БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН ЖАЗ
Жаз мезгілі – балалар үшін демалыс қана емес, олардың шығармашылық қабілетін шыңдап, жаңа достар тауып, пайдалы да қызықты уақыт өткізуіне берілетін ерекше мүмкіндік. Осы мақсатта аудандық оқушылар үйі жыл сайын жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл да мекеме жанынан құрылған «Жас толқын» аулалық клубы өз жұмысын 1 маусымнан бастады.
Жазғы маусымда оқушылар үйінде 13 үйірме мен 10 аулалық клуб жұмыс жүргізіп, 894 баланы қамту жоспарланған. Күндізгі уақытта үйірмелер ұйымдастырылса, кешкі мезгілде «Жастар» саябағында, Тайшық би, Құлмұратов және Мүсірбаев көшелеріндегі ойын алаңдарында, Ардагерлер аллеясында және оқушылар үйінің аумағында аулалық клубтардың жұмысы жүргізілді.
Клуб жұмысы 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олар – көркем-эстетикалық, азаматтық-патриоттық, туристік-өлкетану, денешынықтыру және сауықтыру, сондай-ақ технологиялық және инновациялық бағыттар. Осы бағыттарға сәйкес арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, әр күнге мазмұнды бағдарламалар әзірленген.
Жазғы маусым «Армысың, арайлы жаз!» атты мерекелік шарадан бастау алды. Ашылу салтанатында ұйымдастырылған «Бақытты балалық шақ» мерекелік кеші балаларға көтеріңкі көңілкүй сыйлады. Сонымен қатар «Шеберлік пен шабыт» шығармашылық көрмесі, «Этно әлемге саяхат» бекеттік ойыны, «Балалық шақтың бояулы бағы» шығармашылық алаңы мен «Кендама» ептілік ойыны ұйымдастырылып, балалардың белсенді қатысуымен өтті.
Маусым айы бойы балалар үшін түрлі бағыттағы танымдық, шығармашылық және спорттық шаралар өткізілді. Атап айтқанда, «Біз біргеміз!» танысу фестивалі, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Рәміздер – ел рухы» интерактивті алаңы, табиғат аясындағы «Quest X: Жоғалған қазына» шытырман квесті, ұлттық ойындарға негізделген ойындар марафоны, «Cinema Party» кино кеші, «Book Art студиясы» кітапханаға саяхат іс-шаралары оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Football Day: Доп додасы» футбол жарысы, «Water Day – Су ойындары күні», түрлі спорттық ойындар мен эстафеталар ұйымдастырылды. Ал шығармашылық қабілет дамыту бағытында «Color Party – бояулар мерекесі», «Фото Vibe» фотобайқауы, «Арман қала – Астана» сурет салу байқауы өткізілді.
Балалардың азаматтық жауапкершілігі мен экологиялық мәдениетін қалыптастыруға арналған «Менің бір күнім – бір жақсылық» акциясы, «Eco Day: Таза табиғат күні» экологиялық акциясы, логикалық ойындар мен викториналардан тұратын «Smart Break: пайдалы демалыс» бағдарламасы да өз нәтижесін берді. Сонымен қатар 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «Мен өмірді таңдаймын!» атты интерактивті фестиваль өткізіліп, жас ұрпақ арасында салауатты өмір салты кеңінен насихатталды.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу де клуб жұмысының маңызды бағыты болып табылады. Осы мақсатта «Домбыра – ұлттық рухтың айнасы» атты кездесу кеші ұйымдастырылып, ұлттық өнердің тәрбиелік мәні дәріптелді. Ал, маусым айы «Summer Picnic FEST: Көңілді жаз күні» атты танымдық демалыс-пикнигімен қорытындыланып, балаларға жақсы көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Сонымен қатар, күнделікті жоспар бойынша таңертеңгі флешмобтар, тәрбие сағаттары, квест-фестивальдер, экскурсиялар, шығармашылық байқаулар, қызықты фильмдер көрсету, асфальтқа сурет салу жарыстары мен түрлі челлендждер тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Қармақшы ауданының оқушылар үйі ұйымдастырып отырған «Жас толқын» аулалық клубының жұмысы – балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде әрбір бала өз қабілетін танытып, жаңа достар тауып, қызықты демалыс өткізіп қана қоймай, өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алуда.
Марал МҰРАТҚЫЗЫ,
аудандық оқушылар үйінің педагог-ұйымдастырушысы















