Конституция
» » ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Кешегі аптада аудан әкімі Жандос Еркінбек елді мекендегі тұрғындармен кездесіп, жартыжылдықта атқарған жұмысына есеп берді. Сонымен қатар аудандағы оң өзгерістер мен іске асырылған жобалар таныстырылып, алдағы жоспарларды саралады.
Ақайда атқарылған іс аз емес Бірінші кезекте аудан басшысы Ақай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алғашқы алты айда атқарылған жұмыстардың қорытындысын атап өтті.
Кездесуде алдымен Ақай ауылдық округінің әкімі Батыржан Тұрғанов 6 айда атқарылған жұмыстарды баяндады.
Бүгінде ауылдың бюджетіне жоспарланған 63,4 млн теңге толық игеріліп, бюджет қаражаты тиімді пайдаланылған. Сондай-ақ жер, мүлік, көлік және жеке табыс салығы бойынша жоспарлы көрсеткіштер 100%-дан жоғары артығымен орындалып отыр.
Қазір 16 көше асфальтталып, 36 көшеге жарық шамдары орнатылған. Аяқсу жүйесін жетілдіру үшін жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 21 көше мен 421 тұрғын үй аяқсуға қосылған. Бұған қоса ауылдың көркін арттыру мақсатында Абай көшесі бойынан көгалдандыру жұмыстарына арналған арнайы жер телімі дайындалса, бүгінде ауылда 271 кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс жасап келеді.
Сонымен қатар аудан әкімінің қолдауымен Сақыпжан Қонысов көшесі бойынан 51 млн теңге қаржыға футбол және балалар ойын алаңын салу жұмыстары аяқталды. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен округке 5 аялдама орнатылып, қазіргі таңда ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.
Кездесу барысында аудан басшысы да аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Кездесу соңында Жандос Еркінбек ауылдың дамуына бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Төретам: жаңа жобалар мен нәтижелі жұмыс Есеп беру кездесуі әрі қарай Төретам кентінде жалғасты. Кездесуге жиналған тұрғындар алдында сөз сөйлеген кент әкімі Нұрлыбек Ізбасарұлы жартыжылдықта жүзеге асырылған маңызды жобалар мен көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, 12 мыңнан астам халқы бар Төретам кентінде халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктер тиімді пайдаланылуда. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы аясында бірқатар бастама қолға алынып, жергілікті тұрғындардың өз кәсібін ашып, оны кеңейтуге қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 20,6 млн теңгені құрайтын екі жоба қаржыландырылып, іске асырылу кезеңіне өтті. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың дамуына оң ықпал етуде.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және бұқаралық спортты дамыту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылды. Аудан әкімінің қолдауымен аудандық бюджеттен 37 млн теңге бөлініп, Д.Байтөреев көшесінде заманауи талаптарға сай футбол алаңының құрылысы толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл нысан жасөспірімдер мен жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасап қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға серпін бермек.
Сонымен қатар тұрғындардың ұсынысы негізінде кенттің көркін арттыруға бағытталған «Түлектер аллеясы» және «Орталық алаң» жобалары әзірленіп, құрылысы басталды. Аталған бастамалар елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындардың демалыс және мәдени-рухани ортасына айналады деп күтілуде.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында да нақты жұмыстар атқарылды. Көшелерді жарықтандыру жүйелеріне техникалық қызмет көрсету үшін арнайы қаржы бөлініп, 70 дана жарық шам мен қажетті қосалқы бөлшектер ауыстырылды.
Сондай-ақ кент тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда. Бүгінде орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған 1 946 абонентке таза ауызсу үздіксіз жеткізіліп келеді.
Кездесу барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобалардың маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілетінін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
Абаттандыру жұмыстары ауыл келбетін жаңартуда
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықпен тұрақты кері байланыс орнату – мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі. Осы орайда кезекті есепті кездесуі Қармақшы ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиын барысында ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар жан-жақты сараланды. Сонымен қатар тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Қармақшы ауылының орталық бөліктеріне аудандық бюджет қаражаты есебінен 2,5 млн теңгеге 4 дана заманауи бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл өз кезегінде құқықбұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне оң әсерін тигізуде.
Сондай-ақ ауылдық округтің санитарлық тазалығын сақтау, елді мекеннің көркін арттыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу бағытында қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгінде ауыл аумағын абаттандыру, көшелерді тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету мақсатында ауылдан 1 шақырым қашықтықта орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын ретке келтіру жұмыстары қолға алынды. Полигон аумағын санитарлық талаптарға сәйкестендіру, қоршаған ортаға келетін зиянды азайту және қалдықтарды тиімді басқару бағытында тиісті шаралар жүргізілуде.
Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауыл көшелеріндегі сыртқы жарықтандыру жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы саны 275 дана жарық бағанасы қалпына келтірілді. Нәтижесінде көшелердің жарықтандырылу деңгейі жақсарып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына қолайлы жағдай жасалды.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан аяқ сумен қамту, табиғи газ тарту, электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жолдардың жай-күйі туралы мәселелер көтерілді. Аудан әкімі тұрғындардың ұсыныстары назарға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар көтерілген мәселелердің шешімін табу үшін жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырма жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Тіршілік тамыры: шалғай ауылдардағы оң өзгерістер
Жыл өткен сайын ауданға қарасты ауылдардың бүгінде ахуалы жақсарып келеді. Халықтың әл-ауқаты артып, ауылдардың инфрақұрылымы дамуда. Аудан әкімі Жандос Еркінбектің есеп беру кездесуі бейсенбі күні шалғай ауылдарда жалғасын тауып, Тәйімбет Көмекбаев және Қуаңдария ауылдық округтерінің тұрғындарымен арнайы кездесіп, елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін саралап, алдағы кезеңге жоспарланған маңызды міндеттерді талқылады.
Аудан басшысы өз сөзінде шалғай ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және инфрақұрылымды жаңғырту аудан әкімдігінің басты назарындағы мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалардың нәтижесінде ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық берілуде.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан бойынша 11 елді мекенге бейнебақылау камераларын орнату жобасы қолға алынды. Аталған жобаға аудандық бюджеттен 27 млн теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде Т.Көмекбаев және Қуаңдария ауылдарына әрқайсысына 4 бейнебақылау камерасы орнатылып, қоғамдық орындардағы бақылау жүйесі едәуір жақсарды. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға оң ықпал етуде.
Т.Көмекбаев ауылдық округі «Қарақ» учаскесіндегі 5 көзді гидротехникалық құрылысқа 19,5 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда су тоспасы қалыпты жағдайда жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ ауылдық округте төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен ауылдың көркін арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Қаратай Қуаңбаев аллеясындағы жарық шамдары толық жаңартылды. Мұнан бөлек, ауыл тұрғындарының үй іргелік жерлерін суару мәселесін шешу үшін ауылдың шығыс және батыс бөліктерінде орналасқан электр насостары тұрақты жұмыс істеп, халықты сумен қамтамасыз ету ісі жүйелі түрде жүргізілуде.
Ауқымды жобалар жүзеге асуда
Мұнан кейінгі есепті кездесу Алдашбай ахун және Дауылкөл ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Мұнда аудан аумағындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымды жаңғырту, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және ауылдық жерлердің өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы атқарылған нақты жұмыстар баяндалды.
Алдашбай ахун ауылдық округінде соңғы жылдары бірқатар оң өзгерістер жүзеге асырылған. Атап айтқанда, төртінші деңгейлі бюджет көлемі 21 млн теңгеге ұлғайып, ауылдың өзекті қажеттіліктерін шешуге қосымша мүмкіндік берілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 4 дана бейнебақылау камерасы орнатылып, ауыл ішіндегі тәртіпті бақылау және құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Сонымен қатар, «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті салынып, толықтай іске қосылды. Бұл нысан төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосып отыр.
Аудан әкімі өз сөзінде аудан көлемінде төрт елді мекеннің электр желілерін жаңғыртуға 200 млн теңге бөлінгенін атап өтті. Бұл жобаның аясында Алдашбай ахун ауылы да қамтылып, ескі электр желілері толық жаңартылып, жарықпен қамтамасыз ету сапасы едәуір жақсартылмақ. Сонымен қатар алдағы уақытта жол инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту және ауылішілік абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатыны айтылды.
Дауылкөл ауылдық округінде де бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылған. Жыл басында ауылдық клуб үйіне 5,5 млн теңгеге заманауи LED-экран орнатылып, мәдени ісшараларды жаңа форматта өткізуге мүмкіндік жасалды. Бұл ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, түрлі мерекелік және ақпараттық шаралардың сапасын арттыруға ықпал етуде.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында ауыл орталығындағы Ешнияз сал көшесіне 4 дана бейнебақылау камерасы орнатылып, көшелердегі бақылау деңгейі артты. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен 2,3 млн теңгеге жаңа аялдама салынды. Бұл жоба тұрғындардың, әсіресе оқушылар мен қарт адамдардың қолайлы әрі қауіпсіз жағдайда қоғамдық көлікті күтуіне жағдай жасады.
Қазіргі таңда ауыл инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында демеушілік қаражат есебінен үш көшені жарықтандыруға арналған жоба-сметалық құжаттар әзірленген.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың спорт пен мәдениет салаларын дамыту, жастарға арналған инфрақұрылымды кеңейту, жол сапасын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды күшейтуге қатысты көтерген сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Әрбір ұсыныс пен өтініш назарға алынып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Аудан басшысы Жандос Еркінбек өз сөзінде: «Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері әрдайым назарда болады. Әрбір мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады», – деп атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, ауылдық округтердің дамуына бағытталған нақты жобалар жүзеге асырылатын болады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
29 маусым 2026 ж. 36 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (10516)

27 маусым 2026 ж.

№47 (10515)

23 маусым 2026 ж.

№46 (10514)

20 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 380
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 901

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930