» » БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ

БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ – ҚОҒАМ ТІРЕГІ

Қазақ халқы ежелден отбасы құндылығын бәрінен биік қойған. «Отан – отбасынан басталады» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Шаңырағы шайқалмаған, ұрпағына өнеге көрсете білген жанұялар – қоғамның ең басты тірегі. Осындай үлгілі отбасылардың бірі – ауданға қарасты Қармақшы ауылындағы Құлмахановтар әулеті.
Бұл әулеттің отағасы – Қайрат Құлмаханов, ал отанасы – Гаухар Алматова. Бір мектепте білім алып, сыныптас болған қос жүрек кейін тағдырларын бір арнаға тоғыстырып, бүгінде 40 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді.
Олардың таныстығы мектеп қабырғасынан басталған. Бірге оқып, бірге өскен жастардың арасындағы достық араға уақыт салып шынайы сезімге ұласады.
– Біз бір сыныпта оқыдық. Ол кезде бәрі балалықпен өтеді ғой. Бірақ уақыт өте келе бір-бірімізді жақсырақ танып, түсіне бастадық. Сыйластық махаббатқа ұласты. Отбасы болу – тек сезім емес, ол үлкен жауапкершілік. Біз соны ерте түсіндік. Бір-бірімізге тірек болуға тырыстық, – дейді отағасы өткен күндерді еске алып.
Құлмахановтар әулеті – еңбекқорлық пен қарапайымдылықтың үлгісі. Олар саналы ғұмырын адал еңбекке арнап, үш перзент тәрбиелеп өсірген. Бүгінде екі қызы да ұстаздық жолды жалғастырып, шәкірт тәрбиелеуде. Күйеубалалары да – мұғалім. Ұлдары мемлекеттік қызметте еңбек етеді, келіні де білім саласында ұстаздық қызметте.
– Балаларымызға ең алдымен адал болуды үйреттік. Қандай қызметте жүрсе де, адамгершілікті жоғалтпау керек. Балаға сөзбен емес, ісіңмен үлгі болу керек. Біз соған тырыстық. Балаларымыз соны көріп өсті, – дейді олар.
Бірінің сөзін екіншісі бөлмей, өзара сыйластықты берік ұстанған жұпқа қуана да, қызыға да қарадық. Қырық жылдан астам уақыт бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Құлмахановтар отбасы берік некенің сыры неде деген сұраққа қарапайым ғана жауап береді.
– Біздіңше, отбасының беріктігі – сыйластық пен кешірімде. Кейде түсініспеушілік болады. Бірақ оны ушықтырмай, бір-біріңді түсінуге тырысу керек. Отбасында «мен» емес, «біз» деген ұғым болуы керек. Сонда ғана бәрі орнына келеді, – дейді отағасы.
Бұл жанұя тек өз балаларына ғана емес, үлкенге құрметтің жарқын үлгісін көрсете білген. Олар ата-аналарын бағып, ақ батасын алған.
– Біз қара шаңырақта тұрдық. Ата-анамызға қызмет етіп, разылығын алдық. Бұл – біздің парызымыз. Сол кісілердің батасының арқасында бүгінгі күнге жеттік деп ойлаймыз, – дейді Қайрат ағай.
Бүгінде Құлмахановтар әулетінің ұрпақтары да үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды басты қағида етіп келеді. Қазір ата-әже атанып, немере сүйіп отырған олар «Немере – жүректің гүлі ғой. Баладан да тәтті болады екен» дейді.
Бұл шаңырақтан үйлесім мен өнеге, жылылық пен береке сөзсіз-ақ сезіледі. Олар өз өмірін ерекше деп санамаса да, біз шаңыраққа толы шаттықты аңғара алдық.
Бүгінгі қоғамда отбасы институтының маңызы бұрынғыдан да арта түскені анық. Осындай кезде Құлмахановтар сияқты берекелі, ынтымақты жанұялар – баршаға үлгі. Олардың өмірі – сыйластықтың, төзімділіктің, еңбектің және махаббаттың көрінісі. Осындай отбасылар көбейсе, қоғам да берік, ұрпақ та тәрбиелі болары сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
04 сәуір 2026 ж. 223 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (10489)

27 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 785
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 495

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930