ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ: ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ БАСТАР ЖОЛ
Осы аптада аудан әкімі Жандос Еркінбек Президент Жарлығын негізге ала отырып елді мекендерді аралады. Әр ауылға сапарында тұрғындармен кездесіп, жыл басынан бері алты айда атқарған жұмысына есеп бере отырып, халық үніне ден қойды. Өңірдегі оң өзгерістер мен іске асырылған жобалар таныстырылып, алдағы жоспарлар сараланды.
АҚАЙДА АЙҚЫН БАҒЫТ БАР
Сапарды Ақай ауылынан бастаған аудан басшысы алдымен мұнда құрылысы жүріп жатқан жаңа ауылдық әкімшілік ғимаратын көріп, құрылыс сапасына мән берді. Одан кейін ауылдық клуб үйінде ауыл әкімі Батыржан Тұрғанов тұрғындарға есеп беруді бастап, елдегі нәтижелі өзгерістерді тілге тиек етті.
Округте жалпы ұзындығы 31,42 шақырымды құрайтын 39 көше бар болса, бүгінде оның 16сы асфальтталған, 21-і топырақ жол, бір көше қиыршық тасты, ал біреуіне қатты жамылғы төселген. Ауыл көшелерінің 36-сы жарықтандырылған. Бұл жалпы көрсеткіштің 99,9 пайызын құрайды. Сондай-ақ Ақай ауылында тазалық мәселесі де бір ізге түскен. Мұны ауыл тұрғындары да қолдайды.
– Ақай ауылдық округінде атқарылған жұмыстар – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, ауылдың келбетін жақсартуға бағытталған нақты істермен толыққан. Ауылдық округтің 2025 жылдың алты айындағы бюджеті 62 420,9 мың теңге көлемінде жоспарланып, толығымен игерілді. Бұл – ауылдық деңгейдегі қаржылық тәртіптің және тиімді басқарудың көрінісі. Өз кірістер көлемі 33 845,0 мың теңгеге жетіп, салықтар мен төлемдердің басым бөлігі толықтай немесе жоспардан асыра орындалды. Атап айтсақ, көлік салығы 113%ға, жер салығы 103%-ға, мүлік салығы 93,4%-ға орындалып, ауыл тұрғындарының белсенділігі мен заң алдындағы жауапкершілігін көрсетіп отыр, – деді ауыл әкімі.
Ақай ауылында тазалық мәселесі бір ізге түскен. Мұны ауыл тұрғындары да қолдайды. Санитарлық-тазалық айлығы аясында ауылды тазарту мен көркейтуге байланысты ауыл іші 8 аймаққа бөлініп, әр аймаққа жауапты етіп әкім аппаратының қызметкерлері мен мекеме басшылары бекітілген. Биыл жоспарланған 3 656,0 мың теңге мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес ЖК «Исабаева» жеңімпаз болып танылып, ауыл сыртында заңсыз жиналған күлқоқыстарды шығаруда.
Мұнан соң аудан әкімі Жандос Еркінбек ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуы, алдағы жоспарлар мен нақты мақсаттар жөнінде баяндама жасады. – Ауданымызда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жоба іске асырылып, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға айрықша мән берілуде. Ауылішілік жол мәселесін шешу мақсатында 21 көшеге қиыршық тас төсеу үшін жобалықсметалық құжаттар әзірленіп, тиісті сараптамадан өтті. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында мал шаруашылығы, қызмет көрсету және өндірістік бағыттар бойынша ауыл тұрғындары тарапынан 12 жоба ұсынылып, олардың басым көпшілігі қайтарымсыз грант иеленген, – деді аудан басшысы.
Айта кету керек, ауылдағы өзекті мәселелердің бірі – аяқ сумен қамтамасыз ету де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта округ аумағында 8,5 шақырым аяқ су құбыры жүргізіліп, нәтижесінде 21 көше мен 314 тұрғын үй аяқ сумен қамтамасыз етілген. Бұл бағытта қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу нәтижесінде мердігер анықталған. Сонымен қатар Ақай ауылдық округінде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 5 аялдама орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
ТҰРМЫСЫ ТҮЗУ ТӨРЕТАМ
Халықпен ашық жүздесу – ел мен елдің, әкім мен тұрғынның арасын жалғайтын алтын көпір. Аудан әкімінің қатысуымен 2025 жылдың І жартыжылдығы қорытындыланып, Төретам кентінің әлеуметтікэкономикалық дамуы бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар сарапқа салынды. Кент тұрғындарымен жүздескен аудан әкімі ауданда атқарылып жатқан ірі жобалар мен игі бастамалар турасында сөз қозғады.
Төретам кенті – тіршілігімен, табысымен, тынысымен дамып жатқан аймақ. Халық саны – 12 433 адамды құрайды. Оның ішінде 7244-і экономикалық белсенді, ал олардың 2781-і – ресми жұмыспен қамтылғандар. Өз бетінше табыс тауып отырғандар саны – 3361 адам болса, тіркелген жұмыссыздар – 124 адам.
Қазіргі таңда Төретам кентінде балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында заманауи футбол алаңының құрылысына аудандық бюджеттен 28,6 млн теңге бөлініп, жеңімпаз мердігермен келісімшарт жасалған.
Көлік және жол инфрақұрылымы бойынша кенттегі барлық 34 көшеге тас жол төселген. Ауызсумен қамту жүйесі тұрақты жұмыс істеуде. Сондай-ақ басты мәселелердің бірі – облыстық бюджет есебінен бөлінген 528,4 млн теңге көлеміндегі қаржыға «Төретам–Ақай» бағытындағы айналма жолдың күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жоба кезеңкезеңімен жүзеге асырылуда.
Жалпы Төретам кентінің биылғы бюджеті 210 088,8 мың теңгені құрады. Жергілікті кіріс жоспары – 94 070,0 мың теңге болып белгіленіп, жыл басынан бері 103 956,5 мың теңгесі орындалып, 49,6% игерілген. Маусым айындағы қаржы игеру көрсеткіші 100%-ды құрап, бұл – қаржылық тәртіп пен жауапкершіліктің айқын көрінісін көрсетуде.
ҚАРМАҚШЫ АУЫЛЫНДА ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫ ҚЫЗУ
Есепті кездесуді Қармақшы ауылында жалғастырған аудан басшысы ауылдық округте атқарылып жатқан жақсы жаңалықтарға тоқталды. Бүгінде ауылда жол инфрақұрылымы бойынша жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Осы ауылға қарасты Қызылтам елді мекеніне кіреберіс жолды қайта жаңғырту жұмысына жалпы құны 741,2 млн теңге қаралып, жоспарға сәйкес нысанның толық жұмысы тамыз айында аяқталып, ел игілігіне берілмек.
– Қызылтам елді мекеніне балалар ойын алаңын салу жобасы әзірленіп, 64 млн теңге көлеміндегі жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалып, тиісті сараптамадан өтті. Қазіргі таңда қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ Қармақшы ауылындағы орталық алаңды абаттандыруға тиісті қаржы қарастырылды. Құрылыс жұмысын тамыз айында толығымен аяқтау жоспарда бар, – деді Жандос Еркінбек.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан және ауылдық округ әкімдеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар өз ұсыныспікірлерін айтып, қойылған сұрақтарға нақты әрі толық жауап алды.
ШАЛҒАЙДАҒЫ АУЫЛДАРДЫҢ АХУАЛЫ ТҰРАҚТЫ
Бүгінде аудан әкімі Жандос Еркінбектің бастамасымен елді мекендердегі әлеуметтікэкономикалық жағдайға ерекше назар аударылып келеді. Соның ішінде шалғайда орналасқан Тәйімбет Көмекбаев және Қуаңдария ауылдық округтерінде биылғы жартыжылдықта бірқатар маңызды жұмыс атқарылды.
Т.Көмекбаев ауылдық округінде жыл басында бекітілген 5 млн теңге көлеміндегі жылдық жоспарға қосымша салық түсімдерін нақтылау барысында 1 млн теңге қосымша қаражат түскен. Бұл қаржыға А.Құнанбаев, Ү.Аяпов және Аша көшелеріндегі жарық бағаналарын сырлау, жарық шамдарын жаңарту жұмыстары жүргізіліп отыр.
Қазіргі таңда ауылдағы ұзындығы 10,35 шақырымды құрайтын 11 көшенің барлығы жарықтандырылған. Соның ішінде биылғы атқарылған жұмыстардың бірі – Жаңақала көшесіне 23 дана және Балқы Базар көшесіне 18 дана жаңа жарық шамдары орнатылған.
Осы жылы ауылдың басты көшесі – Абай Құнанбаев көшесін орташа жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, аудандық бюджеттен 2 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ал Қуаңдария ауылдық округі бойынша биыл 24 гектар жерге бақша дақылдары егіліп отыр. Мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді.
Тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, егіншілікті сумен қамтамасыз ету және жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында республикалық бюджеттен 27 млн теңге бөлініп, ауыл маңындағы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын «Таңатар» каналы механикалық тазартылуда. Бұл жұмыстар қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар І.Мырзақұлов, Бейбітшілік, Ерімбет, Шалғасқат және Жеңістің 40 жылдығы көшелеріне жарық бағаналарын орнату үшін облыстық бюджетке өтінім жолданған.
Аудан басшысының жүйелі жұмысының нәтижесінде және округтердің мәдени әлеуетін арттыру мақсатында ауылдық клуб үйіне 4,7 млн теңгеге ЛЭД экран сатып алынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Осылайша мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл экономикасын дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Кездесуде ауыл тұрғындары сөз алып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Әкім әрбір сұраққа нақты жауап беріп, көтерілген проблемалар кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
АЛДАШБАЙДА АЯҚСУ ӨЗЕКТІ
Алдашбай ахун ауылында соңғы жылдары ілгерілеу айқын көрініс тауып келеді. Біз мұны басылым бетіне де жария етіп, жұмысын оқырманға таныстырдық. Оның бір дәлелі ауылдың бірінші жартыжылдықтағы бюджет көлемі 93 млн теңгеден асса, оның барлығын толықтай игеріп, салық түсімдерін 100 пайыз орындаған. Ауылдық округтегі халық саны – 731 болса, экономикалық белсендісі – 376, жұмыспен қамтылғаны – 307, ал өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны – 41, жұмыссыздар – 31 адам.
Бүгінде ауыл тұрғындары үшін ең маңыздысы инфрақұрылым болса, бұл бағытта атқарылған жұмыстар ауқымды. Мәселен, О.Шораяқұлы көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ Ә.Егізбаев көшесіне жөндеу жұмысын жүргізуге аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Көшелерді жарықтандыру мәселесі бойынша 100 пайыз толықтай шешімін тапқан.
Ауылдық округте аяқсу мәселесі өзекті. Тұрғындар да осы проблеманың түпкілікті шешімін тапқанын қалайды. Жалпы су тапшылығына орай мұнда агрозона 7 гектарға аз көлемде егілген. Оның ішінде бақша – 4 гектарға, көкөніс – 1 гектар, картоп – 2 гектарға орналастырылған.
ДАУЫЛКӨЛДЕ ДАМУ БАР
Ауыл әкімдерінің жартыжылдықтағы есебін назарға алып келеміз. Тыңдау барысында қай ауылдың дамуында оң нәтиже барын халықтың берген бағасынан білдік. Әзірге тұрғындардың әкімдерге деген көзқарасы түзу. Биыл Дауылкөл ауылының әкімі болып сайланған Сабырхан Зайыровтың халық алдындағы есебін тыңдап іштей «әп, бәрекелді» дестік. Жас болса да аз уақыттың ішінде тындырымды ісімен халықтың көңілінен шығып үлгерген. Ауылға деген жанашырлығы халыққа тіке қарап айтылған әрбір сөзінен сезіледі.
Дауылкөл ауылдық округінде ауылшаруашылығы – округтің басты тірегі. Биыл 38 гектар жерге бақша, көкөніс, картоп егіліпті. Мал басының өсу қарқыны да көңіл қуантады. Ауылда 3509 ірі қара, 3570-ке жуық қой-ешкі, 857 жылқы, 3112 құс тіркелген.
Ауыл тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тиімді ұйымдастырғаны үшін «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл әкімдігіне бір дана арнайы техниканы сыйға тартқан.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында Ешнияз сал, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Текей батыр, Есетбай батыр және Бегім би көшелерінде 70 дана жарық шам жаңартылып, тиісті жарықтандыру жұмыстары толықтай жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, округтің білім саласына да ерекше көңіл бөлінуде. 250 орындық жаңа мектеп құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, қазіргі уақытта қаржы бөлу мәселесі қаралуда. Осының бәрі – аудан әкімінің қолдауының арқасында жүзеге асырылып отырған жобалар.
Аудан басшысы Жандос Еркінбек ауыл тұрғындарымен кездесу қорытындысында елді ауызбіршілікке шақырып, халық тарапынан көтерілген әрбір мәселелер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ