» » Ауылдағы ақ бидай

Ауылдағы ақ бидай

Қазекем нәубет жылдары бір уыс бидайға зар болды емес пе? Одан бері тәуелсіздікке құлаш сермеп, ел экономикасы түзеле түсті. Алайда жұмыр жердің бетінде тойып тамақ ішпейтін, ашқұрсақ халық көп. БҰҰ мәліметінше, бүгінде әлемде 800 миллион адамның аштықтан көзі қарауытып отыр екен.
Өткен ғасырдың бірінші жартысында қолдан ұйымдастырылған аштықтан қазақ бір тілім нанға зар болып, баудай түсті. «Алтын, күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен» дегені, басынан өткен ауыр күндердің елесіндей естіледі. Ал ас төресі – нан. Еліміздің Сыр өңіріндегі теңіздей толқыған егіс алқаптары мақтаныштан көңілді де толқытқандай. Еліміздің астық өндірісінде, жалпы егін шаруашылығының дамуына аудан шаруашылықтарының қосқан үлесі ересен. Алғашқы боп егінге орақ салғандардың қатарында Дауылкөл ауылдық округіндегі Нұржан Пірмантаев басқаратын «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Техникасын сайлап, науқанға қызу дайындалған шаруашылық ақ бидайды қамбасына құйды. «Тұрмағамбет» ЖШС биыл 1700 гектар күріш дақылын, 50 гектар жаздық бидай, 267 гектар жоңышқа дақылын, 301 гектар ескі жоңышқа, 237 гектар мақсары орналастырған. Бүгінгі таңда ауыл бойынша егін орағына қатысатын 28 трактор, «МагДон» (жатка) 5 дана, комбайн 6 дана, 12 дана арнайы техника, 22 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда. Соңғы жылдары, әсіресе биыл Сырдария өзеніндегі су көлемінің төмен болуы аудан егіншілерінің дегбірін алды. Себебі, шілде айында жаппай суға бастыру қажеттілігі туындағанда көктемгі науқанда орналастырылған 12773 гектар күріштің су сұраған әр түбі диқанның көңілін әбігер қылатыны анық. Негізгі арналардың бірі, «Қурайлы» каналының бойына орналасқан егісті сумен қамтамасыз ету үшін 5 күндік кезектестіру шаралары қабылданды. Десе де 5 күн ішінде толық су алмаған атыздар суға зәру күйінде қалады. Осыған орай, аудан әкімдігінің ұсынысымен, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы су бөлу нүктесінен қашық орналасқан «Тұрмағамбет» ЖШС-ның 1700 гектар егісін сумен қамтамасыз ету үшін, «Батыс Қармақшы» Қашыртқысынан 2 дана насос қондырғылары арқылы Қурайлы каналының No309 пикетіне қосымша су салу жобасы қолға алынды. Нәтижесінде, ұзындығы 11,2 шақырым канал қазылып, су жолдары әзірленді. Бүгінде насостар іске қосылып, Қурайлы каналына тәулігіне 86,4 мың м3 қосымша су салынуда. Бұл әрине, кетпен арқалаған диқан қауымына үлкен көмек. Айта кеткен жөн, қазіргі таңда аймақтың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Әсіресе егін, мал шаруашылығы мен экспорт бойынша өсім бар. Биыл облыс көлемінде барлығы 188,6 мың гектарға егiс егілген. Оның ішінде негізгі дақыл – күрiш көлемі 78,6 мың гектар. Әртараптандыру бағытында қосымша соя дақылының егіс көлемі 189 гектарға, қант құмайы 358 гектарға жетіпті. Бүгінгі күні облыс бойынша егілген 5593 гектар күздік бидайдан – 9 306 тонна, 5813 гектар жаздық бидайдан – 3289 тонна өнім жиналған. Ерте замандағы адамдар жабайы бидай орып, гектарынан 3-3,5 центнер өнім алған. Феодализм кезінде 4,5 центнерге жетті. Темір орақ жасалғаннан кейін алқаптар 7 центнер, ал ХХ ғасыр басында 8,2 центнерден өнім берді. 1970 жылдары КСРО-да 16,6 центнерден айналды, рекордты өнім Қырғызстанның Пржевальский тұқым учаскесiнде тіркелді, гектарынан – 126 центнер. Бірақ бұл да шегі емес көрінеді, швед селекционері Дж. МакКей бір гектар жерден 400 центнер бидай алуға болатынын айтады. Ендеше бидай өсіріп, қамбасын астыққа толтырып жатқан шаруашылық жұмысына сәттілік тілей отырып, бидай өсіруде берекелі табысқа кенелсін дейміз.
Айнұр ӘЛИ

03 тамыз 2022 ж. 1 178 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 262

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 361

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930