Бидайға алғашқы орақ түсті
ЕРТЕ КӨКТЕМНЕН-АҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ИЕЛЕРІ ҚЫЗУ ЖҰМЫСҚА КІРІСІП КЕТТІ. ЖҰМЫС БАБЫМЕН АУЫЛДАРҒА ЖОЛ ТҮСКЕНДЕ БІЗ ОНЫ АҢҒАРЫП ТА ЖҮРМІЗ. ҚЫС БОЙЫ ТЕХНИКАЛАРЫН САЙЛАП, КҮН ЖЫЛЫНҒАН КЕЗДЕ ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІК БАСТАЛДЫ. МОЛ ӨНІМ АЛУДЫ КӨЗДЕГЕН ӘР ШАРУАШЫЛЫҚ БАРЫНША ТЫРЫСЫП ЖАТЫР. ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ ОЛАРДЫҢ БІРҚАТАРЫ ЕҢБЕГІНІҢ ЖЕМІСІН КӨРУГЕ БАРЫН САЛУДА.
Жақында ІІІ Интернационалдағы Мұрат Абайұлы басқаратын "Достық Жер МК" ЖШС шаруашылығында бидайға алғашқы орақ түсті. Биыл орташа есеппен әр гектарынан 7-8 центнер өнім алуды көздеген қожалық 468 гектар жерге бидай еккен. Міне, сол алқаптың бүгінде жиегі орып алынуда. Алдағы уақытта толықтай орылған бидай өңдеуге жіберілмек. Сонымен қатар, алқаптың 2192 гектарына күріш егілген. Жоспар бойынша биыл ақ алтынның әр гектарынан 60 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Осы уақытта мал азығына да орақ түсіп, 1096 гектарға егілген ескі жоңышқадан 2200 центнер өнім алынған.
Жалпы шаруашылықтың орымнан басқа да жоспары бар. Мәселен, алдағы уақытта мал өсіру де қолға алынбақ. Сол себептен орталық фермаға жоңышқа жиналуда. Ол ауыл тұрғындарына да сатылу үстінде. Бір теңнің (тюк) бағасы 100 теңгеден бағаланып, 100 данадан тұрғындарға сатылуда. Ал тағы қосымша алам деушілер 200 пресс шөпті 300 теңгеден саудалап, пұлдай алады.
Көктем, жаз бойы тынымсыз тірліктің басында жүрген еңбек адамдары осылайша маңдай терінің еселі жемісін көруде. Көп күш пен еңбекті қажет ететін шаруашылық мамандарының еңбегі ақталғаны кімге болса да жақсы. Қысқасы, сәтін салса тұрғындар биыл да жергілікті өнімді молынан пайдалана алады.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ