» » Жас отбасы – мемлекет тірегі

Жас отбасы – мемлекет тірегі



Қазақ халқы ежелден «Отан – отбасынан басталады» деген мақалды бала санасына құйған. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Шаңырақтағы шаттықты сезініп өскен перзент ержетіп отау құрғанда ата-анасының жолымен жүретіні анық. Халқымыз отбасы құндылығын сақтап, жұбымен жарасым табуға, ұл-қызына тәлімді тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластықтың орнауына ерекше мән берген. Өнегелі отбасында өсіп-өніп, өзі де шаңырақ көтергенде өзгеге үлгі болып отырған отбасының бірі – Төлегеновтер әулеті.
Жас та болса айтары бар, алға қойған мақсаты айқын шаңырақтың иесі Нұрасыл Бақтыбайұлы. 2014 жылы төретамдық Айгерім Махмутовамен шаңырақ көтеріп, бүгінде 3 ұл тәрбиелеуде. Жоғары білімді жастар ел болашағы үшін еңбек етуді мақсат еткен. Нұрасылдың мамандығы – құрылысшы, қазіргі таңда «ОДСП Арал» су шаруашылығы мекемесінің өндірістік бөлімшесінде инженер-технолог қызметін атқарады. Ал жары Айгерім – логопед. «Дәметкен ана» оңалту орталығында жұмыс істейді, қазір бала күтімі бойынша демалыста. Саян, Ғазиз, Диас есімді перзенттерін тәрбиелеуде.
– Ата-анамыздың жолын жалғап, біз де үлкен бір әулеттің іргесін қаласақ па дейміз. Өсіріп отырған перзенттерімізді ештеңеден тарықтырмай, үлгілі азамат, тәрбиелі буын болып өсуіне ықпал жасап, еліміздің көркеюіне, ауданның көріктенуіне үлес қосқымыз келеді. Алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытып, кәсіптің көкжиегін кеңейту де ойда бар. Алға қойған мақсат та, жоспар да көп, – дейді Нұрасыл Бақтыбайұлы.
Бір шаңырақ астында 7 жыл өмір сүрген жұбайлардан отбасындағы ұстанатын басты ережелерін сұрадық. Бұл уақыт біреуге көп, біреуге аз. Жас болса да, жауапкершілік арқалай білетін азамат, сұрағымызға тосылмастан жауап берді.
– Отбасының берік болуы – сыйластықта. Бала­ларымыздың алдында ұрыс-жанжал көр­сетпейміз. Себебі ата-анамыздан біз де оны көрген жоқпыз. Сол қағиданы берік ұстап, ұрпағымызды ұрыссыз тәрбеиелеуге күш салудамыз. Себебі, алма өз же­мі­сінен ұзаққа түспейді ғой. Олардың бізден көргенін көңілге түйіп, үлкен өмірге қанат қағары анық. Сыйластық пен сенім болса, отбасының керегесі кең, іргесі берік болады деген ойдамын, – дейді ол.
Жалпы, қазақ отбасында әкенің орны бөлек. Әсіресе, қазіргі балалар үшін әке – қол жетпес асқар тау ғана емес, қиналғанда қол ұшын беретін, ақылымен жол көрсетіп, жетістіктері үшін арқасынан қағып, арманына қанат бітіретін жақын жанашыры болуы керек.
– Отбасында бала тәрбиелеудегі тәжірибемді жиі қолданамын. Ал, жұмыстың түйткілдерін есіктің сыртында қалдыруға тырысамыз. Жұмыстан тыс уақытымыз өзімізге, перзенттерімізге арналуы керек. Отбасында қандай шешім қабылдайтын болсақ та барлығымыз кеңесіп, бірлесе шешеміз. Көп жағдайда үлкендердің шешімін құптаймыз. Жалпы, бала тәрбиелеудің құпиясы біреу ғана. Оларды мына қоғамның бір мүшесі ретінде бағалап, тыңдай білу керек, – дейді отанасы Айгерім.
Жас отбасы арманы мен үмітін еліміздің болашағымен байланыстырады. Қазақстанның лайықты азаматын тәрбиелеу мен қоғамға пайдалы болуды Нұрасыл мен Айгерім мерейлі міндетіміз деп санайды.
– Ұлдарымыз – біздің мақтанышымыз, ата-әжесінің қуанышы. Олар мейірімді, ақылды және көпшіл болып өсіп келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар ғой. Отбасында еңбекке төселіп, жақсылық пен жамандықты ажырата білген бала өмірдің шиыр да шытырман жолында адаспайды. Отбасының шуағын өздерімен бірге алып жүретін болады, – дейді олар.
Шаңырағы биік, босағасы берік Төлегеновтер отбасы таң атса, бірі – қызметіне, бірі – оқуына барса, кеш бата үйіне асығады. Себебі бұл шаңырақта бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіп тұрады. Берекелі отбасы бақыттың кілті – бірлікте, сыйластықта деп біледі. Бұл отбасының өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

11 қыркүйек 2021 ж. 1 849 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031