томанов атындағы №183 орта мектебі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Қызылорда облысы» жобасы аясында жалпы құны 45,9 млн теңгені құрайтын заманауи оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталды. Жоба шеңберінде физика, химия және биология пәндеріне арналған оқу кабинеттері толық жаңартылып, заманауи зертханалық құралдармен қамтылды.
Жаңартылған кабинеттерде зертханалық және практикалық жұмыстарды сапалы ұйымдастыруға мүмкіндік жасалып, оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағыттауға, сондай-ақ олимпиадалық есептерді тиімді әдістермен шешуге қолайлы жағдайлар жасалды.
Аудан әкімі білім сапасын арттыру, оқу орнын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

















