» » Бақыттың кілті – бірлікте

Бақыттың кілті – бірлікте

qarmaqshy-tany.kz Қазақ халқы ежелден «Отан – отбасынан басталады» деген мақалды бала санасына құйған. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Шаңырақтағы шаттықты сезініп өскен перзент ержетіп отау құрғанда ата-анасының жолымен жүретіні анық. Халқымыз отбасы құндылығын сақтап, жұбымен жарасым табуға, ұл-қызына тәлімді тәрбие беруге, ағайынтуғанның арасында сыйластықтың орнауына ерекше мән берген. Өнегелі отбасында өсіп-өніп, өзі де шаңырақ көтергенде өзгеге үлгі болып отырған отбасының бірі – Есниязовтар әулеті.
Жас та болса айтары бар, алға қойған мақсаты айқын шаңырақтың иесі Азамат Қалмұратұлы. 2017 жылы Қалдыгүл Мировамен шаңырақ көтеріп, бүгінде 2 ұл тәрбиелеуде. Жоғары білімді жастар ел болашағы үшін еңбек етуді мақсат еткен. Азамат Байқоңыр қаласындағы «Байконурэнергода» қызмет етсе, жары Қалдыгүл – мұғалім. Төретам кентіндегі №269 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

– Ата-анамыздың жолын жалғап, біз де үлкен бір әулеттің іргесін қаласақ па дейміз. Өсіріп отырған перзенттерімізді ештеңеден тарықтырмай, үлгілі азамат, тәрбиелі буын болып өсуіне ықпал жасап, еліміздің көркеюіне, ауданның көріктенуіне үлес қосқымыз келеді. Алға қойған мақсат та, жоспар да көп, – дейді Азамат Қалмұратұлы.

Бір шаңырақ астында 6 жыл өмір сүрген жұбайлардан отбасындағы ұстанатын басты ережелерін сұрадық. Бұл уақыт біреуге көп, біреуге аз. Жас болса да, жауапкершілік арқалай білетін азамат, сұрағымызға тосылмастан жауап берді.

– Отбасының берік болуы – сыйластықта. Балаларымыздың алдында ұрыс-жанжал көрсетпейміз. Себебі ата-анамыздан біз де оны көрген жоқпыз. Сол қағиданы берік ұстап, ұрпағымызды ұрыссыз тәрбиелеуге күш салудамыз. Себебі, алма өз жемісінен ұзаққа түспейді ғой. Олардың бізден көргенін көңілге түйіп, үлкен өмірге қанат қағары анық. Сыйластық пен сенім болса, отбасының керегесі кең, іргесі берік болады деген ойдамын, – дейді ол.

Жалпы, қазақ отбасында әкенің орны бөлек. Әсіресе, қазіргі балалар үшін әке – қол жетпес асқар тау ғана емес, қиналғанда қол ұшын беретін, ақылымен жол көрсетіп, жетістіктері үшін арқасынан қағып, арманына қанат бітіретін жақын жанашыры болуы керек.

– Отбасында бала тәрбиелеудегі тәжірибемді жиі қолданамын. Ал, жұмыстың түйткілдерін есіктің сыртында қалдыруға тырысамыз. Жұмыстан тыс уақытымыз өзімізге, перзенттерімізге арналуы керек. Отбасында қандай шешім қабылдайтын болсақ та барлығымыз кеңесіп, бірлесе шешеміз. Көп жағдайда үлкендердің шешімін құптаймыз. Жалпы, бала тәрбиелеудің құпиясы біреу ғана. Оларды мына қоғамның бір мүшесі ретінде бағалап, тыңдай білу керек, – дейді отанасы Қалдыгүл.

Жас отбасы арманы мен үмітін еліміздің болашағымен байланыстырады. Олар Қазақстанның лайықты азаматын тәрбиелеу мен қоғамға пайдалы болуды мерейлі міндетіміз деп санайды.

– Бұл отбасыға келін болғаныма 7 жылға жуық уақыт болды. Алғашқыда ата-енем, қайынсіңлілеріммен бірге тұрдық. Қазір жұмысымызға байланысты Байқоңырда тұрып жатырмыз. Алайда әр аптадағы демалысымызды қара шаңырақта өткіземіз. Қайынатам бұрын әскери қызметкер болған. Қазіргі таңда ата-енем еңбегінің зейнетін көріп отырған үлгілі жандар. Келіндік өмірге келер болсам, ата-енемнің, қайын ағаәпкелерімнің алғысын алып жүрген, отбасындағы жалғыз келінмін. Менің өмірлік ұстанымым – үлкенді сыйлау. Өз ата-анама деген құрметім қандай болса, ата-енеме де құрметім дәл солай. Қолымнан келгенше қазақтың салтын ұстанып, қазақ келіні деген атқа лайық болуға тырысып келемін. Ең бастысы – Алланың, екінші жолдасымның ризашылығын алу. Отағасы да мені жары, балаларының анасы ретінде құрметтейді, сыйлайды. Ортамызда жақсы сыйластық бар. Аллаға шүкір. Қандай өтініш айтсамда сөзімді жерге тастамай, әрдайым жанымнан табылып орындауға тырысады. Аяулы жарын, балаларының анасын сыйлаған ер азаматтың ұрпағы да бұйырса Алла қосқан қосағын дәл осындай үлгіде сыйлайды деген сенімдемін. Себебі отағасы өз балаларына әке болудың әдемі үлгісін, жар сыйлаудың өнегесін көрсетіп жүр, – дейді үлгілі келін.

Отбасылық байқаулардан қалыс қалмайтын жас жанұя заманға сай әлеуметтік желіде де белсенді. Тикток бағдарламасының белсенді қолданушысы. Отбасылық түрлі видеоларды түсіріп, көптің ықыласына бөленіп жүрген жайы бар. Мәселен, жақында «Біз бақытты отбасы: есірткіге қарсымыз» атты облыстық байқауға қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленген. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» деген номинацияны да жеңіп алған. Байқаудың басты шарты есірткіге жоламау жөнінде бейнебаян түсіру болса, бұл отбасы бейнебаян түсіріп қана қоймаған, оған қажетті әннің сөзін жазып, отбасылық флешмоб билеп, ерекше етіп ұсынған. Тағы бір қызығы, атаанасы секілді балалар да түрлі видео түсіруге икемді.

Әнді де салып, биді де билеп, оны әдемі етіп көрерменге ұсына алатын өнерлі отбасының отанасы да кентте өткізілген келіндер байқауынан жүлделі ІІ орынды иемденген.

– Түрлі отбасылық байқауларға қатысуымыздың басты себебі – отбасы ұйымшылдығын балаларымызға көрсету, оларды бірлікке баулу. Ұлдарымыз – біздің мақтанышымыз, ата-әжесінің қуанышы. Олар мейірімді, ақылды, өнерлі және көпшіл болып өсіп келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар ғой. Отбасында еңбекке төселіп, жақсылық пен жамандықты ажырата білген бала өмірдің шиыр да шытырман жолында адаспайды. Отбасының шуағын өздерімен бірге алып жүретін болады, – дейді олар.

Шаңырағы биік, босағасы берік Есниязовтар отбасы таң атса, бірі – қызметіне, бірі – оқуына барса, кеш бата үйіне асығады. Себебі бұл шаңырақта бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіп тұрады. Берекелі отбасы бақыттың кілті – бірлікте, сыйластықта деп біледі. Бұл отбасының өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
21 мамыр 2023 ж. 333 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (10293)

09 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930