» » БІЛІКТІ ДӘРІГЕР – ЖАНҒА ДАУА

БІЛІКТІ ДӘРІГЕР – ЖАНҒА ДАУА

Жыл сайын маусымның үшінші жексенбісі елімізде медицина қызметкерлерінің мерекесі болып есептеледі. Бұл – әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мерекесі. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен. Мереке қарсаңында аудандық аурухананың дәрігер-терапевті Сәуле Қазтайқызымен тілдескен едік. Ол жауапты қызметті отыз жылдан бері атқарып келеді.
Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні рас. Олардың еңбегін қажетсінбейтін жан бұл өмірде кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен Сәуле апайды адам жанының инженері десек артық айтқанымыз емес. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген жан адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Қазіргі таңда ол жоғары дәрежелі дәрігер. Ауданға қарасты Т.Көмекбаев ауылының тумасы Сәуле Қазтайқызының өмір жолына келсек, оның дәрігерлік жолды таңдауы да кездейсоқтық емес екеніне көз жеткізесіз.
Ойын баласы кезінен ақ халатты абзал жан болуды армандаған ол мектепті тәмамдаған соң Ақтөбе медицина институтында жоғары білім алады. Қолына дипломын алған жас маман еңбек жолын облыстық орталық аурухананың терапия бөлімінде 1 жыл интернатурадан өткен. 1991 жылы аудандық аурухананың жедел-жәрдем бөліміне жұмысқа қабылданған. Содан бері қызметтің түрлі сатысын абыроймен атқарған білікті дәрігер еңбек майданына алғаш қадам басқан кездегі аға буынға әлі де ризалығын айтады.
– Мен қарапайым отбасында дүниеге келдім. Бала күнімде дәрігерлерге қатты қызығатынмын. Үстіне киген ақ халаттарынан олардың жүректері таза, пейілдері кең, көңілдері кіршіксіз екенін байқауға болатын еді. Міне, сондықтан да балалық шағымнан медицинаға құмар болып өстім. Әлбетте, жаны қиналып тұрған адамға қуаныш сыйлау үлкен бақыт деп санаймын. Сол себепті ақ халат киіп жүргенімді мақтан тұтамын, – дейді ол.
Күнделікті жұмыс барысын баяндаған кейіпкеріміз әр науқасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілімен қамқорлық таныту өте маңызды екенін айтады. Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді. Себебі, денсаулық адам өміріндегі ең қымбат байлығы болғандықтан, оның кері кетуіне түрткі болған дәрігер қателігін ешкім де кешіре қоймас. «Бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созуға дайын болу керексің» деген дәрігер әсіресе кішкентай науқас балалардың көңілін табу қиынға соғатынын жасырмады.
– Ең бірінші кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табу керек. Сосын жанын қинаған ауруды дөп басу – ең қиын шаруа. Әсіресе дертіне шипа іздеп келген адам – бала болса, тіптен қиын. Өйткені ол өзінің дәл қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмайды. Сол себепті дәрігермен қоса психолог болуға да тура келеді. Әрине, өз ісінің маманы осы айтқан дүниелерді оңай іске асырады деп ойлаймын, – дейді білікті маман.
Жауапкершілік жүгі жоғары болғанына қарамастан адал еңбек етіп келе жатқан өз ісінің шебері марапаттан да кем емес. Өзінің тынымсыз еңбегі арқылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Құрмет грамотасын да иеленген. Жұбайы Сәрсенбай Көбеев те ауданға белгілі білікті тіс маманы. Көптің денсаулығына құрметпен қарайтын отбасында үлгілі перзент өсіріп, олар да бүгінде ел игілігі жолында қызмет етуде.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ


14 маусым 2025 ж. 54 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (10411)

14 маусым 2025 ж.

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 916
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30