60 ЖЫЛ БІРГЕ: ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРНЕГІ
Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» дейді. Адам баласының өміріндегі ең құнды қазынасы – отбасы. Отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер азаматы, шаңырағының шырайын келтіріп, ырысын еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін – адал жары, сол шаңырақты береке мен мерекеге толтыратын бақыты – балалары. Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім – баланың өмірлік бағдаршамы болмақ, яғни, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».
Иә, ауданымызда шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың қатары аз емес. Осындай берекелі, ынтымағы жарасқан отбасылардың бірі Дүр Оңғар ауылындағы – Тортаевтар әулеті.
Отағасы Әпсәлім Тортаев еңбек жолын 1962 жылы механизатор болып бастайды. Сол жылдардан бастап ауылшаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп, егін және мал шаруашылығында түрлі қызметтер атқарады. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында елдің сеніміне ие болып, ауылшаруашылығының дамуына өз үлесін қосады. Табиғатпен етене еңбек еткен жан үшін әрбір шыққан өнім, әрбір жетістік – маңдай тердің жемісі екені белгілі.
1967 жылы ағамыз Сырғагүл Қошановамен шаңырақ көтеріп, үлкен әулеттің негізін қалайды. Осы жылдардан бастап екеуі өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, бір-біріне тірек болып, өнегелі отбасының үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде шаңырақ көтергендеріне 60 жылға жуық уақыт болып, ұрпақ өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырған ардақты жандар.
Тортаевтар отбасы бүгінде 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Балаларының барлығы өмірден өз орындарын тауып, әр салада еңбек етіп жүр. Үлкен ұлы Бақытбек кәсіпкерлікпен айналысып, Ақтөбе қаласында тұрады. Екінші ұлы Жақыпбек «Жаңажол» шаруашылығында бригадир болып еңбек етеді. Нақыпбек Қызылорда қаласында авто электр-механик болып жұмыс жасайды. Ал Ақылбек «Жаңажол» шаруашылығында жұмысшы болып еңбек етуде. Қыздары Ақжарқын, Жанар, Жанна да тұрмыс құрып, өз шаңырақтарын көтеріп, түтін түтетіп отырған бақытты аналар.
Сырғагүл апа да еңбекке ерте араласқан жандардың бірі. 1963 жылы 8-сыныпты бітірген соң комсомол жастар бригадасында екі жыл қой бағып, еңбек жолын бастайды. Кейін әртүрлі салаларда еңбек етіп, адал еңбектің үлгісін көрсетеді. 1996 жылы бала санына байланысты зейнеткерлік демалысқа шыққанымен, еңбек етуді тоқтатпай, шаруашылықта тағы екі жыл күріш егіп, әр гектарынан 72 центнерден өнім алып, жоғары көрсеткішке қол жеткізеді. Бұл – табандылық пен еңбексүйгіштіктің айқын дәлелі. Сырғагүл апа – «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері.
Әулеттің берік қазығы Әпсәлім аға мен Сырғагүл апайымыздың ақылы дария, пайым-парасаты жоғары, құт қонақтап, бақ дарыған жандар. Жүздерінен жылылық есіп, көңілдерінен тектіліктің табы сезілетін қос қария 33 немере, 30 шөберенің қызығын көріп отыр.
Бүгінде бұл әулет – берекелі, бірлігі жарасқан үлкен отбасы. Балалары мен немерелерінің ортасында отырған ата мен әже өткен өмір жолына шүкіршілікпен қарайды.
– Ұрпақтарым бейбіт заманда елге қалтқысыз еңбек етуде. Біз олармен мақтанамыз. «Халқыңа адал қызмет етсең, арың таза болады» дегенді балаларға жиі айтып отырамын. Қазір шүкір, балалардың бәрін өсіріпжетілдіріп, немере-шөбере қызығын көріп отырмыз, – дейді Әпсәлім Тортаев.
Иә, отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сол үшін береке мен бірлігі жарасқан шаңырақты кең көлемде насихаттасақ, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта беретініне сеніміміз сол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

















