ТАРИХ ТАРАУЛАРЫНАН ҮЗІК ӘҢГІМЕЛЕР
1924 жылдары Кеңес үкіметінің «жаңа экономикалық саясат» деп аталған экономикалық даму жүйесі жерді пайдаланудың қарапайым өндірістік тәсілдерін іске асыру формаларын өмірге алып келді. Шаруашылығын көшпелі тіршілікке негіздеп, бытыраңқы орналасқан біздің жерімізде өндірістік дамудың ТОЗ (товаричество по совместной обработке земли) деп аталған бұл әдісі өте баяу өрістеді.
Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында «Революциялық комитет» деп аталатын құрылым басқа өңірлерде 1918-1919 жылдары өз жұмысын тоқтатып, кеңестік ауылдық комитеттер арқылы басқарудың жаңа жүйесіне көшкен болса, біздің ауданда ревкомбасшылығы 1924 жылдарға дейін жұмыс істеп келді.
Бұл кездегі әкімшілік-басқару ісі артель, серіктестік, комунна сияқты бірлестіктер құру арқылы жүзеге асырылды. Халық жерді, суды ортақ пайдалануда топтаса еңбек етуге жұмылдырылды, отырықшылыққа бейімделді.
Республикада Жер пайдалану жөніндегі Халық комиссариаты құрылып, бұрын мал соңында жүрген шаруалар бірігіп арық тартып, суармаларға егін егу мәдениетін меңгере бастады.
Дегенмен халықтың бұлай топтасуы бірден тойыншылыққа жеткізе қойған жоқ. Ел басынан көптеген қиыншылық өтті. 1928 жылғы күзде байлардың малы мен мүлкін тәркілеу, өздерін отбасымен өзге аймаққа жер аудару туралы Декреттік құжаттың ауыр салдары елді есеңгіретіп жібергені тарихи жазбалардан белгілі. Бұған дейін де «мың өліп, мың тірілген» халықты негізгі күнкөрісі – малдан айыру, онымен де қоймай ел ішінде елірме, білімсіз, даңғой шолақ белсенділер арқылы халыққа қысым көрсетудің аяғы 1930 жылдары намысты азаматтардың атқа қонып, әр жерде үкіметке наразылық көрсетуіне әкеліп соқты. Аудан жерінде болған «Қарақұм көтерілісі», «Ақмырза көтерілісі» атанған толқулар соның көрінісі.
Мұның аяғы 1932 жылғы ел басына түскен ашаршылық нәубетіне ұласып, қырылған халықтың нақты санын ешкім дөп басып айта алмайтын дәрежеге жетті.
Ал біздің қазіргі айтылайын деп отырған жайлар бұл емес. Әңгіме осындай қилы кезеңнің қияпатты уақыттарында да елдің еңсесін түсірмей, еңбекке жұмылдыру арқылы халықты бір ұран астына топтастыра білген қарапайым жандардың ерен еңбегі туралы болмақ.
1938 жылғы деректерде шаруалар еңбек құралы ретінде соқа, кетпен, айыр, тырма пайдаланса, күш көлік ретінде түйе, жылқы, есектер соқаға жегілді. Бидай, арпа, тары, күріш, үпілмәлік тұқымдары қыстай тазартылып, ерте көктемде жерге дән себілсе, күзде шалғы, орақпен егін жинап, ат арба, есек арбамен қамбаға жинап алудың технологиясы меңгерілді.
Жер пайдаланудың әкімшілік-аумақтық жүйесінің тарихын сөз еткенде 1868 жылғы Уақытша Ережеге сәйкес Түркістан генерал-Губернаторлығы, Сырдария облысы, Қазалы уезіне қараған Қармақшы жерінде Қармақшы, Жамансыр, Қуаңдария, Аққыр, Қарабас-Тоғай, Қостам, Көшербай, Заңғар деген атаулармен сегіз болыс ел болғандығын білеміз. 1928 жылғы тәркілеу кезіндегі құжаттардан №1 Абыла ауылы, №2 Қызылтам ауылы, №3 Төрткүл ауылы, №4 Қашқансу ауылы, №5 Қурайлы ауылы, №6 Күйеутөбе ауылы, №7 Мақұл ауылы, №8 Кезең ауылы деп нөмірленген атауларды көруге болады.
Мұндағы алғашқы төрт ауыл қазір де осындай атауларымен белгілі. Ал бесінші Қурайлы ауылы қазіргі Ақтөбеден әрі қарай Ақжар, Тұрмағамбет ауылдары аумағын қамтыса, алтыншы Күйеутөбе ауылы Алдашбай ахун ауылынан әрі қарай Бекеттің құмына дейінгі жерлерді алып жатыр. Мақұл, Кезең аталған ауылдар Ақтайлақтан әрі қарай Қаратерең арнасы мен Қарақ тауы аралығындағы жерлерде мал өсірген шаруаларды біріктірген болар деп топшылауға болады.
1938 жылы Жалағаш өз алдына аудан болып құрылуына байланысты Ақсу, Ақбойдақ, Құндызды, Еңбек, Мәдениет, тағы басқа ауылдар өздеріне қарасты колхоздарымен ауданнан бөлініп, ірге көтерді де, Қармақшы ауданы 14 ауылдық кеңестерге қарасты 60-қа жуық ірілі-ұсақты шаруашылықтармен осы күнгі шекарасын белгіледі.
Десе де колхоздастыру кезеңінің тарихына байланысты көпшілік аузында: «Қармақшы ауданында 38 колхоз болды» деген сөз қалған. Бұл сөздің нақтылығын аудандық «Қызыл ту» газетінің 1943 жылғы 25 сәуір, №25 санындағы: «Ауданымыздың 14 ауылсоветіне қарасты 38 колхоздан: қоғамдық және колхозшылардан жиылатын мемлекет алдындағы қаржылардың жылдық жоспары 70 пайызға жеткізілді» деген жолдардан да көруге болады.
Осындай қолда бар мәліметтерге сүйене отырып, 1943 жылдың басында ауданда Әлменов деген кісі төрағалық еткен 1 поселкелік кеңес, 14 ауылдық кеңес және 38 колхоз қалай аталғандығы және уақытында сол құрылымдарды ұйымдастырған ауданға белгілі жекелеген тұлғалар туралы білген-түйгендерімді ортаға салмақпын.
Кешегі күнге дейін үлкен кісілер: «Алтыншы ауыл», «Оныншы ауыл», «Он екінші ауыл» деген сияқты нөмірімен атап келген ауылдар мен оларға қарасты колхоздардың нақты атаулары төмендегіше болды-ау деп шамалаймыз.
1943 жылы Үркімбаев деген кісі төрағалық еткен №1 «Қара өзек» ауылдық кеңесіне Түрікпенов басқарған «Қаракөл» колхозы қарады. Оған дейінгі жылдары бұл колхозды отызыншы жылдардың аяғында Сқақов Алмағамбет деген кісі басқарған. Колхоз шамаман осы күнгі Қармақшы ауылының аумағында болды. Үркімбаев деп отырған кісіміз сол кездегі белгілі ақын Төлеубай Үркімбаев болуы мүмкін деп ойлаймыз. Олай деуімізге себеп болып отырған сол кездегі аудандық газет беттерінде бұл кісінің өлеңдері жиі жарияланып тұратын.
Осы ауылдағы «Қаракөл» бастауыш мектебінің меңгерушісі болып Сауда Бекенов деген кісінің қызмет атқарғаны байқалады.
№2 Майкөл ауылдық кеңесін Қойшыбаев деген кісі басқарды. Оған қарасты «Абыла» колхозына 1943 жылы Алмағамбет Сқақов, кейін Әбдікәрімов деген кісілердің басшылық еткендігі туралы деректер бар. Жер атауларына қарағанда бұл да сол Қармақшы ауылының аумағында болуы тиіс. Ал осы төңіректегі «Шоқтораңғыл» ауылындағы бастауыш мектепті белгілі педагог Әбдікәрім Жүсіпбаев 1921 жылы ашқандығы туралы бұрынғы мақалаларда келтіргенбіз.
Бұрын Қылышбаев деген кісі төрағалық еткен №3 Жосалы ауылдық кеңесін 1945 жылдары Айтбай Бегалиев деген кісі басқарды. Бұл ауылдың орталығы Қызылтам стансасы аумағында болды. Әлия Арқабаева төрағалық еткен Каганович атындағы колхоз, Хаус Ахметов басқарған «Май» колхозы осы ауылға қарады. Мұндағы «Қызылтам» жетіжылдық мектебіне Мәрияш Тебенова меңгерушілік етті.
1938 жылдары бұл аумақта «Ызакөл», «Қызыл әскер» деген де майда колхоздар болған. Бұлар біз айтып отырған 1943 жылғы іріленген 38 колхоздың құрамына кірмейді.
№4 Төрткүл атанған ауыл аудандағы үлкен округтердің бірі. Біз сөз етіп отырған уақытта бұл ауылдық советке Исабай Дүйсенов төрағалық еткен. Одан бұрын Бажақов деген кісі басқарған.
Ауылдық округ құрамында Қыстаубай Сүлейменов басқарған «Комсомол» колхозы, Скендір Шегебаев кейін Есенбек Құрманбаев деген кісілер басқарған Молотов атындағы колхоз, Тәшкелбаева деген кісі басқарған «Қызыл жұлдыз» колхозы, Жайберген Балғабаев басқарған «Жаңа тұрмыс» колхозы, Қали Бексебаев басқарған «Қызыл әскер» колхоздары болған.
Отызыншы жылдардың аяғындағы деректерде «Ақ үрет» деген колхоздың аты аталады. Бұл атаудың қалай қойылғанын әзірге нақты ешкім айта алған жоқ. Бірақ шежіреші Майдан Түйімбетов деген кісінің: «Кезінде өзге ұлт өкілдерінің бақша өсіріп, «Огородник» атандырған шағын серіктестік сияқты оншақты үйі болған жер бар еді» деген сөзін де ескеру керек шығар деп ойлаймын. «Ақ үрет» деген сөздің төркіні «Огородникке» келетін сияқты.
№5 «Бозарқаш» ауылдық советіне 1938 жылы Үдербаев, 1943 жылы Жүсіпбаев, одан кейінгі жылдары Салмырзаев деген кісілер басшылық етті. Кейінгі буын біле бермейтін, осы күнгі Ақтөбе ауылының Оңтүстік-шығыс бетінде Қурайлыдан келетін «Балажарма» каналының бойында орналасқан бұл ауылдың құрамында Ысқақ Дәлібеков басқарған «Бидайкөл» колхозы, Үдербаев басқарған «Бозарқаш» колхозы, Шәді Түйімбетов басқарған Энгельс атындағы колхоз, Мәжібаев басқарған «Жаңажол» колхозы, Ким Тен Себ басқарған «Утренная заря» колхоздары кірді.
№6 Қашқансу ауылдық советіне 1938 жылы Шықанов, 1943 жылы Махамбетов, одан кейінгі жылдарда Нұрпейіс Тәуіпбаев, Ізтілеу Мүсірбаев төрағалық етті.
Ауылдық кеңеске қарасты Тәжібаев деген кісі басқарған Аманкелді колхозы, Цай Ден Хак басқарған ІІІ Интернационал колхозы, Ким басқарған «Червонная земля» колхозы және Махмудов деген кісілер басқарған Жданов атындағы колхоздар болды. Бұндағы «Червонная земля» колхозы осы күнгі ІІІ Интернационал ауылының терістік бетінде Наурызбай каналынан бөлінетін «Червон арық» аталған жарманың жағасында болса керек. Бұл колхозда Пак Дмитрий деген кісі басқарған ВЛКСМ-ның ХХ жылдығы атындағы жетіжылдық мектеп, ал ІІІ Интернационалда «Абай орта мектебі» деп аталған онжылдық мектеп болды.
Бұл округте 1938 жылдан 1943 жылдарға дейін «Ынталы», «Жігерлі» деп аталған колхоздар да болған.
№7 Ақтөбе ауылдық советін 1938 жылдары Шықанов, 1943 жылы Алданышева деген кісілер басқарды. Қонысбаева деген кісі ауылдық кеңестің хатшысы қызметінде болды. Бұл ауылға Ыбырай Сейтенов ұзақ жыл басқарған Чапаев атындағы колхоз және Ескөбек Есенбеков басқарған Чкалов атындағы колхоздар қарады.
Бұл аумақта 1943 жылға дейін «Қостам» серіктестігі деген майда шаруашылықтың ізі болғандығы байқалады.
№8 Дауылкөл ауылдық советіне 1943 жылдары Байтұрған Беков, кейін Шағырбаев деген кісі төраға болды. Бұған сол кезде Бағдәулет Есімов, кейін Әлима Наурызбаева басқарған Сталин атындағы колхоз, Талқанбаев басқарған «Оян» колхозы, Әлибаев, Серіпбаев деген кісілер басқарған «Бозарық» колхозы, Мырзақұл Үргенішбаев басқарған «Жаңабақыт» колхозы қарады. 1943 жылдарға дейін «Бостандық жол» серіктестігі, Баймағамбет Оңалбаев басқарған «Шүленкөл» серіктестігі деген майда құрылымдар болды.
№9 Көктөбе ауылдық кеңесіне 1938 жылдары Тыныштыбай Ешмұратов, кейін кезеңімен Қуандық Байбатыров, Төлеген Метеров, Мақшат Үйреков деген кісілер төраға болды. Бұл ауылға Батырбек Ердәулетов басқарған «Көктөбе» колхозы, Шәймерден Шегебаев басқарған Карл Маркс атындағы колхоз, 1938 жылдары Егізбай Мәкібаев, 1943 жылдардан кейін Ақорын Тілеубаева, одан кейін Оспан Нарымбетов деген кісілер басқарған «Ақбел» колхозы қарады.
№10 ауыл отызыншы жылдардың аяғына дейін Жалғызқұм ауылдық кеңесі деп аталды да кейін «Ленин ауылдық кеңесі» атауын алды. Ауылды 1943 жылы Нұрпейіс Тәуіпбаев, 1945 жылдары Ерлепесов деген кісілер басқарды. Жылқыбай Өтегенов басқарған Ақжар колхозы, Айтбай Құлғараев басқарған Ленин атындағы колхоз, Дәме Жұбаева басқарған «Өндіріс» колхозы, Қожамұратов деген кісі басқарған Каганович атындағы колхоздар осы ауылдық округтің құрамында болды. Оқырмандарды ойға қалдырмас үшін сол кезде ауданда Каганович атымен аталған екі колхоз болғанын айта кетуім керек. Оның біреуі жоғарыдағы №3 Жосалы ауылдық кеңесіне, екіншісі осы №10 Ленин ауылдық кеңесіне қарады. 1943 жылдарға дейін Ақорын Күнтуарова басқарған «Қалыңбас» колхозы, Нұрымбетов деген кісі басқарған «Қостөбе» колхозы, Сайарық, «Егінші» деген майда серіктестіктер болған.
№11 Құмбөгет ауылына Қызылбаев деген кісі ауылдық кеңестің төрағасы болды. Бұнда 1938 жылдары Білманов, кейінгі жылдары Таңсықбаев деген кісі басқарған «Томарбөгет» колхозы болды. Кешегі күнге дейін халық аузында: «Бір жөні болар, Білманов» деп, мәтелге айналып кеткен сөз осы кісіден қалған. Бұл аумақта 1943 жылдарға дейін «Игілік» деп аталған майда колхоз да болған.
№12 Қосарық ауылдық кеңесіне Тән Түменбаева ұзақ жыл төраға болды. Орынбай Түменбаев төраға болған Ворошилов атындағы колхоз, Алтыншаш Жарбосынова басқарған «Түпбөгет» колхозы, Биболатов деген кісі басқарған Микоян атындағы колхоз осы ауылдық кеңеске қарасты еді. 1943 жылға дейін бұл аумақта «Кезең» серіктестігі, «Арықбай» колхозы, «Жаңалық» колхозы деген майда шаруашылықтар болды.
№13 Сырдария ауылдық кеңесінің орталығы Төретам қыстағы еді. 1938 жылдары Жыңғылбаев, кейін Кетебаева деген кісілер ауылдық кеңестің төрағасы болды.
Бұған Сүйінбаев деген кісі басқарған Жамбыл атындағы колхоз, 1938 жылдардан Мақаш Садақбаев, 1945 жылдарда Дәндесов деген кісілер басқарған Калинин атындағы колхоздар қарады. 1943 жылға дейін «Қызылжарма» серіктестігі, «Кеңтоғай» серіктестігі, «Ордазы» серіктестігі, «Сарыөзек» серіктестігі деген майда құрылымдар болған. Бұларға қоса Қорқыт, Кемесалған, Диірментөбе стансалары маңындағы тұрғындар мен Шошқакөл, Белтақыр, тағы басқа осы екі ортадағы жолайрық тұрғындары осы ауылдық кеңестің қарауында болды.
№14 Калинин атындағы ауылға 1943 жылдарға дейін Есімов, кейін Красноятов деген кісілер ауылдық кеңестің төрағасы болды.
1943 жылы Нұртаза Көлбаев, 1944 Жармағамбетов, 1945 жылы Нарымбетов деген кісілер басқарған Киров колхозы осы ауылдық кеңеске қарады.
Киров колхозының орналасқан жері осы күнгі Төребай би ауылына шыға беріс жолдағы мұнараға жақын жерде болды дегенді үлкен кісілерден естігенім бар еді. Ақын Бисенбай Қасқырбайұлы мен Төлеубай Үркімбаевтың айтысында кездесетін:
«...Кировтың атындағы бір колхозың,
Дарияның қасын мекен еткен еді...» деген жолдар осы пікірді растай түсетін сияқты.
Міне осы 38 колхоздың колхозшылары мен колхозшы әйелдері аудан ауылшаруашылығын дамытушылардың алғашқы сапында тұрып, кетпенмен жарма қазған, ата-бабадан қалған мал шаруашылығымен бірге егіншілік мәдениетін қалыптастыруда ерекше еңбек еткен, бізге бүгінгі мол өнім беріп отырған жерімізге маңдай терін төгіп, құнарландырып кеткен жандар еді.
1950-1954 жылдары колхоздарды одан әрі ірілендіру жұмыстары қарқынды жүрді. Дария бойындағы Карөзек, Майкөл, Жосалы, Калинин ауылдық кеңестері тарады да, бұл төңіректегі колхоздар іріленіп, Қызылтам ауыл советіне қарады. Жосалы ауылдық кеңесіне тиісті жерлер Молотов ауылдық кеңесі болып құрылды да осы күнгі Иіркөл жеріне қарай ойысты. Жаңатұрмыс, Молотов колхоздары кейін осы ауылға топтастырылған болса керек.
1950-1952 жылдары ауданда майда колхоздарды ірілендіру жұмыстары жүргізіле бастаған кезде «Бозарқаш» ауылдық кеңес тарап, «Бозарқаш» колхозы Чапаев атындағы колхозға қосылса, «Утренная заря» колхозы осы күнгі Ақжар ауылына қараған колхоздардың бірінде бөлімше болып қалды. Қалған колхоздар, яғни Энгельс атындағы колхоз, «Жаңажол» колхозы, «Бидайкөл» колхозы, «Комсомол» колхозы жеріне қарай іріленді де, Төрткүл ауылдық кеңесіне қарап, Энгельс атындағы колхоз деп аталды. Бұл осы күнгі Жаңажол ауылдық округі, Дүр Оңғар атында тұрған ауыл.
№7 Ақтөбе ауылдық кеңесіне қарасты Чапаев, №6 Қашқансу ауылдық кеңесіне қарасты Жданов, Аманкелді колхоздары іріленіп, Чапаев атындағы колхозына бірікті. Бұған №5 Бозарқаш ауылдық кеңесінің тарауына байланысты Бозарқаш колхозы да қосылды дедік жоғарыда. Қазіргі Ақтөбе ауылдық округі, Ақтөбе ауылы.
Бұрынғы Чкалов, Жаңабақыт, Ақбел колхоздарының ізінен Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы колхоз құрылды. Орталығы бұрын №11 Көктөбе ауылдық кеңесіне қараған Ақбел колхозы еді. Ақбел-Көкиін деген жерлер осы күнгі Ораз ахун қорымына жақын жерде, Бержікейдің маңы. Мұндағы Чкалов колхозы бұрын №7 Ақтөбе ауылдық кеңесіне, Жаңабақыт колхозы №8 Дауылкөл ауылдық кеңесіне қарасты болғанымен Қурайлы жармасының бойына жақын орналасқан еді. Үшеуі біріккеннен кейін «Отыз жылдық» колхозы Ақтөбе ауылдық советіне қарады.
Бұл жылдары №8 Дауылкөл ауылдық кеңесіне қарасты Бозарық, Оян, Сталин колхоздарының ізінен Сталин колхозы болып іріленді.
Кейін 1957 жылы Қазақстанның ХХХ жылдығы атындағы колхоз Ақтөбе ауылынан алынып, Сталин атындағы колхоз бен Ақжар МТС-і бірігіп, Ақжар совхозы болып құрылды. Осы күні Ақжар ауылдық округі, Ақжар ауылы атанып тұр. Жоғарыда аталған «Утренная заря» осы совхоздың учаскесі болып, «Қызыл әскер» колхозы совхоздың бір бригадасы болып қалды.
№10 бұрынғы Жалғызқұм, кейін Ленин ауылдық кеңесінің ізіндегі Ақжар, Ленин, Каганович, Өндіріс колхоздары іріленіп, Ленин атындағы колхоз болды. Орталығы Каганович колхозының жері еді. Іріленген бұл колхоз 1957 жылы Ленин атындағы совхоз атанды. Бұл осы күнгі Дауылкөл ауылдық округі, Тұрмағамбет ауылы болып тұр.
№9 Көктөбе а/с ізіндегі Көктөбе, Карл Маркс атындағы колхоз, №12 Қосарық ауылдық кеңесінің ізіндегі Ворошилов, Түпбөгет, Микоян колхоздары, №10 Ленин ауылдық кеңесінің ізіндегі Каганович колхозы, №11 Құмбөгет ауылдық кеңесінің ізіндегі Томарбөгет колхоздары іріленіп, Карл Маркс атындағы колхоз болды.
Орталығы – Түпбөгет, көне Карл Маркс атанған колхоздардың жері еді, 1957 жылы Ленин совхозы құрылғанда бұл жер совхоздың бір участогі болып қалды, халқының көбі совхоз орталығына қоныс аударды.
Карл Маркс участогі болған бұл жерде кейін 1980 жылы «Майлыөзек» совхозы бой көтерді. Қазіргі Алдашбай ахун ауылы атанып тұрған бұл жердің 1990 жылдардың ортасына қарай аз уақыт Көмекбаев атындағы совхоздың бөлімшесі болған кездері де болды.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
















