МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ МАРАПАТ МІНБЕРІНДЕ
Алланың адамға берген ең ұлы нығметі – денсаулық. Бұл біздің басты байлығымыз. Ал оның саулығын сақтау – ең жауапты әрі құрметті міндеттің бірі. Осыған орай кеше аудандық Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде медицина қызметкерлеріне арналған «Адам жанының шипагерлері» атты салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов, аудандық мәслихат төрағасы, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен қызметкерлері және жергілікті қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты жиын аудандық дәрігерлер қауымының атқарған қажырлы еңбектері мен қызметтері баяндалған бейнекөрініспен басталды.
Мұнан соң сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, денсаулық сақтау саласының ел дамуындағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған реформаларын жүзеге асыруда жергілікті мамандардың атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді.
– Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, жанкешті еңбектеріңіз – аудан халқына сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды тірек. Ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы орны әрдайым биік. Халық алғысына бөленіп, ел үмітін ақтап, абырой биігінен көріне беріңіздер! – деді аудан әкімінің орынбасары өз құттықтауында.
Мерейлі мерекеге орай бірқатар сала маманы марапат төрінен көрінді. Олардың қатарында ұзақ жыл еңбек етіп, ауданымыздың медицина саласының дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкерлерге облыс, аудан әкімінің Алғыс хат пен Құрмет грамотасы табысталды.
Салтанатты шараға арнайы келіп қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов та ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, осы салада табанды еңбек етіп келе жатқан бір топ мамандарға облыстық денсаулық сақтау басқармасының марапаты ұсынылды.
Мерекелік кеште аудан өнерпаздарының және медицина саласы мамандарының әуезді әндері шырқалып, адам өмірі мен денсаулығын сақтау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген сала мамандарына арналған бұл шара жылы атмосферада, жоғары ұйымдастырушылық деңгейде қорытындыланды.
«ҚТ» ақпарат