» » ШИПАГЕРЛІК ЖОЛДАҒЫ ШЫНАЙЫ ҚЫЗМЕТ

ШИПАГЕРЛІК ЖОЛДАҒЫ ШЫНАЙЫ ҚЫЗМЕТ

Өмір болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Адам баласы үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Сондықтан сырқат меңдеген сәтте әркімнің іздейтіні – дәрігер көмегі. Адам өмірі мен денсаулығын сақтауды өз өмірінің басты мақсатына айналдырған медицина қызметкерлері қай кезде де құрмет пен алғысқа лайық.
Мереке қарсаңында осындай абыройлы мамандықтың жүгін арқалап, халық денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан білікті дәрігер, өз ісінің шебері Динара Елеусінова туралы сөз қозғағанды жөн көрдік.
Ол 1985 жылы Жалағаш ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. Туған жердің тағылымын бойына сіңіріп өскен ол жастайынан білімге құштар, жауапкершілігі жоғары болып, табандылықты жанына серік етеді.
Мектеп қабырғасынан-ақ өзінің зеректігімен, ізденімпаздығымен қоғамдық жұмысқа белсенді араласуымен ерекшеленген ол орта мектепті ойдағыдай аяқтады. Болашақ мамандығын таңдауда адам денсаулығына қызмет етуді өмірлік мұраты деп танып, сол жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетінің педиатрия факультетінде білім алады.
Студенттік жылдары медициналық ғылымның қыр-сырын терең меңгеріп, кәсіби білімін шыңдауға ерекше ден қояды. Ұстаздарының сенімін ақтап, теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды ұштастыра білген талапты студент ретінде көзге түседі. 2010 жылы аталған жоғары оқу орнын табысты тәмамдап, дәрігер мамандығын иеленді.
Еңбек жолын туған өлкесінде, Жалағаш аудандық емханасында педиатр дәрігер ретінде бастайды. Жас маман ретінде балалар денсаулығын қорғау ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттерінің арқасында әріптестері мен тұрғындардың құрметіне бөленді. Оның дәрігерлік қызметіндегі басты ұстанымы – әрбір науқасқа жанашырлық танытып, сапалы медициналық көмек көрсету болды.
2014 жылы отбасылық жағдайына байланысты ауданымыздағы Дүр Оңғар ауылына қоныс аударып, сол жердегі ауылдық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек жолын жалғастырды. Бұл қызметте ол ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтуға, аурулардың алдын алуға және халыққа қолжетімді медициналық көмек көрсетуге аянбай үлес қосуда. Өз ісіне адалдығының арқасында ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып, кәсіби тәжірибесін жылдан-жылға жетілдіре түсуде.
Кейіпкеріміз медицина саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Ол өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, жоғары жауапкершілігін және кәсіби шеберлігін әрдайым қызметінің басты қағидаты ретінде ұстанады. Әріптестері арасында іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, сабырлылығымен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленеді.
Қызмет жолындағы жемісті еңбегі мен денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ол түрлі марапат пен алғыс хаттарға ие болып, халықтың зор құрметіне бөленді. Атап айтар болсақ, 2019 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Құрмет грамотасы, 2020 жылы аудан әкімінің Алғыс хаты, 2024 жылы «Аманат» партиясының атқарушы хатшысының Алғыс хатын алған.
Бүгінде Динара Мирамбекқызы – өз ісінің білікті маманы, медицина саласының тәжірибелі қызметкері болса, шаңырақта аяулы ана, сүйікті жар. Жолдасы Даниярмен бірге 1 ұл, 2 қыз өсіріп тәрбиелеуде. Оның еңбек жолы жас мамандарға үлгі болып, адал еңбек пен кәсібіне деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі ретінде бағаланады. Кәсіби білімі мен өмірлік тәжірибесін ұштастыра отырып, ол халық денсаулығын сақтау жолындағы абыройлы қызметін табысты жалғастыра бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
22 маусым 2026 ж. 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (10514)

20 маусым 2026 ж.

№45 (10513)

16 маусым 2026 ж.

№44 (10512)

13 маусым 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 339
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 861

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930