САУЛЫҚ САҚШЫЛАРЫ
Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде Медицина қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл – адам денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлерге, медбикелерге, фельдшерлерге, зертхана мамандарына және денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлеріне көрсетілетін құрметтің белгісі. Медицина мамандарының еңбегі қоғамдағы ең жауапты әрі ең қадірлі мамандықтардың бірі екені анық.
Адам өмірі мен денсаулығы – кез келген мемлекеттің ең басты құндылығы. Осы құндылықты сақтап қалу жолында медицина қызметкерлері күн сайын тынымсыз еңбек етеді. Олар тәуліктің кез келген уақытында науқастарға көмек көрсетіп, өмір мен өлім арасындағы күресте талай жанның өмірін сақтап қалады.
Дәрігер мамандығы қадым замандардан бері ерекше құрметке ие. Тарихқа көз жүгіртсек, әлемдік медицинаның дамуына ежелгі грек ғалымы Гиппократтың, шығыс ғұламасы Әбу Әли ибн Синаның, қазақ даласындағы халық емшілерінің қосқан үлесі зор болды. Ал бүгінде медицина ғылымы қарқынды дамып, жаңа технологиялар мен заманауи емдеу әдістері енгізілуде.
Медицина қызметкері болу үшін терең білім ғана жеткіліксіз. Бұл мамандық иелері адамгершілік, мейірімділік, сабырлылық, жауапкершілік және жанашырлық сияқты қасиеттерге ие болуы тиіс. Дәрігер әр науқасқа үміт сыйлап, оның сауығып кетуіне сенім ұялата білуі керек.
Халық арасында «Дәрігердің жылы сөзі – дәрінің жартысы» деген нақыл бекер айтылмаған. Шынайы жанашырлық пен қамқорлық науқастың сауығуына оң әсер етеді. Бұл туралы Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Дәрігердің үшінші қаруы» атты әңгімесінде мынадай жолдар жазылған:
«...Сонда орта ғасырдың ұлы ғалымы ИбнСинаның бір сөзі есіме түсті: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз» деп еді ол. Пышағы – хирургтің қандауыры, дәрідәрмек атаулының бәрі шөптен шығады. Ал шын жүректен шыққан жылы сөз, ауру адамға деген сүйіспеншілік сөзі – өте құдіретті сөз...»
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Елімізде жаңа ауруханалар мен емханалар салынып, медициналық құрал-жабдықтар жаңартылды. Кардиохирургия, трансплантология, нейрохирургия сияқты күрделі салалар қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, цифрлық технологиялардың енгізілуі медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Қазақстандық дәрігерлер жүрекке күрделі оталар жасап, ағза трансплантациясын жүзеге асырып, халықаралық деңгейде мойындалған жетістіктерге жетуде. Бұл – отандық медицинаның кәсіби деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді.
Әлемді дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлін айқын көрсетті. Ақ халатты абзал жандар өз өмірлерін қатерге тігіп, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға атсалысты. Олар күн-түн демей ауруханаларда жұмыс істеп, науқастарға медициналық және моральдық қолдау көрсетті. Пандемия медицина қызметкерлерінің тек кәсіби маман ғана емес, сондай-ақ үлкен жүректі, қайсар азамат екенін дәлелдеді. Осы қиын кезеңде олардың еңбегі халықтың ерекше алғысына бөленді.
Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлермен қатар орта буын медицина қызметкерлерінің де еңбегі ерекше. Медбикелер, акушерлер, фельдшерлер мен зертхана мамандары науқастарға күнделікті күтім көрсетіп, емдеу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналған. Көп жағдайда науқаспен ең жиі қарым-қатынас жасайтын да осы мамандар. Олардың кәсібилігі, мейірімділігі мен жауапкершілігі емнің нәтижелі болуына тікелей әсер етеді.
Әсіресе ауылдық жерлерде еңбек ететін медицина қызметкерлерінің рөлі зор. Олар шалғай елді мекен тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, халық денсаулығын сақтауға үлкен үлес қосуда.
Медицина қызметкерлері тек ауруды емдеумен ғана айналыспайды. Олар халық арасында салауатты өмір салтын насихаттап, аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Денсаулық мәдениетін қалыптастыруда дәрігерлердің рөлі ерекше.
Бүгінде дұрыс тамақтану, дене белсенділігі, зиянды әдеттерден бас тарту сияқты мәселелердің маңызы артып келеді. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарында медицина мамандарының еңбегі зор.
Қазақ халқы ерте заманнан-ақ денсаулық мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Халық емшілері мен тәуіптер түрлі шөптердің емдік қасиеттерін пайдаланып, көптеген аурулардың алдын алған. Ұлттық медицина тәжірибесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтың денсаулығын сақтауға қызмет етті.
Бүгінде бұл тәжірибе ғылыми медицинамен ұштасып, заманауи технологиялармен толықтырылуда. Медициналық диагностика, роботтандырылған хирургия, телемедицина және жасанды интеллект жүйелері дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, емдеу сапасын жаңа деңгейге көтеруде.
Қазақ халқы дәрігерлерді әрдайым ерекше құрметтеген. «Жақсы дәрігер – жанның арашашысы» деген халық даналығы медицина мамандарының қоғамдағы орнын айқын көрсетеді. Әрбір сауығып кеткен науқастың қуанышы мен алғысы – дәрігер еңбегінің ең үлкен марапаты.
Медицина қызметкерлерінің жұмысы кейде көзге көріне бермейді. Алайда олардың күнделікті еңбегі мыңдаған адамның өміріне үміт сыйлап, көптеген отбасылардың амандығын сақтауға көмектеседі. Сондықтан дәрігер мамандығы әрқашан құрмет пен ризашылыққа лайық.
Қазіргі таңда медицина саласына қызығушылық танытып жүрген жастардың қатары артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Себебі елдің болашағы дені сау ұрпақпен тығыз байланысты. Медицина мамандығын таңдаған жастар үлкен жауапкершілікті мойнына алады. Олар үздіксіз білім алып, ғылым мен тәжірибені қатар меңгеруі қажет.
Бүгінгі студент – ертеңгі білікті дәрігер. Сондықтан медициналық білімнің сапасын арттыру, жас мамандарды қолдау және олардың кәсіби дамуына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі.
Медицина қызметкерлері күні – адам өмірін сақтап, денсаулық күзетінде жүрген жандарға құрмет көрсететін ерекше мереке. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі әрдайым жоғары бағалауға лайық. Адам жанына араша болып жүрген дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлерінің еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. Олар – денсаулық сақшылары, өмір шырағын сөндірмей, үміт отын жағатын ерекше жандар.
Осынау кәсіби мереке қарсаңында барлық медицина қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасылық бақыт, еңбектеріне толағай табыс және халықтың шексіз алғысын тілейміз. Ақ халаттарыңыз абырой мен мәртебенің символы болып, ел игілігі жолындағы қызметтеріңіз әрдайым жемісті болсын!
Лаура БАҚТЫБАЕВА

















