Конституция
» » ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ

ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ СЫЙЛЫ

Адамның өмір жолын айшықтайтын ең үлкен құндылық – оның адал еңбегі. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, қай қызметте жүрсе де жауапкершілік пен табандылықты серік еткен жанның бірі – Раяш Бақтыбаева. Ол өзінің еңбекқорлығы, қарапайымдылығы мен елге деген жанашырлығы арқылы көпшілікке үлгі болып келеді.
Раяш Тоқшылыққызы 1982 жылы №109 қазақ орта мектебін тәмамдады. Мектеп қабырғасында білім ала жүріп, қосымша механизатор мамандығын игеріп шықты. Еңбекке деген құлшынысы мен батылдығының арқасында оқуын аяқтай салысымен Чапаев атындағы колхозға механизатор болып жұмысқа орналасты. 1983 жылы аудандағы Іңкәр Кетебаева басшылық еткен Қызылорда филиалының тігін фабрикасына қызметке қабылданды. Бұл мекемеде бес жылға жуық уақыт еңбек етіп, өзінің тиянақтылығы мен жауапкершілігін көрсетті. Әрбір тапсырманы сапалы орындап, ұжым арасында сыйлы қызметкерлердің бірі болды.
1989 жылы ПМК-30 мекемесіне сылақшы болып жұмысқа орналасты. Құрылыс саласының ауыр да жауапты жұмысына араласып, ел игілігіне қызмет етті. Алайда 1993 жылы мекеменің таратылуына байланысты жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Өмірдің түрлі белестерінен сүрінбей өткен Раяш Тоқшылыққызы 2008 жылы аудандағы «Жосалы су» мекемесіне контролер-кассир болып қабылданды. Бұл қызмет оның өміріндегі ең ұзақ әрі ең маңызды еңбек кезеңіне айналды. 2012 жылы мекеме аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ететін «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің құрамына қосылды. Сол уақыттан бері осы мекемеде үздіксіз еңбек етіп келеді. Бүгінде бұл саладағы еңбек өтілі 18 жылдан асып, өзінің кәсібіне деген адалдығын дәлелдеп отыр.
Раяш Бақтыбаева еңбек жолының алғашқы жылдарын ерекше тебіреніспен еске алады.
– Ол кезде Жосалы кенті тұрғындарының жартысына жуығының үйіне ауызсу тартылмаған еді. Халықтың суға деген мұқтаждығы өте жоғары болатын. Елге ауызсу арнайы су таситын көлікпен жеткізіліп, әр екі күн сайын тұрғындардың ыдыстарына құйылып берілетін. Контролер-кассир қызметі де айтарлықтай қиын болды. Сол кездегі еңбекақы халықтан жиналған төлемнің көлеміне байланысты есептелетін. Сондықтан әр үйді аралап, су ақысын уақытылы жинау қажет болды. Жұмыс күндері тұрғындардың көбі үйлерінде болмайтындықтан, жоспарды орындау үшін кешкі уақытта немесе сенбі-жексенбі күндері де үйлерді аралап шығуға тура келетін. Бұл қызметте небір қиындықтар кездесті. Қыстың қақаған аязында тоңып, жаздың аптап ыстығында күнге күйіп еңбек ету қалыпты жағдай болды. Кей кездері үй күзеткен иттердің шабуылына да ұшырадым. Кездескен қиындықтарға қарамастан өзіме халыққа қызмет етуді басты міндет еттім, – дейді кейіпкерім.

Осындай адал еңбеккерлердің арқасында бүгінде аудан тұрғындарының 100 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етіліп, су әр үйдің ішіне дейін жеткізілді. Мұны ол өзінің ғана емес, бүкіл ұжымның маңдай терімен келген үлкен жетістік деп есептейді.
Раяш Тоқшылыққызы еңбекпен қатар отбасылық өмірде де үлкен бақытқа кенелген жан. 1983 жылы Әлібек Тұрымбетовпен шаңырақ көтеріп, өнегелі отбасын құрды. Ерлі-зайыптылар үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған 19 немеренің ардақты ата-әжесі атанып отыр. Балаларына адалдықты, еңбекқорлықты, адамгершілікті бойына сіңіріп өсірген ана ретінде де үлкен құрметке ие.
Көп жылғы адал еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланды. Ол әр жылдары кент әкімінің, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының Алғыс хатына ие болды. Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хатымен марапатталуы – оның көп жылғы маңдай тері мен ел алдындағы еңбегінің лайықты бағасы.
Өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, Раяш Тоқшылыққызы жас мамандарға әрдайым ақыл-кеңесін айтып жүреді. Оның пікірінше, қандай қызмет болса да, ең алдымен өз жұмысыңды терең түсініп, үлкен жауапкершілікпен атқару қажет. Еңбекпен есейген, елдің алғысына бөленген Раяш Тоқшылыққызының ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі өмір жолы.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
04 шілде 2026 ж. 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№50 (10518)

04 шілде 2026 ж.

№49 (10517)

30 маусым 2026 ж.

№48 (10516)

27 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 401
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

ОРДАЛЫ ЖЫРДЫҢ ОРАҒЫ

21 маусым 2026 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 916

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031