БІР МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛҒАН ҰЖЫМ
Киелі мекенімізде ғасырлық тарихы бар мекемелер бүгінгі күні де жұмысын жалғастырып келеді. Оның қатарында «Қармақшысушар» өндірістік учаскесі де бар десек, қателеспейміз. Мекеменің тарихы әріден басталады. Көнекөз қариялардың айтуынша, ауданда суды реттеп, су жолдарына жармалар қаздыратын мекеме сонау 1930 жылдары болған көрінеді. Ал кейбір мәліметте 1932 жылы аудандағы су шаруашылығын орыс ұлтының өкілі Смирнов деген кісі басқарған деген айтылады.
Сол жылдары «Утренняя заря», «Жаңа бақыт», «Оян», «МТС», «Түп бөгет», «Бозарқаш», «Қызыл әскер», «Ленин» елді мекендерін – қазіргі Ақжар, Дүр Оңғар, III Интернационал, Тұрмағамбет ауылдарын сумен қамтамасыз еткен. Мекеме мамандарының ұсынысымен «Аю», «Қурайлы», «Бала жарма», «Наурызбай» жармаларын қазуға бастама көтеріліп, әрбір шаруашылықтың басшыларымен ақылдаса келе солардың көмегімен осы жармалар қазылған. «Аю», «Қурайлы» жармаларының сағаларын егін жиналып болған соң күзде «Қарабурамен» байлатып, көктемде қайта ашылып отырған. Осы жылдары мекемеде Сәден Көшенов, Қуат Баймаханов, Тілеу, Қабақ Жұбаев, Берман Бисенбаевтар еңбек еткен. Техник С.Көшенов су шаруашылығындағы үздік еңбегі үшін 1949 жылы КСР Жоғарғы кеңесінің грамотасымен наградталған. Бұл азаматтар өздеріне тиісті жұмыстарды ғана атқарып қоймай, су баратын жерлерге ағаш отырғызып, халықты осы жұмысқа үгіттеген. Аудандағы бұрынғы «Сталин» жармасы, қазіргі Оң Жағалау тармағы 1939 жылы қолмен қазылып, 1943 жылы аяқталған. Ол уақытта аудандық су шаруашылық бөлімінің бастығы Павел Деникин болса, Ен Чагай аға техник, Б.Қуатов пен Ф.Ефремов жұмыстар атқарған.

Ауданымыздың су шаруашылығы жүйелері басқармасының тарихы жерлесіміз Ідіріс Тұрмағанбетовтың атқарған еңбегімен ерекше аталады. Ол 1965 жылы аудандық су жүйелері басқармасының бастығы болып тағайындалып, 1979 жылға дейін абыроймен қызмет етті. Адал еңбегінің арқасында «Құрмет белгісі» орденімен, «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген гидротехнигі» құрметті атағымен марапатталды.
Аудандағы ірі жармалардың бірі – «Қурайлы» 1923 жылы, «Аю-шығанақ» жармасы 1929 жылы қолмен қазылды. 1934 жылы «Аю-шығанақ» каналы Қаспайға дейін ұзартылып, 1936 жылдың аяғында «Дөн-Жарма, «Бала жарма болып бөлінген. Оң жақ тарау аталатын жарманың төменгі 420 бекетінен бастап 1939 жылы қазылып, 1940 жылы қазу жұмысы аяқталған. Оған 40 мыңнан астам адам атсалысқан. 246 мың текше метр топырақ шығарылған. Соның нәтижесінде бұл канал төрт ірі жармаға су беретін сағаға айналды. «Қурайлы», «Аю-шығанақ», «Наурызбай», «Бала жарма» каналдарының сағасы осы су арнасына қосылып, бір жүйеге айналды. Соғыс біткен соң бұл жарма 19,5 шақырымға қайта қазылады. Қолмен топырақ шығару 1948 жылдан бастап азайып, техника пайдалану ене бастаған. Ауданға жер қазатын экскаваторлар 1947 жылы келе бастаған. Экскаваторды ағайынды Карухандар жүргізген. Аудандағы егіс көлемі әлдеқайда көбейіп, 1957 жылы барлығы 6889 егіс алқабының 1623 гектарына күріш егілсе, 1967 жылы 11519 гектар егістіктің 7000 гектарына Сыр салысы орналастырылған. 1997 жылы егіс көлемі 21026 гектар болса, оның ішінде күріш 9527 гектар жерге дейін кеңейген.
Су реттеу жұмыстары 1963 жылға дейін қолмен «Қарабура» арқылы атқарылды. Су реттейтін 1-ші құрылыс 1958 жылы Оң жағалау жармасынан 420 бекеттеріне салынса, инженерлік жүйеге келтіріп тегістелген жер болмаған. Алғашқы тегістелген жер 1967 жылы 100 гектар болып пайдалануға беріледі. 1963 жылдан бастап жоғарғы, төменгі «Қурайлы», «Наурызбай», «Қармақшы» бөлімшелері ашылып, оған Қазақбай Бәшенов, Сәдуақас Медебаев, Бұхарбай Жәлиев, Шакизада Дәрменовтер басшылық жасады. Қызылқұм, Қарақұм жайылымдарын жерасты сумен суландыру бойынша арнайы бөлім ашылып, оны Әбсат Қойбағаров басқарды.
1969-1970 жылдары басқарма жанынан су пайдалану және құрлыс жөндеу бөлімі ашылды. Алғашқысы 1971 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын бітірген Мұрат Өтебасовқа, ал екіншісі Надежда Максимоваға жүктелді. Мекеменің бас инжинері болып Қорғанбек Сырлыбаев 1978 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылдары басқа жұмысқа ауысуына байланысты Су пайдалану бөлімінің бастығы болып М.Өтебасов тағайындалды.
Ауданға тұңғыш рет 1975 жылы Чехословакиядан қалқымалы насос қондырғысы алынып, Жосалы кеңшарының Қостөбе каналына орнатылды. Шаруашылық сол кездері 1500 гектарға күріш екті. Насос бастығы болып Шарапхан Ұзахов, бас механигі болып Аманкелді Оспанов есімді азаматтар еңбек етті.
Бүгінгі таңда ауданда 22528 гектар инженерлік жүйеге келтірілген 24923 гектар суармалы жер бар. Басқарма есебінде ғана 95,3 шақырым жарма, 19-дан астам гидроқұрылыс, тұрғын үйлер, насос қондырғылары, мекеме кеңсесі бар. Аудандық су шаруашылығы басқармасы 1992 жылға дейін бюджеттік мекеме санатында болды.
1992 жылы облыстық су ресурстары комитетінің бұйрығына сәйкес, аудандық су шаруашылығы жүйелері басқармасы болып аталды. Осыған байланысты мекеме шаруашылық жүйесіне көшіп, өзін-өзі басқаруға көшті. 2000 жылдан бастап «Қармақшысушаруашылығы» еншілес мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып қайта құрылымдалды. Мекемені 1979 жылдан бастап, яғни ширек ғасыр Жұмағали Маханов басқарса, 2004 жылдан бастап ұжым тізгінін Болатбек Жайсаңбаев ұстады. 2013 жылдан бастап өндірістік учаскені Маратбек Айтмағанбетов басқарды. 2015 жылдан 2023 жылға дейін Ерболат Бодыбаев, 2023-2025 жылдары Шоқан Ұзақов басшылық етті.
Ауданның су шаруашылығы саласының ардагерлері Қазақбай Бәшенов, Сәдуақас Медебаев, Жалғас Жаңабаевтардың орны айрықша. Қ.Бәшенов 35 жылдық еңбегінің арқасында «Еңбек үздігі», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталса, есімі Қазақ КСР «Алтын кітабына» енген азамат. Балалары Марат, Алмат, Жомарт Бәшеновтер әке жолын жалғастырған мамандар. Сондай-ақ саланың дамуына Темірбек Пернебаев, Жалғас Тушкеев, Жанат Есдәулетова, тағы басқаларының да қосқан үлесі зор.
Өткен жылдан бері «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының «Қармақшысушар» өндірістік учаскесінің басшысы қызметін Ерболат Бодыбаев атқарады.
Қазіргі таңда бөлімшеде 86 қызметкер еңбек етеді. Заман талабына сай мекеменің бүгінде атқаратын қызметі де күрделене түскен. Суды пайдалану және реттеу кезінде бірыңғай ғылыми-техникалық, инвестициялық саясат жүргізуді басшылыққа алса, су шаруашылығын өркендетуді басты ұстанымдары еткен. Су жеткізіп беру қызметіне ақы алуды және оны дамытудың экономикалық шараларын қарастыру, су пайдаланудың қала, аудан, ауыл халқына, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге және басқа да су пайдаланушыларға суды уақытылы әрі кедергісіз жеткізумен айналысады.
Мереке қарсаңында Ерболат Абытұлымен жолығып, әңгімелесудің сәті түсті.
– Өндірістік бөлімше биыл басшылық тарапынан Мемлекет басшысының жасанды интеллект және цифрландыру саясатына орай Биллинг жүйесіне көшіп, суармалы жерлерге қызмет көрсету мақсатында 30 ауылшаруашылық тауарын өндіруші құрылымымен келісім-шарт жасасты. Егіс алқаптарына тиісті су лимиті бөлініп, осы жылдың жартыжылдығында жоспар 58,6 пайызға орындалып отыр. Экологиялық тұрақтылықты сақтау және табиғи экожүйелерді қолдауда Қараөзек арнасымен каналдар жүйесі бойындағы шабындықжайылымдық көлдерді суландыруға қажетті су көлемі бөлініп, суландыру жұмыстары жүргізілуде. Биылға болжамды күрделі су тапшылығының алдын алуда аудан бойынша суармалы егістіктерді тұрақты сумен қамтамасыз етуде учаске базасында жалпы 14 дана насос қондырғысы дайындық жағдайына келтіріліп отыр. Учаске теңгерімінде 4 шаруашылықаралық, 4 қашыртқы каналы бар.
Келісім-шартқа сәйкес су жеткізіп беру қызметі аяқталған соң қыркүйек, қазан айларында су шаруашылық нысандарына өндірістік учаске қызметкерлерінен арнайы жұмысшы топ құрылып, ақау актілері жасалады. Ол филиалдың құрылыс жөндеу бөліміне жолданып, ақау актілеріне сай, жылда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұрады.
Алдағы уақытта да мекеме аудан аумағындағы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамту және су шаруашылығы инфрақұрылымын тұрақты ұстауда жүйелі жұмыстар атқара беретін болады.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері мерекесімен әріптестерімді құттықтағым келеді. Еңбектеріне табыс, отбастарына бақ-береке, дендеріне саулық тілеймін. Еліміз бейбітшілік туы астында жасампаздық үлгісін көрсете бергей, – дейді учаске басшысы мерекелік лебізбен.
Сәрсенкүл АҚКІСІ














