» » ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ӨРЕЛІ ҰРПАҚ

ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ӨРЕЛІ ҰРПАҚ

Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Жарасымды жұп пен береке-бірлік қонған отбасылар қашанда көпке үлгі. Ауданымызда шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі отбасылардың қатары аз емес. Солардың бірі – Қармақшы ауылындағы Әмзеевтер отбасы.
Әулеттің берік қазығы Алтынбек аға мен Шұға апайымыздың ақылы дария, пайым-парасаты жоғары, құт қонақтап, бақ дарыған жандар. Жүздерінен жылылық есіп, көңілдерінен тектіліктің табы сезілетін қос қария – бес бала тәрбиелеп, олардан 12 немере сүйіп отырған бақытты жанұя. Отағасы – ауылға белгілі темірден түйін түйетін ұста. Әке жолын жалғаған Сәулебек бүгінде дәнекерлеу ісі бойынша жеке кәсіппен айналысады. Қыздары Сәуле – мұғалім болса, Мейрамкүлі – есепші, Нұршаты – дефектолог. Ал кенже ұлы Бекқадыр Қармақшы ауылдық клуб үйінде әдіскер. Қазірде әрқайсысы өз саласының үздіктері. Бүгінде бұл әулеттің мерейі тасып, ынтымағы жарасып отыр.
Сүттей ұйыған отбасында жылылық пен мейірімге бөленіп өскен ұрпақ келешекте де ұшқан ұясындағы тәрбиесін ұмытпайды, саналы ғұмырында соны кәдеге асырады. Қарашаңырақтағы Бекқадыр үнемі отбасыдан алған үлгі-өнеге, тәрбиесін дәріптеп келеді. Оған дәлел – осыдан екі жыл бұрын облыстық жас отбасылар сайысында үздіктердің көшін бастап, жеңімпаз атануы. Отбасылық құндылықты серік еткен жас отбасы 18 желтоқсанда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «OTAU FEST» отбасылық сайысынан жүлделі ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ олардың қоржыны тағы да марапатпен толығып жатыр. Жақында республикалық «Өнегелі отбасы» байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталып, арнайы төсбелгіге ие болды.
– Осыған дейін Қызылорда облысы, Жаңақорған, Шиелі, Қазалы аудандарында өткен байқаудан бас жүлде, І орындарды иеленіп жүрдік. Сосын өз бағымызды сынауға бел будық. Байқауға 1000-нан аса адам ұсыныс тастап, соның 215-і қатысты. Алғашқы кезең бойынша онлайн түрде таныстыру болды. Онда отбасы жөнінде мақала жазу мен жетістіктер туралы диплом, марапаттарды жібердік. Нәтижесінде І дәрежелі диплом, төсбелгі куәлігімен, «Өнегелі от- басы» жайлы жазылған энциклопедияға шықтық, – дейді Бекқадыр Әмзеев.
Иә, отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Көпке сыйлы, ауызбірлігі жарасым тапқан отбасыға мұндай баға беруге әбден болады. Өнегелі отбасы – елдіктің тұтқасы. Сол үшін береке мен бірлігі жарасқан шаңырақты кең көлемде насихаттасақ, керегесі кең, терезесі тең отбасылардың қатары күннен-күнге арта бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
21 желтоқсан 2024 ж. 120 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031