ЖАЙДАРЫ ЖАЗҒА МЫҢ АЛҒЫС
Жадыраған жаз мезгілі де, балалардың үш ай демалысы да әне-міне дегенше өте шықты. Балалардың бірі – бұл күндерін ата-әжесінің ауылында алаңсыз өткізсе, енді бірі – аудандық оқушылар үйі жанынан құрылған «Жас толқын» аулалық клубымен бірге болды.
Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуде оқушылар үйінің ұстаздары аянып қалған жоқ. Аулалық клубтың негізгі мақсаты – балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, әртүрлі танымдық және спорттық ойындар мен көпшілік іс-шараларын өткізу. Қоғамға пайдалы еңбек пен демалысты ұштастыра отырып, табиғатты аялап, таза ауа, күн, су, жер арқылы шынығуды үйрету. Осы қасиеттерді балалардың бойында қалыптастыру мақсатында аудандық оқушылар үйі жанынан құрылған «Жас толқын» аулалық клубында 21 аулалық клубы жұмыс жүргізді. Маусым айынан бастап аулалық клубтарға 870 бала қамтылды. Жаз мерзімінде балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға құрылған айлық жоспарға сәйкес 40-қа жуық шара өтті. Атап айтсақ, жасөспірімдер арасында сурет салу өнерлерін арттыру мақсатында 12 шара, спорттық бағытта 15 шара, балалардың логикалық қабілетін дамыту мақсатында 5 шара, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында 8 іс-шара өткізілді.
Жуырда аудандық оқушылар үйінде «Жайдары жазға мың алғыс!» тақырыбында «Жас толқын» аулалық клубының жабылуы болып өтті. Мерекелік кешке білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова, жастар ресурстық орталығы КММ директоры Әділ Мұратұлы, «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыт Райымбаева қатысып, оқушыларға ыстық лебізін білдірді. Шара барысында оқушылар ән айтып, би биледі. «Робототехника» үйірмесінің мүшелері «Робо шоу» көрсетіп, қонақтарды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Шара соңында оқушылар үйінің ұстаздары мен оқушылары көңілді флешмоб биледі.
Марал АЙМАХАНОВА.