ЖАСЫЛ БАҚ – ЖАНҒА САЯ
Жуырда №1 «Аққайың» санаториялық бөбекжай-бақшасында «Жасыл бақ – жанға сая» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері, тәрбиешілері мен педагогтері қатысып, экологиялық тәрбие беру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Семинардың басты мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға баулу және жасыл желекке деген сүйіспеншілігін арттыру. Сонымен қатар, педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасап, экологиялық білім берудің тиімді әдіс-тәсілдерін насихаттау көзделді.
Іс-шара барысында бөбекжай-бақша педагогтері ұйымдастырылған оқу қызметтері мен ашық сабақтарын көрсетіп, балалардың табиғатқа деген қамқорлық сезімін қалыптастыру жолдарын таныстырды. Ойын алаңдарында өткізілген түрлі ойын іс-әрекеттері, танымдық тапсырмалар мен шығармашылық жұмыстар арқылы тәрбиеленушілер қоршаған ортаны қорғау, өсімдіктерді күтіп-баптау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану туралы білімдерін ортаға салды.

Семинар аясында балалардың қолөнер бұйымдары мен суреттерінен көрме ұйымдастырылып, жас бүлдіршіндердің шығармашылық қабілеттері мен табиғатқа деген сүйіспеншілігі көрініс тапты. Қатысушылар тәрбиеленушілердің белсенділігіне, қызығушылығына және табиғатты қорғау тақырыбын терең түсінуіне жоғары баға берді.
– Семинарға тәжірибе алмасу мақсатында қатысқан едім. Керемет әсерде қайттым. Бірден назарымызды аудара білді. Әрі қарай мың бұралған кішкентай биші қыздардың өнері мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жалпы балабақшаның бүлдіршіндерінің еркіндігі, жан-жақтылығы таңдандырмай қоймайды. Бала жан-жақты, еркін болса демек, олармен жүйелі жұмыс жүргізіледі деген сөз. Сыртқы ортаны қабылдауы да өте жоғары. Жалпы балабақшада үштік одақ жақсы қалыптасқан, ата-аналары да белсенділік танытты. Тәрбиешілерінің де қолдан жасаған шығармашылық жұмыстарының ішінде, өзіме де керек жұмыстарды түртіп алдым. Семинар өзіме жақсы әсер қалдырып, керемет тәжірибе алмастым деп айта аламын, – дейді «Сәтті бала» балабақшасының тәрбиешісі Әлия Ахметова.
Сонымен қатар, балалардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруда ата-аналармен бірлескен жұмыстың рөлі ерекше екені айтылды.
Семинар соңында қатысушылар бөбекжай-бақшасы ұжымының ұйымдастырушылық жұмысына ризашылықтарын білдіріп, бүлдіршіндердің шығармашылығы мен тәрбиешілердің кәсіби шеберлігіне тәнті болды. Мұндай тағылымды ісшаралар жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастырып, табиғатты қорғау мәдениетін дамытуға зор үлес қосатыны атап өтілді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

















