» » ҚОҒАМНЫҢ ІРГЕСІН БЕРІК ЕТКЕН

ҚОҒАМНЫҢ ІРГЕСІН БЕРІК ЕТКЕН

Қазақ халқы үшін отбасы – тек бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан жандардың ғана емес, тұтас бір ұлттың рухани тірегі. Әрбір өнегелі отбасының тарихында еңбек, төзім, мейірім, тәрбие мен адалдық секілді асыл қасиеттер тоғысып жатады. Осындай қасиеттерді өмірлік ұстанымына айналдырып, ұрпағына үлгі болып отырған отбасылардың бірі – Қармақшы ауданының Қуаңдария ауылында тұратын Әбдібаевтар әулеті.
Бұл шаңырақтың тарихы маңдай термен, біліммен және туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікпен өрілген. Отағасы Қыстаубай Кетебайұлы мен жұбайы Шамшырақ Бекжанова апайдың өмір жолы кейінгі буынға өнеге болатын тағылымға толы.
Қ.Кетебайұлы 1957 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауыл тіршілігімен, еңбекпен біте қайнасып өтті. 1964 жылы отбасы жаңадан құрылған Қуаңдария кеңшарына көшіп келіп, осы өңір олардың бақытты мекеніне айналды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ еңбекке араласып өскен ағамыз 1974 жылы мектеп бітірген соң әскерге шақырылып, азаматтық борышын абыроймен өтейді. Әскерден оралған соң, Қуаңдария ауылында механизатор болып еңбек етеді.
Сол кезең ауыл шаруашылығының қарқынды дамып тұрған шағы еді. Тынымсыз еңбек, техниканың тізгінін ұстап, ауылдың өркендеуіне үлес қосу – үлкен жауапкершілік болатын. Қыстаубай ағамыз да сол жауапкершілікті терең сезініп, адал қызметпен ел құрметіне бөленді. Өмірдің түрлі сынақтары кездескенімен, ешқашан мойымады. 1988 жылдан бастап еңбек мүгедегі ретінде есепке алынғанымен, қол қусырып отырмай, ата-бабасынан дарыған ұсталық өнерді серік етті. Темірден түйін түйіп, ағаштан бұйым жасап, қолөнерді кәсіпке айналдырды. Бұл – оның өмірге деген құштарлығы мен еңбекке деген құрметінің айқын көрінісі.
Ал оның өмірлік серігі Шамшырақ апайдың тағдыры ұстаздықпен тоғысып жатыр. Ол Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Ағылшын тілі» факультетін тәмамдап, 1980 жылы №186 орта мектепте ұстаздық жолын бастады. Ол оңай жол емес. Әр баланың жүрегіне орын тауып, білім мен тәрбиені қатар беру жауапкершілікті талап етеді. Шамшырақ апай осы міндетті абыроймен атқарып, 33 жыл бойы ауыл балаларына сапалы білім берді. Оның шәкірттерінің арасында бүгінде түрлі салада жұмыс жасап жүрген азаматтар аз емес.
Ұстаздың нәтижесі жылдар өткен соң көрінеді. Бүгінде апай тәрбиелеген шәкірттердің түрлі салада абыройлы қызмет атқаруы – ұстаз еңбегінің жемісі.
1979 жылы қос тағдыр тоғысып, шаңырақ көтерді. Содан бері қырық жеті жылдан астам уақыт бір-біріне сүйеніш болып, өмірдің ыстығы мен суығын бірге еңсеріп келеді. Бүгінде олардың ынтымағы мен бірлігі көпшілікке үлгі.
Бұл отбасының ең басты жетістігі – тәрбиелі ұрпақ өсіруі. Қыстаубай ата мен Шамшырақ апай төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы білім алып, өмірден өз орындарын тапқан азаматтар.
Тұңғыш қызы Айгүл М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжді «Ағылшын тілі пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда отбасылы, төрт баланың анасы. Ана тәрбиесін көрген қыз бүгінде өз шаңырағының ұйытқысына айналып отыр.
Ұлдары Серік «Болашақ» университетінен педагог-психолог мамандығын игерген. Кіші ұлдары Ерболат та жоғары білім алып, экология мамандығын меңгерді. Оның жары Бақытжамал Бердіқұлова – ұстаз. Қызылорда қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған үш тілді мектепте «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен» сабақ береді. Ұстаздық жолды таңдаған жас келін әулеттің білім мен тәрбиеге деген дәстүрін жалғастыруда.
Ал қара шаңырақта отырған Берік – әке жолын жалғаған, ел сеніміне ие болған азаматтардың бірі. Ол №186 орта мектепте «Көркем еңбек пәнінің мұғалімі» болып шәкірттерді еңбекке баулуда, ұстаздық қызметпен қатар, ұйымдастырушылық қабілетімен де танылып, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.
Берік Қыстаубайұлының жұбайы Бекзат Жеңісбайқызы да білім саласының маманы. Бастауыш сынып мұғалімі. Бір мектепте қызмет атқаратын ерлі-зайыпты ұстаздардың басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Бүгінде әулетте он немере бар, олар тәлім-тәрбиемен өсіп келеді.
Әбдібаевтар отбасының ерекшелігі – еңбекті бәрінен жоғары қоюында. Шамшырақ апайдың айтуынша, балаларын кішкентайынан еңбекке баулып өсірген.
– Ұл мен қызды бөліп-жармай тәрбиеледік. Үй шаруасын да, мал бағуды да, нан пісіруді де үйреттік. Тынымсыз жұмыс жасаған адам ғана өмірдің қадірін түсінеді. Балаларымызды мейірімді болуға, жақсы көруге, білім алуға, өз еңбегімен өмір сүруге тәрбиеледік, – дейді ол.
Бұл сөздердің астарында тұтас бір өмірдің тәжірибесі жатқандай. Расында да, адал жұмыспен өскен бала жауапкершілікті ерте сезінеді. Әбдібаевтар әулетінің бүгінгі жетістігі де осы тәрбиенің жемісі.
Әулет мүшелерінің білім беру мен қоғамдық жұмыстардағы жетістіктері аудандық, облыстық деңгейде жоғары бағаланып жүр. Берік Әбдібаев пен Бекзат Әнуарбекова, сондайақ Шамшырақ апай түрлі Алғыс хаттарға ие болған. Дегенмен, бұл әулет үшін ең үлкен марапат – халықтың құрметі мен ұрпағының амандығы.
Қыстаубай ақсақалдың туған жерге деген сүйіспеншілігі бір бөлек.
– Біз ауылдан ешқайда көшкіміз келмейді. Осы жердің ауасын жұтып, суын ішіп отырмыз. Бар ғұмырымыз осы ауылмен байланысты, – дейді ол сөз түйінінде.
Бүгінде Әбдібаевтардың шаңырағы – береке мен бірліктің, сыйластық пен татулықтың ордасы. Балалары мен немерелерінің басын қосқан қара шаңырақта ұлттық құндылықтар дәріптеліп, ата дәстүрі ұлықталуда. Қоғамның іргесін берік ететін – осындай өнегелі отбасылар. Еңбекпен есейіп, біліммен биіктеп, тәрбиемен түлеген әулет – Қуаңдария ауылының берекесін арттырып отырған, көпке үлгі боларлық өнегелі де мерейлі отбасы.
Бауыржан ЖҮНІС
23 маусым 2026 ж. 68 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№47 (10515)

23 маусым 2026 ж.

№46 (10514)

20 маусым 2026 ж.

№45 (10513)

16 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 349
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 874

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930