ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ
Әр отбасы – тәрбие мен тағылымның алтын бесігі. Ұрпаққа ізгілік пен адамгершілікті ту етіп, ұлттық құндылықтарды күнделікті өмірімен ұштастыра білген өнегелі отбасының өмір жолы көпке үлгі. Бірлік пен сыйластықты, еңбексүйгіштік пен жауапкершілікті басты қағида еткен бұл шаңырақта атаана тәрбиесі мен бала бойындағы асыл қасиеттер айқын көрініс табады. Осындай өнегелі отбасылардың тағылымды тәжірибесі – қоғамның рухани дамуына қосылған қомақты үлес.
Ауданымызда осындай өнегелі отбасылардың бірі – Мырзабаевтар әулеті. Олар өз өмірлерін үлгілі отбасы құндылықтарын ұрпаққа жеткізуге арнаған, әрбір мүшесі өз ісімен мақтаныш тудыратын шаңырақ. Жуырда Астана қаласында өткізілген «Менің отбасымның тарихы – Отанымның тарихы» атты республикалық шежіре фестиваліне Мырзабаевтар әулеті қатысып, өзінің бай тарихи дәстүрлері мен отбасылық құндылықтарын көпшілікке таныстырды. Әулет мүшелері «Жеті ата» шежіресін ерекше құрметпен бөлісіп, өздерінің тарихы мен өнегелі өмірлік тәжірибесін ортаға салды.
Фестиваль барысында балалардың әлеуметтікадамгершілік мәдениетін қалыптастыру, тәрбиеленушілердің отбасымен тиімді өзара іс-қимылын дамыту, отбасылық құндылықтарды, рухани мәдениетті және ұлттық дәстүрлерді сақтау мен нығайтуға ерекше мән берілді. Іс-шараға барлығы 150-ге жуық отбасы мүшелері қатысты.
Мырзабаевтар әулетінің отағасы Төленді ағай өз сөзінде отбасы құндылықтарының маңыздылығына тоқталып, әрбір баланың бойына ізгілік, мейірім, жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңірудің ең дұрыс жолы отбасында қалыптасатынын атап өтті. Оның айтуынша, отбасы – тек балаларды тәрбиелейтін орта ғана емес, сонымен қатар қоғамның мәдени, рухани және патриоттық негізін қалыптастыратын басты институт.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің сөзінде «Әр адамның өмірінде отбасы ерекше орын алады. Ол өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, балаларды ұлттық құндылықтарға баулуда маңызды рөл атқарады. «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Дәстүрге құрмет те, патриотизм де туған шаңырақтан бастау алады» деген болатын.
Шынайы тәрбие мен махаббатқа толы отбасында өскен үйдің балалары болашақта адал да, мейірімді азамат болып өседі. Сол себепті Мырзабаевтар әулетінің үлгісі қазіргі қоғамға үлкен рухани сабақ береді. Фестиваль қорытындысында Мырзабаевтар әулеті «Үлгілі отбасы» номинациясына ие болды. Бұл марапат олардың отбасылық құндылықтарға адалдығын, тәрбиеге берілген үлгілерін және қоғам алдындағы жауапкершілігін мойындаудың белгісі болып табылады. Осындай өнегелі отбасылардың тәжірибесі – жас ұрпаққа бағыт, ал елімізге – рухани байлық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
















